ПЕЛЕНІҢ ОЙЫНЫН КӨРГЕН КУӘГЕР НЕМЕСЕ 60 ЖЫЛ САҚТАЛҒАН БИЛЕТ
Бразилиялық әйгілі футболшы Пелені танымайтын жан жоқ шығар... Шын есімі Эдсон Арантис ду Насименту өз заманында үш дүркін Әлем чемпионы, Бразилия, Либертадорес және құрлықаралық кубоктарының иегері, «ХХ ғасырдың үздік футболшысы» атанған. Оның ойынын сол кезде көгілдір экраннан тамашалаған жанкүйерлері әлі күнге мықтылығын айтып, аузынан тастамайды. 1970 жылы Чех журналисі футболшы туралы жазған мақаласында «Кеудесінде жаны бар бірде-бір тірі адам Пеленің ойынын көру мүмкіндігін жіберіп алмауы керек» деген екен. Міне, сол күллі әлемнің көз қуанышына айналған футболшының ойынын стадионнан көрген қармақшылық куәгер бар. Ол – сексен жастағы Аманжол Пірімжаров ақсақал.
Бұл туралы ағамыз редакциямызға осы жылдың бірінші жартыжылдық газетіне жазылуға келгенде «Балам, менде Пеленің ойынын көруге сатып алған билет бар, әлі күнге сақтаулы тұр. Газетке мақала қыламын десең үйге кел» деп әңгіменің шетін шығарды. Уақытты созбай сол күні-ақ Аманжол ағамызбен қайта үйінде кездестік. Бөлмесінен қара сөмкесін әкеліп, ішінен ескі газеттерді шығарды да әңгімесін бастады.
Оқиға қызық-ақ. 1965 жылы ағамыз Мәскеудің іргесіндегі Красногорск қаласында әскери борышын өтеп жүрсе керек. Сол жылдың көктемінде, 4 шілде күні Мәскеудегі Лужники стадионында Бразилия ұлттық құрамасы мен КСРО құрамасы жолдастық кездесу өткізеді деген ақпарат желдей тарапты. Бұл жаңалықты естіген Аманжол ағамыз сол ойынды көруге әрекет жасапты.
– Бразилиялықтар 1966 жылы үшінші рет Әлем чемпионы атанамыз деген мақсатпен Еуропаның ең беделді құрамаларымен жолдастық кездесу өткізді. Бірінші Португалиямен, одан кейін ФРГ, Швеция футболшыларымен ойнап, 4-шілде күні КСРО құрамасына қарсы тұрды. Басында ойынға барсам деген ынтам бола қоймады. Себебі командиріміз билеттің екі ай бұрын сатылып қойғанын айтып, бізге тек теледидардан көруге кеңес берді. 2-шілде күні азанда ұшақтан түскен бразилиялық футболшыларды қарсы алған журналистер Пелеге: «Неше гол соғасыз?» деп сұрап еді, ол: «Біз қанша қаласақ сонша соғамыз» деп жауап берді. «Ойпырмай не деген сөз мынау, түйеден түскендей ғой» деп ойынын көруге қызықтым, – дейді Аманжол ақсақал.
Ағамыздың қара қойын дәптерінің арасына түптеп қиылған ескі газеттердегі Пеленің сол кездегі ұшақтан түсіп келе жатқан суретін көріп, шын жанкүйері болғанын ұқтық. Одан бөлек сол уақытта қомақты ақшаға сатып алған көк билеті әлі күнге бүлінбеген, сақтаулы тұр.
Содан тартысты өтетін ойынды көргісі келген сарбаз командирінен бір күнге сұранады ғой. Себебін естіп, қайда баратынын білген соң «Әуреленбе, біріншіден билет табылмайды. Екіншіден, стадионды айнала Мәскеудің ішкі әскері күзететіндіктен сені онда кіргізбейді» деп рұқсат бермепті. Сонда да қалағанынан бас тартпаған ол стадионға емес, қаланың орталығына серуендеп қайтамын деп сұранып шығып, Мәскеуге бірден стадионға тартып отырады. Сол жерден біреуден құны 1 сом тұратын билетті 30 сомға алып, стадионның алдындағы ығы-жығы халықпен бірге ілесіп әскери шептен өтіп кетеді.
