“Ұлттық қор - балаларға“: 2025 жылдың үлесі өзгере ме?
Қаржы министрі Мәди Такиев келесі жылы "Ұлттық қор - балаларға" бағдарламасы аясында балалардың есепшотына қанша қаражат аударылатынын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сенаттың жалпы отырысында депутат Нұртөре Жүсіп үкімет пен Ұлттық банк өкілдеріне балалардың бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) қаражаты инфляция мен құнсызданудан қалай қорғалатынын сұрады.
"Ұлттық қор - балаларға" бағдарламасы аясында биыл 1 ақпанынан бастап Қазақстан азаматтары саналатын барлық баланың жинақы қорына Ұлттық қордан алғашқы қаражат түсті. Бағдарламаға 6,9 миллион бала қатысты. Осыған байланысты сұрақ: Ұлттық қордан мақсатты трансферттер тарту қордың активтеріне және "Ұлттық қор - балаларға" бағдарламасының іске асырылуына қалай әсер етеді? Біз келешек ұрпақтың қалтасына қол салып жатқан жоқпыз ба? Қол салғанда мол салып отырған жоқпыз ба? 2024 жылдың аяғына дейін және келесі жылдары әр балаға қанша қаражат аударылады?", - деп сұрады сенатор.
Қаржы министрі Мәди Такиев балалардың есепшоттарына аударылатын қаражаттың доллармен сақталатынын, сондықтан ол инфляциялық әсерден қорғалғанын айтты. Сонымен қатар бұл сома ұлғайып отырады.
"Инвестициялық кіріске келсек, биыл 2,6 пайыз есептедік. Келесі жылы инвестициялық кіріс 3 пайызға дейін болады деп болжап отырмыз. Сондықтан 1 қаңтарға қарай 118–120 доллар болжап отырмыз. Бірақ 1 ақпанға дейін бәрін нақтылап, нақты көрсеткіштерді айтамыз", - деді Такиев.
Осылайша, келесі жылы балалардың есепшоттарына бұрынғы 100 доллардың орнына шамамен 120 доллар түседі.
Айта кетейік, қарашаның аяғында Қаржы министрлігі 2025 жылы "Ұлттық қор - балаларға" жобасына 888,8 миллион доллар мақсатты түрде бөлінетінін хабарлаған болатын. Бұл қаражат 18 жасқа толмаған қазақстандық балалардың есепшоттарына аударылады.
Балаларға Ұлттық қордан қаражат аудару 2024 жылғы 1 ақпаннан басталды.