» » ӨМІР МӘНІ – ӨНЕГЕ

ӨМІР МӘНІ – ӨНЕГЕ

Әбдірахман ата Бекмат атамның туған ағасы. Кескіні мен келбетінен екеуінен ұқсас жерлерін ажыратып алу қиын емес. Көбі бұл қалай деп түсінбеуі мүмкін. Иә, ол кездегі тағдыр басқа болды. Екеуінің әкелері Маханбет болғанымен, аналары бөлек. Әбдірахман атамды Ұрлықа ана Садыққызы өмірге әкелсе, Бекмат атамды Тұрсын ана Әбуқызы дүниеге келтірген.
Бабамыз туралы бар деректерді жинақтап жүргенімде асылдан қалған жұрнақтың бірі – Әбдірахман атамнан мол ақпаратты қағаз бетіне түсіріп алдым. Соның бір бөлігін сіздерге ұсынып отырмын.
«Ассалаумағалейкум» деп табалдырық аттап, атамның қолын алғанымда ауыз ашып айтқан алғашқы сөзі былай болды: «Ауызбіршіліктерің жақсы болсын, бір жерде болыңдар, ауқымды болыңдар, хабарласып тұрыңдар, бір-біріңді іздеп тұрыңдар» болса, әрі қарай былайша сөзін жалғап кетті.
Маханбет әкем 1887 жылы дүниеге келіп, 1959 жылы дүниеден озды. Әкем дүниеден озар шағында «Мүрдемді Қармақшы атаның жанына жерлеңдер» деп айтты. «Ол жерде орын жоқ қой» деп біз шықтық мына жақта. Кейбірі әкеміз сандырақтап жатқан шығар деп ойлады. Әбіләкіммен бірге бәріміз барып сол жерді қарағанбыз. Орын таба алмадық. «Тағы да қараңдар. Жұмбаз қонақ үй бар. Жанында ақ шеңгел бар. Менің орным сол» деді. Барып қарадық. Жұмбаздан салынған қонақ үй, бұрын әулиенің басына келгендер сонда түнеген. Соның орны бос екен, тап-таза. Әкемізді сонда жерледік.
Әбіләкім біздің көршіміз болды. Менің шешем Сарықасқаның қызы. Ол да сол рудан. Екеуі бөле. Әбіләкім, Астай мен апасы Жалағашта біздің қолымызда болды. 1949 жылы түрменің жанында тұрдық. Кейін көшкен соң Әбіләкімнің балалары кіріп, солар отырды. Сол кезде ұйым болып бәріміз бірге жүрдік. Сол уақытта қайдан тауып алғанымызды білмеймін. Мен 1940 жылы Сталин мектебінде латынша оқыдым. 1941 жылы соғыс басталды. Содан соң мына орыстың жазуына кетіп қалдық. Көшіп жүрдік. Тұрақ болмаған соң көшу үрдіс болады екен.
Әкем – мүмкіндігі шектеулі азамат еді. Кішкентай кезінде үлкен тайқазанға сүт пісіп жатқанда соған түсіп кеткен. Содан осындай болып қалды. Оң жағын толық күйік шалған. Сол кездегі дәрігерлердің ерлігін айтамын. Етті бір-біріне қалай жалғаған екен. Бала кезінен бір өлімнен аман қалды. Мүгедек болған соң жұмысқа да алмайды. Колхозда күзетші секілді жұмыстарды істеп жүрді. Оған азын-аулақ ақы төлейтін. Әкем өте еңбекқор жан болатын. Отырып алып жұмыс жасай береді. Мен жанында қолғабыс қылып жүремін. Бірге жүгері егеміз. Сөйте жүре әкеміз молдалық міндетін аяқасты қылған емес. Бұқарада 10 жыл оқып келіп, өлкемізде діни білім таратты.
Оразмағанбет бабамыз Аламесектегі базардың иесі болған. Аламесек ол кезде сауданың орталығы. Кішкентай кезімде әкем апарып бабамыздың екі метрге жететін алып көктасын ашып көрсетті. Кейін кім бар, кім жоқ, аяқ басатын жолы ұмытылды. Олар орнында әлі күнге дейін тұр. Қаріпі түсініксіз, арабша немесе төте жазу болуы керек. Қадырқұлдың үлкені – Күнханым. Оның жары Бисембай есімді жездеміз болған. Ол Тұрсынның әкесінің ағасы. Қазір жаңадан салған көпірдің жанында зауыт, саябақ болған. Үйінің жанындағы зауыттан қаруларға оқ шығарып, майданға қарай алып кетіп отыратын. 1942 жылы сонда тұрды. Апамыздың екі көзі көрмеді. 90 жасқа келіп қайтыс болды. Бисембай Қарсақбайдан мыс тасиды. Біздің әкеміз түйемен барып мысты вагондарға тиейтін. Ағылшындар сол жерден сатып алып кетіп отырған. Бисембай қойманың басшысы, сол тұста бай болды. 3 дүкені бар-етін. Кейін барлығы жабылды. Әкемдер осылай айтып отырған.
Мен 1933 жылы Ақтөбеде Табантал-Борлының бойында тудым. Ол кезде Қазақстан өлкелік комитетінің хатшысы Левон Мирзоян еді. Артынша елде ашаршылық басталды. Халықтың жейтін тамағы жоқ. Барлығы жан-жаққа көше бастады. Сөйтіп біз де Сырдың бойын жағалап көшіп жүріппіз. Менің балалық шағым осы Иіркөл тұсында өтті. Қармақшыға келгенде адам жоқ. Барлығы аштықтан қырылып жатқан. Көшенің екі бойында малша шашылып жатқан мүрделер. Тірі қалғандары өлгендерді молаға апарып көмуде. Сонда да үлгере алмай жатыр екен. Қырылып жатқан адамдардың саны тым көп. Мен үйде кішкентаймын. Иіркөлде нағашым Садық ахунның үлкен мешіті болған. Біздің отбасымыз сонда кеткен. Отбасымыз сол жерді пана қылып аштан аман қалыпты. Қыста күзден қалған жиде, мәуе теріп алып суға қосып ас қылады екенбіз. Әрі тойымды, қарнымызды аштырмайды. Шешемнің айтуы бойынша мен Құдайдан сұрап алған перзент екенмін. Отбасымызда бір тұста кілең қыз туылып, оның барлығы қайтыс бола берген. Әкем бір қойды алып Қорқыт бабаның басына барып құрбандық шалып, Құран оқытқан, түнеген.
«Қорқыт бабамыз түсіне кіріп аян берген. Үлкен кісі екен. Бір қолыңда аса таяғы бар, екіншісінде жіпке тізген 3 кетпені бар. Біреуінің саптайтын ұңғысы бар да екеуінікі жоқ. Саптайтын ұңғысы бары жарқырап тұр. Соны қолыма ұстатты» деді шешем.
Анам Қармақшыға әкемді ертіп әкеліп, көрген түсті жорытқан. Ол кезде екінің бірі түсті айтпайды. Тек қасиетті адамдардың алдына ғана барады. Түс жорушы «арты жақсы болады, осы баланың рахатын көресің» деген екен.
Бертін келе осы аймаққа қарай көштік. 1948 жылы Аққұмдағы техникумға оқуға түстім. Ауылдан сонда қатынап оқыдым. Менімен Әбдіразақ, Мақсұт барлығы бірге оқыды. Соғыстан кейінгі жылдар. Орысшаны да дұрыс білмейміз. 1953 жылы Сталиннің кезінде оқу бітірдік. 1954 жылы осындағы Ауыл шаруашылығы механизаторы мамандығы бойынша техникумда оқуымды жалғастырдым. 2,5 жыл білім алдым. Соғыстан соң тамақ та дұрыс болған жоқ. Нанды талонмен аламыз. Бір күні оқудың жанынан дәмхана ашылды. Сол жерден тамақтанып жүрдік. Оқу кезінде 6 бала болып әуелі Шәдібек ағамыздың үйінде жаттық, кейін Мырзағұл ағамыздың, бітіруші жылы Ақтөбеден Ойылдан келген ақ кетелердің балаларымен бірге 7 бала болып Конституция көшесіндегі жалдамалы пәтерде жаттық. Практикамыздан өттік. Дипломымызды қорғадық. Солай оқуымызды бітірдік.
1958 жылы әкем айтты: «Ертең өлсем Кете өлді емес, Алаша өлді деп жүрер. Елімізге қайтайық» деді. Сол жылдары әкем балдыздары Алашалардың үйінде тұратын. Қармақшыға келдік. Қой көп болғанымен қойшы аз. Бізді нағашы, жезделерім қой бағуға үгіттеді. Әкем мен шешеме қарайтын мен едім. Отын жарамын, су тасимын. Отырыстардан да тыс қаламын. Соларға қараймын.
