АДАЛ ЕҢБЕК – ардың ісі
Өмірді қалай сүру әркімнің өз еркіндегі іс пе, әлде кездескен қиындықтар мен қуаныштарда жасымай, тасымай өту арқылы өрнектелетін жол ма? Жауап та әрқалай. Бірақ сынағы көп сүрлеуде салғырттыққа бой бермей, ғұмырын халық игілігі үшін сарп етуге дайын парасатты тұлғалар болатыны анық. Өмірде ондай адамдар сирек кездеседі. Өмірдің мәнін, оны қалай сүру керектігін және бұл тірліктегі адам баласының рөлін соларға қарап білуге болады. Кейіпкеріміз Әбілқасым Малбағаров – осы санаттан.
Қарапайым қалпынан танбайтын бұл атамызды көпшілік өзіне үлгі тұтады. Замандастары арасында абыройлы, әулет алдында беделді жан мақтанғанды да құп көрмейді. «Газеттенбіз» деп алдына барғанымызда «мен аса сөзшіл емес едім», «асыра мақтағанды да жаным сүймейді» деп ұсынысымыздан тартыншақтады. Ал біз үлкендік жолды үлгілі етіп атқарып жүргенін алға тартып, келісімін алдық.
Кейіпкеріміздің бойынан, өзін-өзі ұстауынан мәдениеттің, тазалық пен сыпайылықтың табы атойлап тұр. 40 жылға жуық кенттегі электр торабы стансасында электро-монтер болып еңбек еткен жан бүгінде зейнеттік демалыста. Жұбайы Әсиямен 45 жыл отасып, берекелі отбасында 2 перзент тәрбиелеп, құтты орнына қондырған.
– Адамды адам қылатын – еңбек. Осы уақытқа дейін адал еңбекпен, маңдай термен келген несібемен күн кешіп келеміз. Аллаға шүкір, жағдайымыз жақсы. Жастайымыздан қимылдап үйреніп қалғандықтан қазір де құр отырғымыз келмейді. Өз ауламызда азын-аулақ бау-бақша, гүлдер егеміз. Абай атамыздың «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» дегеніндей, ерінбей қолын қимылдатқан жанның несібесі де мол болары анық. Әрі ешкімге тәуелді болмайсың. Барлығы демеймін, десе де жастардың арасында жеңіл жұмыс іздейтіні көп. Қара жұмысты қиынсынып жатады, – дейді өмірі еңбекпен өрілген Әбілқасым атай.
Бүкіл өмірі бойына өнегелі жолды өрнек етіп, дені мен жанын адамгершілік пен имандылыққа толтырған ақсақал жетпістің бесеуінен асып барады. «Хан бол, қаншама деңгейдегі басшы бол, ертең оның бәрі де өтеді, есте қалмайды, бір күнгідей өте шығады, ал бір түйір ғана жақсылық пен қайырым жасасаң, ол ешқашан ұмытылмайды» деген даналықты санасына түйген қария ағайын арасында тәлімді сөз айтып, жақсылыққа бастап жүреді.
– Ағайынның арасы берік болу үшін сыйластық керек. Сыйластық болған жерде бірлік болады. Ал ағайын арасында сыйлы болу үшін өз-өзіңді сыйлауың керек. Ол дегеніңіз – кез келген ортадағы ұстамдылығың, сөйлеген сөзіңе мән беруің, істеген жұмысыңа адалдығың, сыпайылығың мен сенімділігің. Кішіге – ізет, үлкенге – құрмет көрсетуің. Осы қасиеттерді бойыңа сіңіріп, таза жолмен, тура жүрсең құрметің артады, – дейді кейіпкеріміз.
Қазыналы қарт өмірді «Бақыт та ақылға қонар» деп пайымдайтын кісі. Дана қарттың тауып айтқан пәлсапалық ойлы уәждерін ауыл-аймақ сөз сарасы ретінде алға ұстанады. «Сөзді тыңдаушысына, оның ақыл-парасатына қарай айтқан дұрыс» деген де көркем ойын ести қалдық. Аузында аталы сөзі бар қартымыз, бата беруден де алдына жан салмайды. Осыдан бірнеше жыл бұрын аудандық бата беру сайысынан ІІ орынды да иеленген.
Қарапайым ғана болмысымен, қазақы құндылықты құт санаған Әбілқасым атамыздай әрбір қарт – бүгінгі қазынамыз. Олар біздің болашағымызға арқа сүйеп барар қасиетті тірегіміз секілді. Әр шаңырақтың құты, қазыналары аман болсын!
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