Қызылордада 80 отбасы баспаналы болды
Қызылордада Наурыз мейрамы қарсаңында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Жаппасбай батыр көшесіндегі көпқабатты үйден 80 отбасыға пәтер кілтін табыстау рәсімі өтті. Аймақ басшысы жиналған жұртшылықты алдағы Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Халықтың басым көпшілігі үшін тұрғын үй – ең өзекті мәселе. Мемлекет шын мұқтаж адамдарға ғана жәрдем береді», – деп атап өткен болатын. Халықты баспанамен қамту еліміздегі негізгі басымдықтың бірі десек, өңірде бұл бағытта тындырымды тірлік атқарылуда. Өткен жылы 4 108 пәтерлік 300 тұрғын үй салынды, 2400-ге жуық пәтер табысталып, 11 мыңнан астам тұрғынның баспана мәселесі шешімін тапты. Халықтың тұрмыс жағдайының жақсаруы, жайлы өмірінің кепілі болып саналатын баспанамен қамту жұмыстары биыл да қарқынды жүруде. Бюджет қаражаты есебінен 14,3 млрд. теңгеге 1890 пәтерлік 70 тұрғын үй салынады. Оның 16-сы жеті қабатты болады. Жыл басынан бері Тасбөгет кентінде 172 отбасы баспаналы болса, бүгін міне, өздеріңіздің қатысуларыңызбен 80 отбасы қоныс тойын тойлайды. Алдағы аптада «Сыр жастары» жеңілдетілген ипотекалық несие бағдарламасымен тағы да 60 отбасына үй кілті табысталады. Бұл - тұрғындар әл-ауқатын арттыру бағытындағы мемлекет қолдауының нақты көрінісі», – деді аймақ басшысы.
Рәсімде Арайлым Тілеубай қоныстой иелері атынан қуанышын жеткізіп, мемлекет және қоғам қайраткері Бақберген Досмамбетов ақ батасын берді. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан кент тұрғындары мен құрылысты сапалы салуға атсалысқан мердігер мекеме қызметкерлері марапатталды.
Айта кетейік, бүгін сол жағалауда үстел теннисі орталығының іргетасы қаланды.
Қазір Қызылорда қаласы мен елді мекендердің келбетіне көрік қосатын әлеуметтік нысандар құрылысы қарқын алған. Сол жағалаудан 300 орындық жатақханасы бар 400 орындық физика-математика мектеп-интернаты бой көтеруде. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында биыл 10 мектеп ел игілігіне табысталады, тағы 11-нің құрылысы басталады. Балалар мен жасөспірімдер шығармашылығын шыңдау мақсатында «Шығармашылық академиясы», Жаңақорған, Шиелі аудандарында Оқушылар үйі мен Өнер мектептері салынады. Өткен жылы «Отбасы орталығы» және «Анаға тағзым» орталығы өз қызметін бастады. Жақында 1000 орындық «Өнер орталығы» салтанатты түрде ашылса, сол жағалаудан жаңа өлкетану музейі бой көтереді.
Қызылорда қаласында 36 млрд. 400 млн. теңгеге бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы басталды. Жаңа «Қан орталығы» Медицина қызметкерлері күні қарсаңында пайдалануға берілмек.
Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 11 млрд. теңгеге 27 нысан салу көзделген. Өткен жылы елді мекендерде 15 дәрігерлік амбулатория, 1 медициналық бекет ел игілігіне табысталып, қазір 30 мыңнан астам халыққа қалтқысыз қызмет көрсетуде.
Облыс орталығында халықаралық стандарттарға сәйкес келетін орталық стадион (20,9 млрд теңге) және жабық бассейні бар көпсалалы дене шынықтыру-сауықтыру кешені (6,8 млрд теңге) ел игілігіне табысталады. Жақын күндері заманауи үлгідегі автовокзал ғимараты пайдалануға беріледі.
Инвесторлар қолдауымен 37 млрд. 600 млн. теңгенің жобалары іске асуда. Қорқыт ата әуежайының жаңа терминалы салынуда. Жоба құны – 20 млрд теңге, жаңа терминал осы жылы пайдалануға беріледі. «ҚазГерМұнай» компаниясының демеушілігімен 350 орындық заманауи үлгідегі Оқушылар сарайының құрылысы қарқын алды. «Саутс Ойл» компаниясы 650 орындық музыкалық колледж ғимаратының құрылысын бастады.
Биыл 7 ауданда неке қию залы, кітапхана, музей, архив, жастар сарайы, ардагерлер мен аналар үйін біріктіретін, құны 11,5 млрд. теңгені құрайтын «Руханият» орталықтары салынуда.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі