ЖАҢА НЫСАН ЕЛ ИГІЛІГІНЕ БЕРІЛДІ
Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде көптеген жоба іске асып, халықтың жағдайын жақсартуда. Соның ішінде денсаулық саласына қолдау жоғары. Оған дәлел – жақында ауданға қарасты Қармақшы ауылында жаңа дәрігерлік нысан ел игілігіне берілді.
Аймақ басшысының тапсырмасымен облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов Қармақшы ауылындағы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасымен салынған фельдшерлік-акушерлік пункттің ашылу рәсіміне қатысты. Салтанатты жиынға зиялы қауым өкілдері, жауапты сала басшылары мен ауыл тұрғындары келді. Данияр Еренғалиұлы жиналған жұртшылықты алдағы Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
– Жылды қорытындылап, атқарылған істі сараптайтын, алдағы жылға жаңа жоспар жасап, жаңа міндеттер белгілейтін кезеңде баршаңызға табыс тілеймін. Мереке қарсаңында Қармақшы ауылындағы жаңа фельдшерлік-акушерлік пунктті ел игілігіне табыстаудамыз. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алып, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту керек» деп атап өтті.
Биыл облыстың денсаулық сақтау саласының бюджеті 146 млрд 200 млн теңгеге жетті. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңіріміздің барлық ауданында құны 10 млрд 200 млн теңге болатын 27 медициналық нысан салыну жоспарланған. Өткен жылы 16 жаңа дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілсе, биыл 11 нысанның құрылысы аяқталуда. Ауылдарыңызда ел игілігіне табысталатын жаңа ғимарат азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға жол ашсын! Шипа іздеп келген жандарға жоғары деңгейдегі қызмет көрсететін орынға айналсын, – деді Д.Жаналинов.
Жиында еңбек ардагерлері мен құрылысшылар облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Ауыл ардагері М.Таңбаев батасын берсе, одан әрі салтанатты түрде ғимараттың лентасы қиылды. Жаңа фельдшерлік-акушерлік пунктте гинекологиялық, физиотерапия, дәрігерлік және мейірбикелік кабинеттер мен тіркеу, қабылдау, зарарсыздандыру және сапалы медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз ету үшін қажетті басқа да бөлмелер бар.
Мемлекет басшысы ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту жөніндегі бағдарламаның жоғары әлеуметтік маңыздылығын бірнеше рет атап өткен-ді. Ауылдық жерлерде сапалы медициналық ем алуды қамтамасыз ету мақсатында бұл жоба арқылы медициналық көмек алу одан әрі қолжетімді болмақ. Енді Қармақшы ауылының тұрғындары қажетті медициналық көмекті уақытылы және қолайлы жағдайда ала алады.
Ауыл тұрғындары жаңа ФАП-тың ашылғанына дән риза. Олар енді ауданға ат шаптырмай осында көрінеміз дейді қуаныштарын жеткізе.
– Ауылымызда ерекше өзгеріс орын алса қуанамыз. Таң сәріден жаңа дәрігерлік нысан ашылады дегенді естіп, қуаныштың куәсі болуға асықтық. Ғимараттың құрылысы басталғаннан тезірек біткенін күткенім рас. Жарық әрі жылы жерде дәрігерге қаралғанды кім қаламасын. Бізге қатты ұнады. Осындай үлкен жобаны іске асыруға мұрындық болған барша жанға айтар алғысым шексіз, – дейді ауыл тұрғыны Ақмаржан Маханова.
Айта кетейік, Тәуелсіздік күні қарсаңында «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде Қызылорда қаласында 1 медициналық бекет, 1 дәрігерлік амбулатория жұмысын бастады. Жылына 10 мың адамға дейін қызмет көрсетуге мүмкіндігі бар заманауи «Қан орталығы» ашылып, ел игілігіне қызмет етуде. Сондай-ақ облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы 100 пайыз көлікпен қамтамасыз етілді. Соңғы 2 жылда денсаулық сақтау мекемелеріне 225 жаңа санитарлық автокөлік кілттері табысталса, оның 14-і аудандық ауруханаға берілді.
Ерсін СӘДУҰЛЫ