» » Тілшілікке талапты жас

Тілшілікке талапты жас

Қай мамандық, кәсіп болсын қоғамға өз пайдасын тигізетіні хақ. Заман ілгері дамып, уақыт көшімен дамудың сатыларынан өткен журналистика саласы да қазіргі күні қоғамда ерекше маңызға ие мамандықтардың бірі. Журналистика маңызды әлеуметтік құбылыстардың бірі болып табылатындығын ескерсек, онсыз қоғам өмірін көзге елестету мүмкін емес. Сондай-ақ бұл салада талапты жастардың қатары аз емес.
Аудан айнасына мақала ұсынатын оқушылар көп болмаса да, талаптылар бар. Солардың бірі – жаңажолдық жас түлек Маржан Қылышбек. Жуырда мектепті тәмамдаған ол журналист болуды мақсат тұтқан. Осы мамандық иесі болуды бала кезінен армандапты.
– Бұл мамандықты бала күнімнен қаладым. Сол сәттен бастап журналистика мамандығын зерттеп келемін. Кейде басқа мамандыққа ауысуды ойлағаныммен бала күнгі арманымнан бас тарта алмадым. Жалпы журналист деген ұғымды мен ақпарат деп түсінемін. Кейде маған бұл мамандықтың болашағы жоқ деп айтып жатады. Неге болашағы жоқ деп ойлайды? Керісінше болашағынан көп үміт күттірер мамандықтың бірі. Себебі, әлемді ақпаратпен қамтамасыз етіп отырған журналистер. Осы мамандық арқылы жарық жұлдыз болсам деймін. Таңдаған мамандығыма байланысты шығармашылық ҰБТ-ның І кезеңін тапсырдым, 30 ұпайдың 25-ін жинадым. Енді ІІ кезең бар. Одан 30 ұпай жинасам деп отырмын. Содан кейін шығармашылық емтихан бар. Емтиханды университетке барып тапсырамын. Таңдап отырған білім ордам – Алматы қаласындағы Тұран университеті. Бұл жеке оқу ордасы болғандықтан грантқа көптеген мүмкіндік ашып отыр. Мен білетін мықты тұлғалар осы университетті тәмамдаған. Сондықтан таңдауым осы білім ордасына түсті. Осы өзім үлгі тұтатын жандар секілді журналистиканың, еліміздің дамуына үлес қоссам деймін, – дейді талапты жас.
Иә, жас болса да толғамды тақырыптарға қалам тербеп жүрген Маржанның талабы таудай. Жазуды жаны қалап тұрған ол мамандығын тереңірек түсінгісі келеді. Редакция қорына мақаласын ұсынып, ол газет бетіне шыққанынша тағатсыздана күтетін жас енді өзі де осы саланың маманы атанбақ. Осы ретте қалам тербеуіне қарымды үлес қосып, шабыт сыйлай білген ұстаздарына да алғысы шексіз.
– Қоғамның түрлі өзгерістеріне назар салып, мақалалар жазатын да – тілшілер. Оны әр оқырманның жүрегіне ұялата білудің өзі таптырмас өнер. Мамандық атаулының қай-қайсысында болсын артық не кем тұстары кездесіп тұратыны баршаға мәлім. Сол секілді мен де таңдаған мамандығымның әлі де болса толық ашылмай қалған сырларын ашып, болашақта ғылым саласына үлес қоссам деймін. Тілшілердің қоғамдағы маңызы, алатын орны зор. Себебі, олар әрдайым жаңалықтар төңірегінен табылып, өмірінің жартысын күнделікті өз жұмысына адал қызмет етіп, назарынан еш нәрсені құр қалдырмауға тырысатын мамандық иелері. Олар халықпен тығыз байланыста бола отырып, ақпараттың нақты дереккөз арқылы жетуіне ден қояды. Олар тынымсыз еңбек пен ерінбейтін жанкештіліктері арқасында халқын хабардар етеді. Халықтың күнделікті қолданатын қарапайым жиһазына айналып кеткен теледидардың сәні мен мағынасын да тілшілер ашып, шырайын келтіріп тұрады. Олар болмаса халықтың тыныстіршілігінің өзі қандай боларын кім білсін? Бұл мамандыққа үйір болуымның басты себебі – мінезіммен ұштасуы. Жанымдағы құрбы-құрдастарым, ата-анам мінезімнің осы мамандыққа сай екендігін жиі айтады. Осы сөздер маған ой салады, ой елегінен өткізе келе келешегімді осындай, өзім жаныммен жақсы көретін мамандық – тілшілікке арнаймын деп шештім. Осы уақытқа дейін бірнеше мақалам баспасөз беттерінде жарық көрді. Алдағы уақытта да аудан айнасымен байланысымды үзбеймін. Менің таңдаған мамандығым мені адастырмайтынына сенемін, – дейді талапты жас.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА
26 маусым 2024 ж. 181 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 302

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 399

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930