ҚАТАР КЕЛГЕН ҚУАНЫШ
Биыл ауданымыз үшін толайым табысқа толы жыл болды. Жаңа нысандар бой көтеріп, халық игілігі жолында қызмет көрсетуде.
Тәуелсіздік күні қарсаңында ауданымызға жұмыс сапарымен келген облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев әлеуметтік осал топ санатындағы отбасылар үшін салынған 106 пәтерлік 53 жаңа тұрғын үйдің кілтін иелеріне табыстады. Аймақ басшысы баспаналы болған жандарды құттықтап, өңірдің құрылыс саласының жетістіктеріне тоқталды.
– Президентіміздің, Үкіметтің қолдауымен өңірімізде тұрғын үй құрылысы қарқынды, баспанамен қамту мәселесі кезең-кезеңімен шешімін табуда.
Биыл бюджеттен тұрғын үй құрылысына және жеке салушылардан дайын пәтерлер сатып алуға 39 млрд 100 млн теңге қаралып, жыл қорытындысымен 2500-ден астам пәтер беріледі. Ұлттық жоба аясында 1154 пәтерлік 21 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Әлеуметтік жағынан осал топтар үшін 1819 пәтер, апатты үйлер орнына 135 пәтер сатып алу жоспарланса, бүгінде 1114-і сатып алынды. Соңғы екі жылда 4 мыңға жуық пәтер табыс- талып, 17 мың тұрғынның баспана мәселесі шешімін тапты.
Аймақта тұрғын үй құрылысының көлемі 126 пайызға өсті. Бұл көрсеткіш 2022 жылы 683 мың шаршы метр болса, биыл жыл соңына дейін 864 мың шаршы метрге ұлғаятын болады.
Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытында Қармақшы ауданында нәтижелі жұмыстар жүргізілуде. Өткен жылы аудан бюджеті 13 млрд 353 млн теңге болса, биыл 17 млрд 825 млн теңгеге жетіп, 25 пайызға өсім қалыптасты. Бұл қаржы аудан тұрғындарының өзекті мәселелерін шешуге бағытталуда. Биыл 2 млрд 100 млн теңгеден астам қаржыға автомобиль жолдары жөндеуден өтті.
Жосалы кентіндегі теміржол үстінен өтетін аспалы көпірдің құрылысын бастауға мемлекеттік сатып алу жүргізілуде. Тұрғындарды газбен қамтуға ерекше мән беріп келеміз. Жосалы, Төретам кенттері мен Ақай ауылдық округі «көгілдір отынға» қосылды, аудан халқының 77,5 пайызы табиғи газ қолдануда. Аудан орталығындағы «Тәуелсіздік» ықшам ауданы газдандырылып, Дүр Оңғар ауылдық округінде жұмыс басталды.
Елді мекендерді сапалы ауызсумен қамтуда өткен жылы Көмекбаев, Алдашбай ахун, Қармақшы елді мекендерінде 3 жоба жүзеге асса, биыл Байқоңыр қаласында 1 жоба қолға алынды.
Жаңа қоныс құтты болсын! Баспаналарыңыз бақыт пен шаттыққа толып, балалардың қуанышы еселене берсін! – деді облыс әкімі Н.Нәлібаев.
Іс-шарада құрылыс мекемесінің мамандарына облыс әкімінің Алғыс хаты табысталып, мемлекет және қоғам қайраткері Бекмырза Еламанов ақ батасын берді.
Мұнан соң облыс әкімінің қатысуымен ауда- нымызда «Руханият» орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Аудан тұрғындары асыға күткен ашылу рәсіміне облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеуімбетов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, мемлекет және қоғам қайраткерлері Бақберген Досмамбетов, Бекмырза Еламанов, Биғали Қаюпов, «Қоғам» телеарнасының құрылтайшысы, ақын Шәкизада Әбдікәрімов, «Сыр елі әйелдер кеңесі» қоғамдық ұйымының төрайымы, білім саласының ардагері Райкүл Байназарова, жауапты сала басшылары мен аудан тұрғындары қатысты.
Аймақ басшысы жұртшылықты жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, әлеуметтік-экономикалық бағыттағы жетістіктерге тоқталды.
– Бүгін – ғасырлардың үнін жаңғыртып, халқымыздың қазынасын еселеген Сыр руханияты үшін айтулы күн. Ең алдымен, баршаңызды мыңжылдықтардың мұраты, Алаштың асқақ арманы болған Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Еліміздің рухани дамуы ұлттық рухқа тікелей байланысты. Сол себепті азаматтарымыздың рухы әрқашан биік болуы үшін мәдениетімізге, руханиятымызға баса мән беруіміз қажет» деген болатын.
Биыл өңірімізде «Руханият жылы» жарияланып, айшықты жыл аясында мәдени-көпшілік шаралармен қатар, ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. «Анаға тағзым», «Отбасы орталығы», көпфункционалды 1000 орындық «Өнер орталығы» салынып, жаңадан симфония оркестрі, инклюзивті театр, Жастар театры, заманауи би, хор ұжымдары жасақталды.
Сыр мәдениетінің негізгі бренді – жыраулық дәстүр өкілдерінің «Жыраулар үйі» ашылды. Құрылысы қарқын алған облыстық тарихи-өлкетану музейі келесі жылы наурыз айында пайдалануға беріледі.
Биылғы «Руханият жылы» аясында барлық 7 ауданда құны 11 млрд 500 млн теңге болатын, ішінде неке қию залы, кітапхана, музей, архив, жастар сарайы, ардагерлер мен аналар үйі бар «Руханият» орталықтары салынуда. Мақсатымыз әртүрлі бағытта қызмет көрсететін мекемелерді бір орталыққа біріктіру арқылы бюджет қаражатын тиімді басқару, әкімшілік шығындарды азайту болды. Жыл соңына дейін тағы 5 ауданда «Руханият орталықтары» жұмысын бастайды. Қалған екі орталық келесі жылдың наурыз айында ел игілігіне беріледі.
Ең бастысы, бұл орталықтарда ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүріміз кеңінен насихатталып, өскелең ұрпақтың өзі туып-өскен өңір тарихы, ұлттың бай қазынасы туралы танымы қалыптасады. Барша жерлестерді «Руханият орталығының» ашылуымен тағы да құттықтаймын! Жаңа нысан еліміздің рухани қазынасын толықтырып, жұртшылыққа қуаныш сыйласын. Ұлттық құндылықтарымыз ұлықталып, Тәуелсіз еліміздің абыройы әрқашан асқақ болсын!» – деді аймақ басшысы.
Жиында аймақтың руханият сала- сындағы ауқымды жұмыстарға тоқталған Шәкизада Әбдікәрімов пен Бақберген Досмамбетов ақ батасын берді. Сонымен қатар ауданның өсіп-өркендеуі жолында еңбек еткен ардагерлер, қызметкерлер мен орталықты салған құрылысшылар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
«ҚТ» ақпарат