Жүректе сыз қалдырған СЕМЕЙ СЫНАҒЫ
Қазақ елі ғасырлар бойы өркениет пен даму тоғысында басынан талай зардапты шегіп, көптеген қиянат көрді. Кеңес кезеңінде-ақ жетпіс жылдан аса түрлі сынақтың алаңына айналды. Қазақтың жүрегіне өшпестей дақ қалдырған Семей ядролық сынағы – соның дәлелі. Биыл полигонның жабылып, әлем назарына түскеніне – 35 жыл.
Халықтың көз жасына суарылған аса өзекті мәселенің көтерілуі бүкіл жер шарындағы мемлекеттердің алаңдауын тудырды. 1989 жылдың қақаған қысында «Невада-Семей» қозғалысы алғашқы митингісін өткізіп, ел арасында сең жүргізді. Сонау 1949 жылдан басталған ядролық сынақтардың алапат улы зардабы Ұлы Дала халқына ғана емес, күллі әлемнің жұртшылығына тиесілі екенін дәлелдеді. Осылайша болашақ ұрпақтың амандығына алаңдаушылық жер бетіндегі тыныштықтың, бейбітшіліктің тұрақтануына ықпал етті. Дегенмен, «Невада-Семей» қозғалысы қолға алған ядролық сынақтарды тоқтату мәселесі күн тәртібінен әлі де түспейді. Полигонның зардабы қазақ халқының санасынан еш өшпек емес.
Даталы күнді атап өтуді қармақшылықтар ұмыт қалдырмады. Іс-шара аудан орталығындағы «Жастар» саябағының тағзым алаңына гүл шоғын қою рәсімінен басталды. Семей полигонының зардабын тартып, өмірден өткен жандарға арнайылап Құран бағышталды. Мұнан соң «Невада-Семей» қозғалысының ардагерлері қоғамдық бірлестігінің төрағасы Болат Сағымбаев ядролық сынақтың тарих парағына өшпестей із қалдырғаны туралы сыр шертіп, еліміздің амандығы мен тыныштығын тіледі.
– Қазақ еліне қасірет әкелген Семей полигоны жабылды дегенімізбен оның зардабы әлі күнге толық жойылған емес. Ол жақта әскери борышын өтеген талай азаматымыз өмірден өтті. Полигон басында қызметте болғанда ақпараттың бәрі жасырын болды. Біз қаланың сыртында қызмет еттік. Жарылысты казармада отырып сезетінбіз. Сынақ салдарының қандай болатынын ойламаған да едік. Қазір елге аман-есен оралғанымызға шүкір дейміз. Семей полигонының жабы- луына қол жеткізгеніміз – біз үшін үлкен жеңіс, – деді ол.
Іс-шара мұнан соң Жосалы кенті әкімшілігінің мәжіліс залында ардагерлерді «Невада-Семей» қозғалысының құрылғанына 35 жыл толуына орай марапаттау рәсіміне жалғасты. Жиында аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Әбдірахман Құлдүйсенов сөз сөйлеп, полигон ардагерлеріне құрмет көрсетіп, арнайы төсбелгі табыстады.
Ерсін СӘДУҰЛЫ