Қазақстанда балалар қанша жасқа дейін пойыздарда тегін жүре алады?
Жақында жазғы демалыс басталады, жол жүретін қазақстандықтар көбейеді. Балалар қай жасқа дейін пойыздарда тегін жүре алады? ҚТЖ түсіндіріп берді, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.
Баспасөз қызметі мәліметінше, компания өз жұмысында "Темір жол көлігімен жолаушыларды, багажды, жүк және пошта жөнелтілімдерін тасымалдау ережесін" басшылыққа алады.
"Құжатқа сәйкес, Қазақстанда жолаушыға жеке орын алмаса, 7 жастан аспаған бір баланы пойыздарда тегін тасымалдауға рұқсат етіледі. Жеке орын алу үшін балалар билетін сатып алу қажет. Егер 7 жастан аспаған бірнеше баласы бар отбасы саяхаттаса, онда бір ересек адам тек бір баланы тегін алып жүре алады, қалған балаларға балалар билеті сатып алынады", – деп хабарлады ҚТЖ.
7 жастан 15 жасқа дейінгі балаларға балалар билетімен жүруге рұқсат етілгені нақтыланды. Балалар билетінің құны ересектерге арналған билет құнының 50 пайызы болады.
"Билет кассасында және пойызға отырғызу кезінде баланың жасын растайтын құжат көрсетіледі: баланың туу туралы куәлігі немесе оның заңды өкілі болып табылмайтын жолаушы пойызға отырғызу кезінде кәмелетке толмаған баланы алып жүру құқығын беретін нотариалды куәландырылған құжатты көрсетуі керек", – деп еске салды ҚТЖ.
15 жастан бастап балаға ересек билет сатып алынады. Бұл жастағы балалар ересек адамның еріп жүруінсіз, бірақ олардың заңды өкілінің нотариалды куәландырылған жазбаша келісімімен өз бетінше саяхаттай алады.