Мектеп – білімнің ғана емес, тәлім-тәрбиенің де ордасы
Ұлттық педагогиканы мұрат тұтқан Ш.Әленұлы «Педагогика кітабында»: «Патриоттық тәрбиені сабақ процесінде де, сабақтан тыс тәрбие саласында да үзбей беру керек. Ұлттық мектептің алға қойған ең негізгі мақсаты, маңызды міндеті де осы болмақ» деген еді.
Ата-бабадан қалған үлкен мұра – тәлімі мен тәрбиесі ешқашан жойылмағаны жөн. Сол себепті де патриоттық тәрбие беру бағытындағы жүргізілетін жұмыстың түрлерін шығармашылықпен түрлендіріп, дамыта отыра пайдалану өз нәтижесін бергендігі бірнеше шәкірт бойынан көрінуде. Қазіргі жастар мен жасөспірімдер арасында зорлық-зомбылық, құқықбұзушылық, суицид, кибербулинг, топтық төбелесті болдырмаудың алдын алуда ең бірінші ата-ана жауапты болуы тиіс.
Баланың бойына біліммен қатар адамгершілік құндылықтарын сіңіруді ұстаздар тарапынан басты назарға алуынуы тиіс. Десе де мектеп, оқушы ата- ана үйлесілімділікте жұмыс жасағанның берері мол. Отанына деген сүйіспеншілікті оятуға, оны жүрекпен түсініп, шынайы сезіне алатын жас ұрпақты тәрбиелеу – үлкен олжа. Біздің мектебімізде де жас ұрпақты атамекеніне отаншылдыққа баулуда дөңгелек үстел отырыстары, пікір алысулар, тәрбие сағаттарын, сауалнама өткізу, сондай-ақ «Таза аула, таза мектеп» акциялары аясында сенбіліктер ұйымдастырылуда.
5 сыныптан бастап «Жас ұлан» ұйымына қабылдау салтанатты жиыны өткізіледі. Оған қабылданған оқушыда өз халқына деген сүйіспеншілік, туған жеріне, тіліне, өскен ортасына, және этнографиялық ерекшеліктеріне тән ұлттық құндылықтары артады.
Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» повесін мысалға алар болсақ, ерлік барлық жанға қажетті категория. Олай дейтініміз батыр атамыз «Ерлік – өзінің ең жаман мінез-құлқын жеңе білу» деген тұжырым жасаған.
Осы қағиданы басшылыққа ала отыра, ата-аналардың уәдесінде тұру, өз кемшіліктерін мойындау да ерлік іске жататынына мысалдар келтіремін. Ата-аналардың отбасындағы сыйластығы әдептіліктері баланың іс-әрекетінен, сөйлеген сөзінен байқалып тұратынын әр кездесуде ата-аналардың есіне салып отырудың еш артықшылығы жоқ. Тіршіліктегі барлық нәрсенің бір-бірімен сабақтас болғаны сияқты, баланың бойындағы, әдетіндегі небір жақсы, жаман қасиеттің негізі – ата-анасы. Ананың, тәрбиешінің, ұстаздың шеберлігіне қарай бала бойындағы ұстамдылық, ұқыптылық, нәзіктік, кішіпейілділік, қасиеттері қалыптасса, әке арқылы еңбекқорлық, батылдық, адамгершілік, азаматтық, табандылық мінезге ие болады. Сондықтан да оқушылардың бойындағы адамгершілік қасиеттердің патриоттық тәрбиенің бастауы екенін сөзсіз. Ата-аналармен әңгіме, жиналыс өткізу кезінде оның баласын қандай деңгейде, қандай қасиеттерімен көргім келетіндігіне назар аударамын. Ол үшін әр ата-анаға баланың жанында үнемі болмасаңыз да, сіздің бейнеңіздің бала үшін қандай маңызы бар екендігіне көздерін жеткізуге тырысамын. Себебі кез келген бала үшін ата-анасы қандай болса да, сол күйінде оны жақсы көріп, аяушылық көрсететінін алысқа бармай-ақ, тастанды балалардың жүрекжарды лебіздерінен байқауға болатынын түсіндіріудің еш артықшылығы жоқ. «Өз еліңнің нағыз патриоты дегенді қалай түсінесің?» деген тақырыптағы пікір алысу кезінде көп ата-ана өз ойларымен бөлісе білді.
Мектеп – халықтың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан адамгершілік ізгі қасиеттерін жас жеткіншек бойына сіңіретін орта болса, ата-бабадан қалған өшпес мұра, мол қазынаны ұрпақтың бойына дарыту ата-ананың міндеті. Ата-аналар осыны түсініп, жауапкершілігін сезінуін қамтамасыз ету – бүгінгі күннің талабы деп түсінуіміз қажет.
«Баланы жан-жақты етіп тәрбиелеу үшін жан-жақты білу керек» деген белгілі педагог. Сол айтпақшы, оқушыны жан-жақты білу үшін мұғалімге ең алдымен көмекке келетін ата-ана. Қорыта келе айтарымыз, ата-ананың мектеппен бірлескен қимылының арқасында ғана бала тәрбиесіндегі жоғары жетістіктерге жетуімізге болады.
Ақмарал ЖАРАСОВА,
Т.Ізтілеуов атындағы №29 орта мектеп директоры