«Жайлы мектептің» жайы қалай?
Қазіргі таңда «Жайлы мектеп» жобасы жайлы жиі айтылып жүр. Себеп те жоқ емес. Елімізде апатты жағдайда тұрса да жұмыс істеп тұрған білім ордалары да бар. Үш ауысымда оқитын мектеп пен білім ошақтарындағы бейнебақылаудың жоқтығы, спортзалдың жетіспеушілігі секілді қажеттіліктер жуық арада шешіледі. Өйткені тікелей Президенттің тапсырмасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Аты айтып тұрғандай, жоба жоспарлы түрде оқушыға да, мұғалімге де, жалпы ұлт болашағын тәрбиелеу үшін уақыт талабына сай салынатын жаңа да жайлы мектептің үлгісі болмақ.
Жоба бойынша ауыл немесе қала мектебі болсын, құрылысы бірізділікпен іске асып, жаңа бірыңғай стандарт бойынша салынатын жайлы мектеп әрбір баланың жақсы оқуына, өзін жайлы сезінуіне ықпал етеді. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектепте бөлек блоктарда оқиды. Әр блокта оқу кабинеттері, дәретхана, спорт зал болады. Балалар үшін бейнебақылау, дыбыстық хабарлау және басқа да күшейтілген қауіпсіздік шараларының орнатылуы жасөспірімдердің қауіпсіздігін толыққанды қамтамасыз етеді. Оқушылардың шығармашылық дамуы мен демалуына да тиісті жағдайлар жасалмақ. Мектеп ішінде оқулық пен жеке заттарды сақтауға арналған жеке шкафтар орнатылады. Оқу-тәрбие іс-шараларын өткізу үшін трансформациялау мүмкіндігі бар әмбебап АКТ залы, сондай-ақ кітап қоймасы мен оқу залы, медиатекасы, электронды кітапханасы бар кітапхана, әрбір қабатта оқуға және демалуға арналған коворкинг бөлмелері көзделген. Еңбекке баулуды ұйымдастыру, сондай-ақ білім алушының шығармашылық әлеуетін дамыту үшін тиісті жабдықтары бар әмбебап шеберхана мен студия, алғашқы кәсіптік білім беруге арналған кабинет (тігінші, аспазшы, IT, ағаш шебері және тағы басқалар) көзделген. Түрлі жағдайдағы ерекше білім алуды қажет ететін балаларға да тиісті жағдай жасалады. Саламатты өмір салтына да ден қойылып отыр. Спорт залдар мәселесі де оңтайлы шешімін таппақ. Бұл жобаға біздің облыста да өз деңгейінде көңіл бөлініп отыр.
Аймағымызда алдағы үш жылда «Жайлы мектеп» жобасы аясында 15300 орынға арналған 21 заманауи мектеп салынады деп жоспарлануда. Ал биыл аталмыш бағдарлама шеңберінде 10 білім нысанының құрылыс жұмыстары басталады. Осының нәтижесінде, өңірдегі апатты мектептер саны азайып, оқушылардың тереңдетілген түрде білім алуына мол мүмкіндік берілмек.
Айта кетейік, өткен жылы 6 жаңа мектеп пен 19 балабақша ел игілігіне пайдалануға берілген екен. Сондай-ақ өңірдегі 6 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Биыл 5 жаңа білім ордасын халық игілігіне табыстау жоспарланып отыр. Сонымен қатар елді мекендердегі 47 мектепті қайта жаңартып, 51 білім беру ұйымына пәндік кабинеттер жасақталады.
Жақында облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының төрағалығымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру барысы талқыланған арнайы мәжіліс өткен болатын. Онда Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын Үкіметке және облыс әкімдіктеріне құрылыстарды уақытылы әрі сапалы аяқтауды тапсырғаны туралы айтылды.
Биыл өңірімізде 6900 орындық 10 мектеп, 2025 жылы 5400 орындық 11 мектеп пайдалануға беріледі деп күтілуде. Құрылысы былтыр басталған барлық мектептерге жер телімдері беріліп, құжаттары рәсімделді, – деді облыс басшысы.
Бүгінде құрылыс алаңдарына инфрақұрылым жеткізу бойынша жергілікті бюджеттен 118,4 млн теңге бөлініп, жоба-сметалық құжаттары әзірленді. Жобаны үйлестіруші «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамы өкілдерімен бірлескен жол картасына сәйкес жұмыс жүргізілуде.
Апатты мектептерді жою – білім саласындағы басты мәселелердің бірі. Осы орайда сәрсенбі күні аудан әкімі Жандос Еркінбек жоба жұмысы бойынша арнайы жиын өткізді. Онда берілген тапсырмаға сәйкес алдағы жұмыс бағыттарын нақтылады.
Балалардың заманауи мектепте білім алуына жағдай жасауда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 2024-2025 жылдары аралығында Жосалы кентінде орналасқан А.Жанпейісов атындағы №105 мектеп-лицейі мен ІІІ Интернационал ауылындағы 300 орындық №108 орта мектептің ғимаратын салу жоспарланып отыр. Бүгінде жоба үйлестірушісі «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамы арқылы салынатын мектептің тиісті жер учаскесі белгіленді.
Иә, бірінші кезекте жоба өз атына сай болуы керек. Балалардың барынша жайлы әрі қауіпсіз ортада білім алуын қамтамасыз етілуі тиіс. Себебі жағдайы жоқ мектепте жақсы білім бола қоюы екіталай. Оқушының сапалы, заманға сай білім алуына, әлбетте, заманауи жабдықтықталған «жайлы мектеп» қажет-ақ.
Ақнұр САҒЫНТАЙ