Қатерлі ісікті анықтайтын жоба
Қарағандылық өрендер қатерлі ісікті бірден анықтайтын жоба ойлап тапты. Жақында ғана Digital Almaty алаңында OncoZeroAi атты жоба таныстырылып, бірден көптің көзайымына айналды. Осыдан-ақ аймағымыздың IT-жобалар жасауда өзгелерден көші ілгері екенін айтуға болады.
Идея авторлары Әлімжан Қасабаев пен Әлмұхамед Әмитов адамдар компьютерлік томографияға (КТ) түскеннен кейін, дәрігерлер ісікті бірден анықтай қоймайтынын біліп, қатерлі дертке қатысты деректерді жинау арқылы модельге жасанды интеллектіні оқытуға кіріскен.
– Жасанды интеллект арқылы қатерлі ісікті зерттеп, дәрігерлерге көмектескіміз келеді. Стартабымыз ісікті кеш анықтау және маман жетіспеу мәселесін шешеді. КТ-сканерлеуден өткен барлық адамның дерегін біздің интеллект «оқыса» қалай болар еді?» деп ойладық. Қатерлі ісік уақтылы анықталса, оның емі де жеңіл болатыны белгілі. Ал біз дәл осы нәрсеге, яғни дертті дереу анықтауға кепілдік береміз. Бәлкім, осылай, елдегі қатерлі ісіктен болған өлім санын қысқартуға ықпалымыз тиетін шығар. Себебі статистикалық деректерден адам шошиды. Кейінгі ақпарат бойынша, елімізде жыл сайын 13 мыңнан астам адам қатерлі аурудан қайтыс болады, – деген ойымен бөлісті жоба авторлары.
Жасанды интеллектіні оқыту үшін LiTS17 датасетін қолданыпты. Бұл – бауырдың қатерлі ісігі бойынша стандарт деректер жиыны. Датасетте әлем бойынша түрлі клиникалық орталық ұсынған КТ-суреттер жиналған. Дерекқорда 130-дан аса сурет бар. Бұған қоса басқа да емханаларға өздері хабарласып, дерек сұратқан. Осылайша, жасанды интеллектіні оқытуға шамамен шынайы 1000 КТ-сурет қолданылған.
LiTS17 дерекқорында бауырдың қатерлі дерттің бірінші және екінші кезеңі, өлшемі, сырт көрінісі бойынша түрлі дерек жиналған КТ-суреттер бар. Авторлар модельді оқытқанда нейрон жүйелері мен машинаны оқыту деген секілді заманауи оқыту әдісіне жүгінген. Медицина саласында көп қолданылатын U-Net нейрон жүйесіне негіздеп жұмыс істеген.
Қазір OncoZeroAi жасанды интеллект машинасы бауырдың қатерлі ісігін дереу анықтайды. Дәлдігі – 85% болғандықтан, кемі 0,1 миллиметрлік қатерлі ісікті анықтауға мүмкіндігі бар.
– Онкологтер КТ-сканерлеу бойынша ісіктің қай жерде тұрғанын анықтауға бір апта, кейде үш айдан аса уақыт жұмсайды. Ал біз бұл үдерісті жеті минутқа дейін қысқартып отырмыз. Жақында multiomics деп аталатын модельді іске қосу жоспарымыз бар. Бұл арқылы дәрігерлер әлі пайда болмаған ісікті де анықтай алады. Бірақ бұл үшін КТ-сурет пен қан, ДНҚ сияқты талдау нәтижелері керек, – дейді Әлмұхамед.
Қазірдің өзінде өнертапқыштардың OncoZeroAi қатерлі дертті анықтайтын жасанды интеллект жобасын еліміздің төрт емханасы қолдануға ниет білдірген.
Қарағанды облысы
egemen.kz