» » АЭС – ӨМІРДІҢ ЖАҢА ӨРІСІ

АЭС – ӨМІРДІҢ ЖАҢА ӨРІСІ

Мен атом маманы, тіпті қарапайым физик те емеспін. Бірақ бір жылдан астам уақыттан бері түрлі ақпарат көздеріндегі АЭС туралы жариялымдармен танысып, ой елегінен өткізіп Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауына үн қосуды азаматтық парызым деп азаматтармен, жалпы аудан тұрғындарымен өз тұжырымдарыммен бөліскім келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арналған әрбір Жолдауы елдегі экономикалық, саяси, әлеуметтік және мәдени дамудың басты бағыттарын айқындап, халықтың әл-ауқатын жақсартуға, реформалар мен мемлекет дамуының ұзақ мерзімді стратегияларын жүзеге асыруға бағытталуда.
Биылғы Жолдауда елімізде энергетика секторын трансформациялаудың шешуші кезеңде тұрғанына, атом энергиясын дамыту маңызына тоқталып, атом электр стансасын салу шешімін бұқара халықтың талқысына ұсынып, жалпыхалықтық референдум жариялады.
Тұтыну көлемінің шамадан тыс артуы электр энергиясын өндірудің жаңа негізгі көзін енгізуді керек етеді. Елімізді көркейтеміз, экономикамызды дамытамыз десек, өндіріске, ауыл шаруашылығына және ғылым мен білімді, мәдениетті өркендетуге, адам денсаулығын нығайтып, азаматтарымызды құқықтық жағынан қамтамасыз етуде де тұрақты қуат көзі қажет. Қазір отбасылар тұрмыстық жағдайда техникалық құралдарды жан-жақты қолдануды өрістетіп келеді. Ал олардың бәріне жоғары кернеулі энергия қажет. Оны өтеу үшін тұрақты әрі кернеулігі жоғары энергия көзі керек. Қазақстан өзіміз өндіретін энергиямен қамтамасыз етілуі қандай дәрежеде дейтін болсақ, өткен 2023 жылы Ресей елінен 3,4 млрд квт/сағ қуат көзін қымбат бағамен сатып алыппыз. Ал келісім-шартта белгіленген көлемнен артық алсақ, бағасы еселеп өсе түседі екен. Бұл қуат халқы тығыз орналасқан мегаполистерді, өндірісі мен кәсіпкерлігі жете дамыған Түркістан, Жетісу, Алтай аймақтарына жетімсіз болған 3,1 млрд квт/сағ энергиясын жабуға кеткен.
Сондықтан атом электр стансасы қоғамдағы ең маңызды мәселелердің бірі емес, бірегейі десек, жаңылыспасбыз. Себебі елдің ұлттық қауіпсізідігі мен келешекте өркендеп дамуымыздың басым бағыттары энергетикалық қауіпсіздікке тікелей байланысты екені белгілі. Десек те, АЭС біздің халыққа аса жат дүние емес. Ақтауда АЭС ұзақ жыл жұмыс істеді. Ал 1957 жылдан бері Курчатовта-2, Алматыда-1 реактор бейбіт ғылыми зерттеу мақсатында осы кезге дейін жұмыс жасауда.
Қазіргі уақытта еліміздің энергетикалық секторы өндірілетін барлық электр энергиясының 70 пайызын қамтамасыз ететін көмір электр стансаларына аса тәуелді. Алайда ол стансалардың да тозу деңгейі жоғары. Сондықтан да жаңартылған энергия көздерін (ЖЭК), яғни су, жел, күн, атом қуатынан алатын энергия секторларын белсенді дамыту қажеттілігі туындауда. Дегенмен, мамандар ЖЭК-ті дамытудағы ілгерілеушіліктерге қарамастан олардың тұрақсыздықтарына байланысты энергияның негізгі сенімді көзі ретінде қарастыруға мүмкіндік бермейтінін айтуда. Күн мен жел электр стансалары ауа райы жағдайына тікелей тәуелді және тұрақты энергиямен қамтамасыз ете алмайды. Судан энергия өндірейік десек, елде таулар мен одан сарқыраған бұлақтар, өзендер тым аз. Негізгі өзендеріміздің бастауы басқа мемлекеттер аймағында. Сондықтан олардың жіберген су көлеміне тікелей тәуелдіміз.
Осы жағдайда біздің еліміздегі «жасыл энергияның» ең сенімді, әрі экологиялық таза тұрақты көзі АЭС болып қалуда. Ең алдымен АЭС электр энергиясының тұрақты және қуатты өндірісін қамтамасыз етеді. Қазіргі қолданыстағы электр қуатын беретін стансалардан негізгі артықшылықтарын, тиімділіктерін төмендегі салыстырмалы есептерден көруге болады.
