КӘСІПКЕ ӘРКІМНІҢ-АҚ БАР ТАЛАСЫ
«Адамның сүйеніші – отбасы» деп жатамыз. Соған сай, отбасынан бақыт тауып қана қоймай, кәсіп ашып, дамып та жатқан жайымыз бар. Оған көптеп аргумент келтіруге болады. Жұмысым жоқ екен деп қарап отырмай, отбасында балаларының несібесіне «қазан аузы жоғары» деп, тәуекел етіп кәсіп бастаған жанның бірі – ІІІ Интернационал ауылының тұрғыны, «Күміс алқа» иегері Самал Қожаева.
«Көз қорқақ, қол батыр» деген осы. Күні кеше бастаған секілді еді, жыл өтпестен-ақ кәсібінің нәсібін көре бастаған көпбалалы ананың сол кездегі қабылдаған шешімінің дұрыстығына өзі ғана емес, сонымен қатар оған тілеулес болған жандардың да қуанышы іспетті. Себебі отбасында балалары көмекшісі болса, жан жары үнемі қолдап, жәрдемін аямайды.
С.Сабытбекқызы өткен жылы мемлекет тарапынан кәсіп ашушыларға қолдау ретінде ұсынылып жатқан «Ұлттық жобаға» қатысып, бизнес жобасын сәтті қорғап шыққан. Қазір мал шаруашылығын дамытумен бірге, құс шаруашылығын ілгерілету де маңызды саналады. Құс еті мен жұмыртқасының дәруменге бай және табиғи өнім екенін ескерсек, оған тұтынушы тарапынан сұрыныстың ешқашан жоғалмайтыны анық. Міне, осындай қажеттілікті ескерген кәсіпкер мемлекеттен берілетін қайтарымсыз қаржыға ие болып, грант жеңімпазы атанған.
– 2-3 жылдай «Достық» балабақшасында тәрбиешінің көмекшісі болып еңбек еттім. Тұрмыс жағдайына байланысты ол жақтан жұмыстан шығып, бала тәрбиесімен айналыстым. Үй шаруасында болдым. Біреуден-біреу естіп, былтыр қайтарымсыз грантқа құжат тапсырып, жеңімпаз атандым. Қолға алған кәсібім – құс шаруашылығы, оның ішінде қаз өсіруді таңдадым. 1 млн 380 мың теңгеге кәсіпке қажетті балапан шығаратын инкубатор құрылғысын, мұздатқыш және 300 қаз сатып алынды. Жалпы ауылда қаз асырап жатқандар бар. Бірақ көп емес. Қаздарды балапан, үлкен күйінде де сатып алдық. «Линда», «Томбов», «Халмогор» сорттары өсімтал келеді дегесін осы түрлеріне маңыз бердік. Олардың сорттары әртүрлі болғанымен, құстар бір-бірімен сыйыса береді. Түске дейін бір мезгіл кепеде ұстаймыз, сонда жұмыртқалайды, жем жейді. Түстен кейін есіктің алдына шығарып, жайып аламыз. Қаз – судың құсы болған соң шомылғанды, көкке жайылғанды жақсы көреді. Суға түсетін орын белгілеп қойғанбыз. Жеміне келсем, асбұршақ араласқан бидай береміз. Дәрумендерін де қадағалап тұрамыз. Жазды күндері жоңышқаға жайылады. Көбіне-көп бұлардың қорегі шөп болып келеді. Мал секілді жайылады ғой. Қураған шөптердің тамырымен де қоректенеді. Қазды біз ет бағытында да, жұмыртқа бағытында да пайдаланып отырмыз. Инкубатор аппаратынан балапандарды көбейтіп, ет бағытын ұстансақ, күтіп-баптағанымыздан жұмыртқаны да жақсы беріп отыр. Пайдасы бар. Жұмыртқаның бір данасын 250 теңгеге сатудамын. Күндігіне 14-17 данаға дейін жұмыртқалайды. Тұрақты тұтынушыларымыз қалыптасқан. Қаздарды семіртіп, қыста бірқатарын сойып саттық. 4-5 келі аралығында салмақ тартып, ет берді, – дейді кәсіпкер еңбегінің жемісіне марқая.
«Кәсіпті жеке істегеннен гөрі, отбасымен істеген әрине, әлдеқайда тиімді» дейді көпбалалы ана бізбен әңгімелескенде. Ол ойы орынды да сияқты. Көп болып, жабылып істеген шаруаның күшке де, уақытқа да салмақ түсірмейтіні онсыз да белгілі ғой. Бүгінде Мұхтаровтар жанұясында өсіп келе жатқан балалардың алды студент болса, одан кейінгілері мектеп оқушылары. Кішкентайлары 2 жасқа толмақ. Отағасы Дархан Мұхтаровтың жеке шаруа қожалығы бар. Еңбекпен өсіп-өніп отырған ауыл азаматы бақша егуді кәнігі кәсібіне айналдырған.
– Кәсіп десе, қорқа соғатын едік. Тәуекел етсең, істеуге болады екен. Алда жоспарымыз көп. Бұйырса, кәсібімізді кеңейтіп, әлде де құстардың санын көбейтсек пе дейміз. Көктем басталғалы инкубаторда балапан шығаруды қолға алғанбыз, – дейді «Күміс алқа» иегері.
Сәрсенкүл АҚКІСІ