БЕРЕКЕЛІ АЛТЫН КҮЗ
Табиғат-Ананың төрт мезгілінің өзіне тән ерекшелігі, жақсылығы, берекесі бар. Соның ішінде күз мезгілінің алатын орны өте ерекше. Адам баласына молшылық әкелетін күз мезгіліне «берекелі күз», «алтын күз» деп баға беріп жатамыз. Күз – молшылық айы, берекелі мезгіл. Күзде егінді жинап болған ата-бабаларымыз сабантой жасап, күз мерекесін өткізетін болған. Иә, бұл мезгіл өзіне тән сұлулығымен таңдай қақтырады. Ол өзге жыл маусымдарына ұқсамайды.
Жақында академик С.Жиенқұлов атындағы Байқоңыр жоғары колледжі білім беру мекемесінде «Еңбегі адал – жас өрен» жобасы аясында «Күзгі асар» атты жәрмеңке өткізілді. Жәрмеңке сөресінде студенттердің өз қолымен жасаған дүниелерін көрдік. Яғни күзгі егіннің табиғи материалдары мен орман табиғатының көркем сыйларын пайдалана отырып, топ жетекшілерімен бірге қолөнер бұйымдарынан көрме жасады.
Іс-шара барысында қатысушылар ерекше көңіл-күйде болды. Ән мен жырдан шашу шашылып, күз мерекесі мен бірлік атмосферасын сезіне білді. Көрмеде ата-аналар мен топ жетекшілерінің де үлесі бар екенін айта кетуіміз керек. «Күзгі асар» тақырыбында өткізілген жобаға арнайы пән оқытушылары Шәрікүл Ералиева, Жанат Жанұзақова және колледж кітапханашысы Қымбат Бердеш қазылық етіп өздерінің пайымды шешімдерін шығарды. Қазылардың шешімімен І орын ТС-124 тобына, ІІ орын АТ-123 тобына, ІІІ орын МС-123 тобына беріліп, арнайы дипломға ие болды. Ал қалған топтар алғыс хатпен марапатталды.
Иә, күз мезгілінде халық несібесі, ел ырзығы ғана жиналып қоймайды, сондай-ақ оның осы кезеңде ұрпақты еңбекке, отансүйгіштікке баулу, табиғатты тану, Жер-Ананың қасиетін білу және басқа да игі істер негізінде тәрбиелеу ісінде орны айқындала түсетіні анық. Әрбір күз мезгілі берекеге, молшылыққа толы болсын!
Шолпан ДӘУЛЕНБАЕВА,
академик С.Жиенқұлов атындағы
Байқоңыр жоғары колледжі білім беру мекемесінің оқу ісі
жөніндегі орынбасары