1 ГВТ қуат беру үшін жылу электр стансаларынан көмірдің сапасына қарай 7-120 мың тонна күкірт тотығы, 2-20 мың тонна азот тотығы, 700-1500 тонна майда күл, 3-7 млн тонна көмірқышқыл газы, 300 мың тоннадан астам күл және жылына 400 тоннаға жуық құрамында уытты металл (мышьяк, кадмий, қорғасын, сынап) бар шығындылар шықса, АЭС-тен бұлардың бірде-біреуі бөлінбейді. Тау-тау қалдықтардың ауаны және қоршаған ортаны ластап, келтіретін зиянын айтудың өзі қорқынышты. Ашық аспан астында жинақталып, әуеге ұшып қаланы да, даланы да басып жан-жақты зиян келтіруде. Бір килограмм ураннан бөлінетін энергия 100 тонна көмірден бөлінетін энергиямен пара-пар. Тағы да ескеретін жай, қуаты 2,8 ГВТ болатын АЭС-тың бір жылда өндіретін энергиясын, 4024 га алаңда орналасқан жалпы қуаты 8,05 ГВТ жел электр стансасы, сондай-ақ 28860 га алаңда орналасқан жалпы қуаты 14,43 ГВТ күн электр стансасы өндіреді екен. Сондай-ақ Қазақстан халықаралық рейтинг бойынша 180 елдің ішінде экологиялық көрсеткіші 93 орында, ал ауаның ластануы бойынша 115 орында болып отыр. Кең-байтақ жеріміз бар, халықтың орналасуы тығыз емес, өндірісіміз жеткіліксіз дамып отырған біздің елімізде экологиялық жағдайымыз бен ауамыз таза болуы тиіс. Бірақ біздегі энергетика қуат көздері мен түрлі өндіріс орындары, кен шахталарының ескі технологиямен жұмыс жасауы, жалпы халықтың, жан-жануарлардың тұрмыстық қатты қалдықтардың өңделмеуі экологиялық ластануға әкеліп соқтыруда.
АЭС-ке байланысты адамдарда екі қорқыныш, үрей бар. Біріншісі – Семей ядролық полигоны, екіншісі – Чернобыль мен Фукусима АЭС-ындағы апат. Бұл жерде ара-жігін ажыратып алу керек. Семей ядролық сынақ полигоны атом бомбасының жойқын жойғыш қасиетін зерттеуге арналған. Оның мақсаты тіршілік иесінің бәрін қирату, түп-тамырымен жою болды. Ал АЭС – азаматтық мақсатта жұмыс істейтін станса. Чернобыль реакторы – бірінші буынды, қорғалуына жете мән бермей энергия қуатын неғұрлым көп алу мақсаты көзделіп, кейбір қауіпсіздік шаралары сақталмаған. Фукусима 9 балдық жер сілкінісі болып, 15 метрге көтерілген цунами астында қалып, реакторды автоматты түрде тоқтататын агрегатқа баратын электр желісі үзіліп, апат содан орын алған.
Қазір Қазақстанда салуға қарастырылып жатқан 3 және 3+ буынды соңғы үлгідегі реакторлар. Бұлар АЭС тарихында болған барлық кемшіліктер мен апаттық жағдайларды ескере отырып, жобаланған түрі. Бұл реактор болат пен бетоннан жасалған қорғау күмбезінің ішінде орналасқан. Есеп бойынша 8 балды жер сілкінісіне, су тасқынына, тіпті 720 км/сағ жылдамдықпен ұшып келе жатқан 400 тонналық ұшақ соғылғанда да шыдайды. Қоршаған ортаға қауіпсіздігі жоғары. Мысалы, АҚШ-тың ең үлкен мегаполисінің бірі Бостон қаласының орталығына орналасқан АЭС ешкімге зиянын тигізбей көп жылдан бері жұмыс жасауда. Атап айтатын болсақ, одан 20 метр жерде археология факультеті, 40 метр жерде жатақхана, 100 метр жерде лаборатория ғимараты болса, 120 метр жерде тамақтандыру орны орналасқан. АҚШ – қауіпсіздікке қатаң қарайтыны белгілі. Евроазиялық Ұлттық университетінің ядролық физика бойынша профессоры Нұрлан Амангелдіұлы 2017 жылы Фукусима АЭС болғанда радиацияны өлшейтін құрылғының 0,1 миллизиверт көрсеткенін, ал жыл бойы жұмыс жасап жатқан мамандардың қабылдап жатқан радиациясы 2,67 МЗВ болғанын жазады. Ал сәуле алудың рұқсат етілген нормасы – 5-10 МЗВ.
Енді АЭС-тың тарихына зер салсақ, әлемдегі ең алғашқысы 1954 жылы Ресейдің Калуга облысы Обнинск қаласында салынған. Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік – МАГАТЭ мәліметі бойынша, қазір 31 елде жалпы қуаты 375,6 ГВТ болатын 415 атомдық энергоблок жұмыс істейді. Осы кезде 15 елде 58 реактор салынып жатыр. Ең көп АЭС саны АҚШ-та (94), Францияда (56), Қытайда (56), Ресейде (36), Оңтүстік Кореяда (26), Жапонияда (12) реактор бар.
