ЕҢБЕК ШЫНЫҚТЫРҒАН ҰЖЫМ
Еліміздегі әрбір мерекенің өзіндік ерекшелігі бар. Бұл алдымен сала қызметкерлерінің жұмысына құрметті көрсетсе, бір жағынан мамандық иелерінің абыройын арттырып қана қоймай, келешекке деген стимулын қалыптастырады. Еңбегінің бір сәт тәтті жемісі мен жетістігі бағаланған қай қызметкердің де мамандығы мен жұмысына деген ынтасы, адалдығы арта түсері сөзсіз.
Сол айтқанымыздай, желтоқсанның үшінші жексенбісі ерекше мамандық иелері – энергетика саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Атаулы күн еліміз бойынша кең көлемде мерекеленіп, энергетиктер құрмет төрінен көрінеді. Бір айтарлығы, жыл соңында төл мерекемен қатар, «Қызылорда электр тарату тораптары» компаниясының құрылғанына да 60 жыл толып отыр екен. Осы компанияға қарасты аудандық электр торабы мекемесінің де халыққа қызмет көрсете бастағанына биыл тұп-тура 55 жыл.
Әрине, тарихқа салатын болсақ, бұл – жарты ғасырдан астам уақыт. «Елу жылда ел жаңа» демекші, аудандық торап та осы бір жылдарда білікті мамандармен бірге, техникалық қажеттіліктер бойынша да даму, өсу, жетілу сатыларынан өтіп келеді.
Жұмысын 1969 жылы бастаған аудандық электр торабы 220/35/10 кв Жосалы қосалқы стансасына қызмет көрсету мақсатында құрылды. Олар алғашында 13 адам, 2 автокөлік техникасымен халыққа қызметін бастаса, электр желілерінің жұмыс көзі мен қызмет сапасының артуына байланысты бүгінгі таңда штат саны мен автотехникалар бірлігі біршама өскен. Мекеменің алға жылжуы мен дамуында аға буынның орны бөлек. Мұнда еңбек ардагерлері Қосжан Ешжанов, Марука Еспенбетов, Мирамбек Исаев, Орынбай Оспанов, Бауыржан Айтжанов республиканың «Құрметті энергетигі» төсбелгісімен марапатталып, ұжымның құрметіне бөленген. Сондай-ақ мекеме қызметкерлері Асқарбек Смағұлов, Мейрамбек Дарменов, Күлпаршын Оразбаева, Айдос Түшкеев, Тұрсынбай Кенбаев, тағы басқаларының есімі еңбек озаттары қатарында аталады.
Кезінде Асылбек Тоқболатов, Қалабай Жүсіпов, Қанат Қалимағанбетов, Жомарт Көшербаев, Тынысбек Сәрсенбаев, Жандос Ниязов, Мырзаш Бекбаев, Нұрлыбек Тастыбаев, Ғалым Ибраев, Руслан Еспенбетов басшылық еткен аудандық электр торабын бүгінде өз ісінің шебері, білікті басшы Нұржан Дариябаев басқарады.
Мереке қарсаңында мекеме басшысымен жолығып, дидарласқан едік. Оның айтуынша, қазіргі кезде ұжымда 63 қызметкер еңбек етуде. 14 инженер, 39 электромонтер аудан тұрғындарына сапалы қызмет көрсетеді. Мекеме теңгерімінде 282,9 км 35 кв, 240,7 км 10 кв, 323,4 0,4 кв электр желілері, 220/35/10 кв – 1 дана, 10 кв – 4 дана тарату орталығы, 35/10 кв – 9, 10/0,4 кв – 93 қосалқы стансалары болса, 9 әртүрлі және арнаулы автокөлікпен қамтамасыз етілген.
– 2018-2020 жылдар аралығында 220/35/10 кв Жосалы қосалқы стансасына республикалық бюджеттен 1647979860 мың теңге қаражат бөлініп, қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Осы жылы 35 кв әуе желісі бойынша 22 шақырымның 0,750 шақырымына 12 дана бетон бағанасы ауыстырылды. 10 кв әуе желісі бойынша 13,7 шақырымның 1,5 шақырымына 30 дана бағана жаңаланды. 0,4 кв әуе желісі бойынша 6,26 шақырымның 1,4 шақырымына 35 дана бағана жаңаланып, сымдары ауыстырылды. 4 дана 10/0,4 кв қосалқы стансаларының электр жабдықтары ауыстырылып, қораптары сырланды.
Одан бөлек, кейбір қосалқы стансаларға күздік маусымдық және тал бұтақтарын кесу жұмыстары қосымша жүргізілді. Т.Көмекбаев ауылында 10 кв, 0,4 кв, 10/0,4 кв қосалқы стансаларымен әуе желілері жаңғыртылып, ауыл халқы жаңа желіге қосылды. Сондай-ақ Ақтөбе, Жаңажол, Иіркөл ауылдық округтерінде 10 кв, 0,4 кв, 10/0,4 кв қосалқы стансаларымен әуе желілері тартылып жатыр. Әлі де алда атқарылатын бірқатар жоспарымыз бар.
Заманымыз алға озған сайын оның талап-тілектері де күшейе түсуде. Соның бірі – электр жарығы десек, қателеспейміз. Тіршіліктің дені осы жарыққа байланған. Оны қамтамасыз ететін әлбетте біздің саланың мамандары. Мамандығымызды мақтаныш ете отырып, ұжымды келіп жеткен кәсіби төл мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Қателесуге болмайтын мамандық иелерінің көтеретін жүгі жеңіл емес. Әрі қарайда тұтынушыларымызға адал қызмет етіп, алғысын алуға еңбек ете беретін боламыз. Ал ұжымға еңбектеріне табыс, отбасыларына бақ-береке, дендеріне саулық, елімізге бейбітшілік пен тыныштық тілеймін, – дейді электр торабының бастығы Нұржан Елесханұлы мерекелік лебізде.
С.АҚКІСІ