«Алтын тұғыр-2024» сыйлығын табыстау рәсімі өтті
Елордада «AMANAT» партиясының қолдауымен Ұлттық спорт қауымдастығы ұйымдастырған «Алтын тұғыр – 2024» ұлттық спорт түрлері бойынша жылдың үздік спортшыларын марапаттау рәсімі өтті. Іс-шараға Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов, Президент кеңесшісі – Президенттің Баспасөз хатшысы Берік Уәли, Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов және тағы басқалар қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz «AMANAT» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шараны ашқан Ерлан Қошанов осы жыл қазақтың ұлттық спорт түрлері үшін айтулы жыл болғанын атап өтті. Бүкіл әлем V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында отандық спортшыларымыздың жеңісіне куә болды. Президент бастамасымен олардың басым көбі мемлекеттік наградаларға ұсынылды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық спорт түрлерін дамытуға ерекше көңіл бөледі. Олар біздің мәдениетіміз бен менталитетіміздің ажырамас бөлігі. Президент тапсырмасы бойынша елімізде ұлттық спорт орталықтары, клубтар, мектептер ашылып жатыр. Онда 600 мыңнан астам адам қазақтың дәстүрлі спорт түрлерімен айналысады. Бүгінгі «Алтын тұғыр» сыйлығы ұлттық қазынамызды сақтауға және оны елімізде, дүние жүзінде ілгерілетуге тікелей ықпал етеді», деді ол.
«AMANAT» партиясы да жүйелі түрде ұлттық спортты дамытуға барынша қолдау көрсетіп келеді, мәселен үш жыл қатарынан бірегей «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесін ұйымдастыруға атсалысты.
Биыл «Алтын тұғыр» ұлттық сыйлығы 11 номинация бойынша үздік спортшыларға берілді: көкпар, бәйге, тоғызқұмалақ, асық ату, құсбегі, дәстүрлі садақ ату, joryq, аударыспақ, жамбы ату, теңге ілу, сондай-ақ ақпараттық қолдау көрсеткені үшін.
«Көкпар» номинациясы бойынша спортшы Абылайхан Нышанбеков, жаттықтырушы Еркебай Омарбек, комментатор Қамбарбек Кашигов және төрешілер Ақылбек Қымызбаев пен Ғани Ахметбаев марапатталды.
«Теңге ілу» номинациясы бойынша спортшы Рахат Комбаров пен жаттықтырушы Нұржан Әбілқасымов жеңімпаз атанды.
«Жамбы ату» номинациясы бойынша спортшы Ақәділ Пернебай мен жаттықтырушы Сәнім Мурадова марапатталды.
«Аударыспақ» номинациясы бойынша жүлделер спортшы Сырым Ізбасаров пен жаттықтырушы Біржан Қосалиевке берілді.
«Joryq» номинациясы бойынша жүлдені «Ұлы дала жорығы-2024» марафонының күміс жүлдегерлері атанған Алматы қаласының командасы жеңіп алды.
«Дәстүрлі садақ ату» номинациясында спортшылар Жәнібек Кулмирзаев пен Айкөркем Батихан, сондай-ақ жаттықтырушы Диас Миллат марапатталды.
«Бәйге» номинациясы бойынша жүлде жаттықтырушы Торебек Курманкалиевке, жокей Амангелді Хамза мен оның жылқысы Желқараға берілді.
«Құсбегі» номинациясы бойынша жүлделерді спортшылар Ерасыл Серікбекұлы, Бексұлтан Сейітжан, Иманғали Абдулкаримұлы және жаттықтырушы Елтай Мүптекеев иеленді.
«Тоғызқұмалақ» номинациясында спортшылар Салтанат Сапарбекова, Асылхан Қожанәсіп және жаттықтырушы Бауыржан Төлегенов марапатталды.
«Асық ату» номинациясы бойынша сыйлық спортшылар Камила Данияроваға, Нұрқисса Молжігітовке, жаттықтырушы Ескендір Рахметовке берілді.
Сондай-ақ, ұлттық спорт түрлеріне тұрақты ақпараттық қолдау көрсеткені үшін «Qazsport» телеарнасының ұжымы «Ақпараттық әріптес» номинациясын иеленді.