Президент таза атомды энергияның көзі мен оның қауіпсіздігі мәселесін геосаяси мүдде тұрғысынан емес, елдің нақты қажеттілігі тұрғысынан қарастыратынын айтты. Рас, АЭС туралы халық арасында әртүрлі пікір айтылып та жүр, ел ішінде оның құрылысына күмән келтіріп жатқандар да жоқ емес. Бірақ көпшілік қауым, әсіресе саналы да зерделі азаматтар қолдап, тіпті бірнешеуін салуды дұрыс деп санайды. Оған жоғарыда келтірілген көптеген тиімділіктер, еліміз әлем бойынша уранның 40 пайызын өндіріп, бірінші орында болсақ, кен қоры жағынан екінші орында болуымыз, пайдалану мерзімінің 60 жылдан 100 жылға дейін жететіні, бүгіннің өзінде аталған салада жұмыс істеуге дайын мамандардың болуы және жедел даярлап алуға болатыны, көптеген жұмыс орындарының ашылатыны және экономикалық жағынан жан-жақты даму мүмкіндіктері негіз болмақшы. Сонымен қатар кең-байтақ даламызға 5 Франция елі сияды деп көкірегімізді кергенімізбен бізде бірде-бір АЭС-тің болмауы, ал Франция 56 АЭС арқылы қажетті энергияның 54 пайызын өндіруінің өзі бізге сын. Тіпті атын көпшілік білмейтін, дамымаған Бангладеш елі де АЭС салып жатыр.
Елімізде экономистер мен ғалымдардың, сарапшылардың есебі бойынша таяу жылдары энергия қуатын қазіргіден 1,5 есеге дейін арттыру қажеттігі туындайды. Біз АЭС саламыз ба, салмаймыз ба деп талқылап жатқанда дамыған мемлекеттер қанша АЭС салуды күн тәртібіне қойып отыр. Тіпті жарылыс болған елдердің өзі барымен шектелмей қайта жаңадан АЭС-тер салуда. Ал АҚШ мемлекеті айға АЭС салуды межелеуде.
Қазіргі кезде экологиялық таза, экономикалық тиімді, тұрақты, қуатты энергия берудің жалғыз көзі атом энергетикасы болып қалуда. Біз оны жақсы көреміз бе, жек көреміз бе маңызды емес, одан жоғары деңгейде, тіпті оған пара-пар энергетика өндірудің басқа технологиясы жоқ. Міне, сондықтан көш соңында қалмау үшін Қазақстанға АЭС ауадай қажет.
Қызылорда қаласында облысымызды электр қуатымен толық қамтамасыз ететін жылу орталығы салынып жатыр, бізге Алматы облысының Үлкен ауылында салынатын АЭС-тің қандай қажеттігі бар деп кейбір азаматтар ойлауы мүмкін. АЭС бүкіл қазақ еліне қажет. Ойлансақ, зерделесек біздің өзімізге де тікелей пайдасы бар. Адамның өмір сүру тіршілігіне нан, су, ауа қажет десек, суымыз Сырдариядан келіп, егін егіп нан болады, өрісіміз малға толады, бау-бақша мен өсімдіктер ауамызды тазартып адам денсаулығына, өмір сүруіне қолайлы жағдай қалыптасады. Өзен сағасындағы бауырлас ағайындар қыста электр қуаты керек деп қоймадағы суды молынан ағызып, көктемде қоймадағы су көлемі азайып, төменге су жіберуді шектейді. Ел басшыларының қырғыз бауырларға «Тоқтағұлда» суыңды сақта, қазір көмір мен электр қуатын берейік деп мәжбүр болып қол қусырғанымыз белгілі. Үлкендеу АЭС салынса қасынан электр қуатын беріп, «Тоқтағұл» су қоймасында қажетті суды сақтатып, көктем мен жазда алып дамуымызға негіз қаланар еді.
Ескеретін жағдай, жалпы бірнеше, тіпті ондаған АЭС салған елдер басшылығы ғалымдармен мүмкіндіктерді зерделей отырып референдум өткізбей-ақ АЭС салып ел игілігіне жаратып отыр.
Біздің елде референдум әрбір азаматтың билікке араласуын, биліктің халыққа қызмет етуін, екеуінің арасында алшақтық болмауын негізге алып отыр. Ең ерекшелігі, бүкіл халықтың талқысына түсіп, дауыс беруі маңызды. Сондықтан да Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың бастамасын қолдап, әрбір тұрғынның өздері ғана қатысып қоймай, отбасыларыңыздан бастап, бүкіл ұжымдастарыңыздың қатысуына тікелей үлес қосатындарыңызға сенемін.
Әбдірахман ҚҰЛДҮЙСЕНОВ,
аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы
25 қыркүйек 2024 ж. 131 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031