» » ҚАДІР ТҮНІ қабыл болған дұға

ҚАДІР ТҮНІ қабыл болған дұға

Марат пен Айгүлдің отасқандарына он жылдан асып кеткен. Тағдырдың жазғаны дерсіз, бір-біріне сүйіп қосылған екі жастың арасында бала болмапты. Қайда барып көрінсе де кінәратты келіннен көріп, Айгүлдің сәби көтере алмайтынын айтқан. Әрине, үйленген екі жастың бірінші кезекте сәби сүйгісі келетіні анық. Әке-шешенің немерелі болғысы келетіні бар, айналадағылардың да «жүктілікті қашанға жоспарлап жүрсің, жаңалық жоқ па?» дейтін сұрақтардан екеуі әбден мезі болған. Қарашаңырақта тұратын жастарға бұл жағдайлар қатты ауыр тиетін. Үйдің үлкендеріне тіпті екі есе.
Жалпы отбасында біз көп жағдайда әйелге жүк артып, жауапкершілікті міндеттеп қоятынымыз бар емес пе?! Әсілі, шаңырақтағы шаттыққа тікелей жауапты ер адам ғой. Бұл үйдің отағасы сынаққа сынып кеткен жоқ. Жарын үнемі қолдап, Жаратқанның жазғаны деп берілмей, жұбайын тастап кетпеді. Алланың мейірімінен үмітті еш үзбейтін.
2017 жыл. Мамыр айының соңы. Рамазан айы кіргелі тұр. Бұған дейін ауыз бекітіп көрмеген ерлі-зайыпты осы жолы Алла алдындағы 5 парыздың бірін өтемекке ниет етеді. Күн сайын дұға етіп, перзентті болуын тілейді. Бар ықылас-ынтасын осы қасиетті айдағы құлшылығына арнайды. Тілді де, көзді де зияннан сақтайды.
Қадір түні. Алла алдында ашыла сырын ақтарған Айгүлдің жанарындағы жасты тоқтату мүмкін еместей. Осыған дейін жиналған бар мұңы сол жаспен шайылып жатқан секілді. Қалауын құлшылығына қосты, тағдырына қарсы шықпады, дәрменсіз құл екенін еске алып Жаратқанның сынағын қабыл алды, қателігін мойындады. Соңында барлық істі Аллаға тапсырды. «Тағдырыма перзентті болмау жазылса оны да қабылдаймын, ал егер мейірімің мен рахымыңды төгіп сәби сыйласаң, өзіңнің ақ жолыңдағы парызыңа адал болып өтемін» деп сертін де берген-ді.
Шеберді шебер дегенше, Құдайды шебер десейші?! Бөбекті бола алмайсың деген жанның құрсағына бала бітіріп, ананың өміріне ажар кіргізді емес пе?! Осылайша өмірде Санжар есімді атқамінер дүниеге келді. Ізінен Сырғалым есімді қарындасы да өмір есігін ашты.
Иә, қамшының сабындай қысқа ғұмырын құлшылықпен өткізіп, Алла тағаланың разылығын табуды қалаған құлдар үшін ең қасиетті түн – Қадір түні. Оның қасиеттілігі сол бұл түнде жасалған құлшылықты Жаратушы Иеміз мың айда жасалған ғибадаттан артық деп қабылдайды. Расында Алла тағала Қадір түнінің дәрежесін көтерген. Өйткені бұл түнде тілеген дұға-тілектер қабыл болады. Раббымыз пендесіне басқа түндерде бермеген ризық-несібесін осы түнде үлестіреді. Сол себепті, мұсылман қауымы бұл құлшылықты құр жіберіп алмауға тырысады. Міне, Айгүлдің осыдан 7 жыл бұрын жасаған дұғасын Алла қабыл етті. Ол Алла алдында берген сертінде тұрып, құлшылығын мейлінше қаза етпейді. Марат екеуінің бүгінде көзінің ағы мен көзқарасына айналған қос перзенті бар. Әр күн сайын ауыздарынан шүкірін тастамайды.
Кейде басыңызға қара бұлт үйірілгенде мәңгі бітпестей көрініп, тілімізден түрлі жағымсыз сөздер шығып жатады. Сондай сәтте Алламен ақылдасуды, ішкі күйді ақтарып салуды ұмытып кетеміз. Ал сол сынақ бізді Жаратқанға жақындастыратынын білмей қаламыз. Расында, жүректер Алланы еске алумен тыныш табады емес пе?! Ендеше адамға емес, Аллаға алақан жаяйықшы. Нәтижесін жоғарыда болған оқиғада байқадық қой.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
07 сәуір 2024 ж. 156 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 355

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 436

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930