Бюджетті толтыру көрсеткіші көңіл көншітпейді – Мәжіліс депутаты
Депутат салық жеңілдіктерінің тиімділігін арттыру және олардың санын оңтайландыру мәселесіне де тоқталды.
Биыл еліміз бойынша бюджет тапшылығы болу қауіп-қатері жоғары. Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетовтің айтуынша, бүгінде бюджетті толтыру бойынша көрсеткіштер көңіл көншітпейді. Депутат осы мәселеге қатысты Премьер-Министр Олжас Бектеновке сауал жолды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Депутат Қазақстанның биылғы шығыны 24 трлн теңгені құрағанын атап өтті. Оның 16,5 трлн теңгесі табысымыз, 3,6 трлн теңгені Ұлттық қордан алсақ, қалған 4 трлн теңге құнды қағаздарды шығарудан түсіп отыр. Яғни тапшылық 7,5 трлн теңгені құрап отыр.
«Өз кезегінде, уәкілетті органдар «асықпай арбамен қоян аламыз» деп жүргенде, арбамыздың дөңгелегі сына ма деп қатты алаңдаймыз.Алдымен, квазисектордың таза пайдасын бюджетке беретін уақыт келді. Осы секторға жақсы аналитикалық талдау жасап, дұрыс жолға қойса, Қазынамызға ең кемі 3 трлн теңге түсіруге болады. Бұл бір.Екіншіден, квазисектордың сатып алу жүйесі мен механизмдерінде әлі де ашықтық жоқ.Сондай-ақ, Ұлттық компанияларға құны 1,6 миллиард теңге болатын чартерлік рейстер неге қажет?», – деп нақтылады депутат.
Сондай-ақ ол салық жеңілдіктерінің тиімділігін арттыру және олардың санын оңтайландыру мәселесіне де тоқталды.
Мемлекет басшысы 2023 жылғы Жолдауында «Салық жеңілдіктерін беру тәртібін реттеу қажет. Жиналмаған салық – салынбай қалған ауруханалар, мектептер мен жолдар деген сөз. Салық жеңілдігін сын көзбен зерделеп, оның көлемін кем дегенде 20 пайызға қысқарту қажет», – деген болатын.
Мемлекеттік кірістер Комитетінің деректері бойынша қолданылған салық жеңілдіктер сомасы 2022 жылы - 9,5 трлн теңге болған. Бұл бюджетке түспеген қаржы.
«Басты кемшілік – жеңілдіктердің саны мен құрылымы пысықталмаған және жеңілдіктер белгісіз мерзімге, ешқандай мақсатты индикаторларсыз енгізілгенін.Салық кодексіндегі жеңілдіктердің саны – 485. Бұл дегеніміз едәуір көп. Біз алдымен 30% қысқартсак, шамамен бюджетке 1,3 трлн теңгеге дейін қаражат түсіруге болады. Мұны тереңірек зерделесек болашақта 50% жеткізуге болады.Расымен, кейбір салықтық жеңілдіктер тиімділіктерін көрсетпей жатыр. Кәсіпкерлер жеңілдік алса да, өнімнің бағасын түсірмей отыр.Мысалы, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сату және импорттау айналымы қосымша құн салықтан (НДС) босатылған.Бірақ, осы салықтан босату – дәрілер мен медициналық бұйымдардың бағасының түсуіне әсер етпеген.Осы ретте, мемлекет беретін жеңілдік іс жүзінде импорттаушылар мен сатушылардың коммерциялық мүдделеріне ықпал етеді, ал бюджетке кіріс келтірмей отыр», – деп атап өтті М.Жайымбетов.
Көбіне, жеңілдіктердің негізгі алушылары – ірі компаниялар. Ал, әлемдік экономика сарапшылары Қазақстандағы салық жеңілдіктері тым жомарт деген баға берген. Дамыған елдерде, салықтық жеңілдіктер инвесторларды тартатын, қызықтыратын аса бір қажетті тармақ болып саналмайды.
Осы ретте депутат айтылғандарды негізге ала отырып «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері атынан мынадай мәселелерді қарастыруды ұсынды:
- Салықтық жеңілдіктерге толық ревизия жасап, шетелдік тәжірбиені қарап, алдымен 30%-дан астамын қасқарту қажет. Яғни, 150-ге жуық түрін қысқарту.
- Ұлттық қордан қайта-қайта қомақты қаржы алмау үшін жиналған қаржыны тиімді басқару процесін жетілдіріп, квазисектордың таза пайдасын 100% бюджетке беру.
- Ұлттық компаниялардың, әсіресе Самұрық-Қазына қорындағы тендерлерді – бірыңғай мемлекеттік сатып алу жүйесіне көшіріп, мемлекеттік сатып алу Заңының қолданылу аясына ауыстыру қажет. Сонда ғана 100 пайыз ашықтық пен әділеттілікті қамтамасыз ете аламыз.