БАР МЕЙІРІМ БАЛАЛАРҒА
Елбасы Н.А. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының «Рухани қазына» кіші бағдарламасы аясында Қызылорда қаласының 200 жылдығы және Қармақшы ауданының 90 жылдығына орай 1 маусым - Балаларды қорғау күні қарсаңында Аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен «Қорқыт елі -Қармақшы» жастар қоғамдық бірлестігі және «Аңсаған» мүмкіндігі шектеулі балалар қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бақытгүл Райымбаеваның ұйымдастыруымен қармақшылық бір топ даму мүмкіндіктері шектеулі балалар қызылорда қаласына экскурсия жасады. Экскурсияның негізгі мақсаты балалардың жеке қасиеттерін дамыту, бір-бірін сыйлауға, адамгершілік қасиеттерін жоғалтпай ұстауға жетелеу.
Балалар көбіне өз табалдырығынан ұзап шыға қоймайтын мүмкіндігі шектеулі балалар өмірін жақсы біледі. Сондықтан оларға бір сәтке болса да мағыналы күн, жақсы көңіл-күй сыйлау үшін алдымен Қызылорда облыстық тарихи-өлкентану музейінде болды. Ал музей қызметкерлері өз кезегінде ерекше қонақтарына экскурсия ұйымдастырып, оларды Қызылорда облысының тарихымен, мәдениетінің қалыптасуымен, жетістіктерімен таныстырды. Кешегі күндерден, тарихтан сыр шертетін құнды экспонаттар туралы тереңнен әңгімелеп берді. Облыстық тарихи - өлкентану музейінен кейін балалар Қызылорда қалалық мәдени және демалыс паркіне барды. Ол жақта балалар жанашыр кәсіпкерлердің қолдауымен ұйымдастырылған ойын алаңдарымен аттракциондарға тегін сырғанау мүмкіндігіне ие болды.
Даму мүмкіндіктері шектеулі балалар барлық мерекелік шаралардың нағыз белсенді қатысушылары болып табылды, өткізілген шаралар балалардың айналадағы ортаға бейімделуіне, өзін азамат ретінде сезіне отырып адамдармен тең дәрежеде қарым-қатынас жасауына мүмкіндік туғызды.
Ұйымдастырушылар тарапынан экскурсияға барлық жағынан қолдау көрсеткен жанашыр азаматтарға алғыс білдіреді.
Ж.Нұрпейсова,
«Қорқыт елі - Қармақшы» жастар қоғамдық
бірлестігінің қызметкері.