Бір күні пойызға мініп жұмыс жасаймын деп Әбзәли ағама келдім. Келсем үйінде жоқ екен. Мұғалім ғой, Қармақшыға кетіп қалыпты. Сөйтіп жүріп нағашымның айтуымен Қызылтамның жанындағы Абылаға бардым. Қаппар деген бас инженерге жазып берген қағазды апарып бердім. Ол менің келгеніме қуанып қоймада тұрған тракторды айдайсын деп тапсырды. 80 сом жалақым бар екенін де айтты. Сонда соғыстан келген нағашым болды. Соның үйінде болдым. Күнделікті тракторды түнгі 00.00-ге дейін жүргіземін. Кешке отырыс жасайтындар маған жалынып, 1 сағат артық айдататын. Ол кезде жарықты аз береді. Мен тракторды айдап болсам жарық өшетін. Отырыстағылар менің жағдайымды жасамақ болып ыстық тамақтарын, тәттілерін әкеліп беретін. Осылай күнделікті күйбең тіршілігіміз жалғаса берді.
Бірде Иіркөлде бақша ектім. Оған дұрыс күтім жасайтын адам жоқ. Әкем анда, шешем мында. Тығырыққа тірелген соң совхоздың директорына барып әкем-шешемді көшіріп алуға көлік сұрадым. 1-2-мамыр күндері демалыс екен. Сол күндерге астыма екі машина берді. Теміржолды жағалап Жалағашқа қарай тарттым. Күн батпай елімізге жеттім. Барсам нағашыларым аң-таң. Ертеңіне әкем бір қойды сойып, балдыздарын, қайынағаларын, бәрін шақырып айырылысу көже жасады. Мен апарған көліктерге заттарымыз бен малымызды толық тиеп, 1 күн дегенде кері оралдық. Біздің ауылға жақын жердегі шекарада Әли деген басқарушы болды. Сол баяғы әскерилерден қалған ЗИЛ машинаны маған берді. Барлық жерін жөндеп өзіміздің қызметімізге пайдаландық. Бақшаның басына киіз үй орнатып, үйдегілерді сонда орналастырдым. Сонда қар түскенше отырдық. Қыс мезгілі жақындағанда совхоздың директорынан уақытша үй сұрап бардым. Ол шошып қолынан келмейтінін айтты. Ағайындардың үйлеріне көшіп жүріп бұл мезгілден де аман-есен шықтық. Келесі жылы Сарыөзектен там салуды бастадым. Электр орталығына монтер болып жұмысқа орналастым. Біршама уақыт оны да жасадым. Ауыл арасындағы тоқты іске қостық. Мишка деген орыс шал болды. Мені бағаналардың басына тоқ ұрып кетеді деп шығармайтын. Істің ебін білетін орыстарды ғана төбеге шығаратын. Мен жандарында қолғабыс қылып, заттарды көтеріп жүремін. Уақытымыз осылай өтіп жатты.
Сөйтіп жүріп басқа жұмысқа ауыстым. Механик болдым әрі бригада басқардым. Сол жылы 1959-да әкем қайтыс болды. Бағып отырған малымыз біршама болатын. Ағайындар жиналып әкемнің қонақасына бір жылқыны сойып тастады, арада жыл өткенде тағы да бір жылқыны соғымға салып жылдық асын жасадық.
Балам, мен өмірде талайды көрдім. Жасағанымның барлығы бейнет. Бейнет жасамай рахат болмайды. Барлықтарың еңбекке ұмтылыңдар. Сонда ғана өмірде өз орындарыңды табасыңдар. Адалынан қызмет қылыңдар, айналайындар...
Хатқа түсірген Нұрасыл БЕКМАТОВ
11 қаңтар 2025 ж. 113 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№2 (10370)

10 қаңтар 2025 ж.

№1(10369)

07 қаңтар 2025 ж.

№103 (10368)

31 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 262
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031