– Ойынның басталуына әлі 5 сағат уақыт бар. Оған дейін стадионға жақын жерде әскерилерден бой тасалап отырдым. Сағат тілі 4-ке жеткенде орнымнан қозғалып, стадионға кіретін есікке жақындай бергенімде қайдан келе қалғаны белгісіз, подполковник шеніндегі адам ұстап алып, әскери тәртіпті бұзып жүргенімді ескертті де құжатымды сұрады. Әскери билетімді бердім де футбол билетін төс қалтама салып қойдым. Оны да сұрағанда қарсылығымды білдіріп тұр едім, анадай жерде Минскіден арнайы келіп билет таба алмай тұрған бір кісі жақындап, «Билет сатар болсаңыз 200 сомға аламын» деді. Офицер билетті бер десе, ол сат деп тұрып алды. Сөйтіп тұрғанда стадионның бақылаушысы «тез өтіп кет» деп ымдады. Мен жүгіріп кіріп кеттім. Ал подполковник «кейін қайт» деп бұйрық берді де қалып қойды. 15 минуттан соң ойын басталды, – дейді Аманжол ағамыз күлімдей.
Содан көңіл-күйі болмай отырған сарбазға алдыңғы қатарда отырған елу жас шамасындағы бір кісі «Балам, футболға келіп отырсың ғой, қуанбайсың ба? Не болды?» деп сұрапты. Ол құжатынан айырылғанын түсіндіргенде әлгі кісі «қане, екі қолыңды әкел» деп алақанындағы сызықтарға қарап, «уайымдама құжаттарың табылады» деп көңілін бірлендіріпті. Бразилиялықтар алаңға шығып жаттығу жиынын бастағанда, хабарлаушы Пеленің қатыспайтынын айтыпты. Сонда қалың көрермен уәждерін айтып, айқайға басса керек. Жоқ. Бірінші минуттан-ақ Пеле ойынға шығыпты.
– Футболдың шын жанкүйері болған адам ешқашан өзі жақсы көрген команданың ойыншыларын ұмытпайды. Мен бүгінгінің футболшыларынан Мессиді жақсы танимын. Ал Бразилияның бұрынғы құрамасын әлі ұмытқаным жоқ. Мәселен, сол ойында 25 жастағы Пеледен гөрі 32-ге келген Гарринча тегеурінді екенін байқадым. Ол КСРО қақпашысы Кавазашвилимен бетпе-бет келді де, гол соққан жоқ. Сөйтсек Гарринча допты қақпашының ауынан өткізуді көздепті. Ал қақпашы адымын ашпаған соң допты қарсы теппеген. Бұл жерде оның ерлігі бос қалған қақпаға гол соқпайды екен. Пенальти теппейді және екі-үш ойыншыдан өтіп, мықтылығын дәлелдеген соң ғана гол соғады екен. Ойын бітті, жұрт қайтты. Ендігі мәселе бағанағы әскери билетімді алып қойған подполковникті тауып алу. Оны әрең іздеп жүріп қызметтік орнын таптым. Сөйтіп құжатымды алып, әскери бөлімге түн ортасында жеттім. Бөлімдегі кезекшіге стадионға баратынымды ескертіп кеткендіктен пәлендей мәселе туындаған жоқ, – деді ағамыз әңгімесін аяқтап.
Осылайша атақшы футболшының ойынын қанша қиындықтан өтіп көрген Аманжол ақсақалдың бұл ісі бір мақалаға арқау болды. Сол уақытта талай қазақ жігіті Мәскеуде жүріп оқыса да бұл ойынды тамашалауға мүмкіндігі болмаған. Ал сары майдай сақталған көк билетті бүгінде қызықтап сұраушылар көп. Алайда ағамыз оны ешкімге бере алмайтынын және ол өзі үшін өткеннің құнды жәдігері болып қалатынын айтады.
Ерсін ӘБЛӘКИЕВ