+ 40 градустан жоғары. Алдағы жаз былтырғыдан да ыстық болады - ТЖМ
Бүгін Мәжілісте өткен Үкімет сағатында Төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов алдағы жаз былтырғыдан да ыстық болатынын айтты, деп жазады Egemen.kz.
Үкімет сағатында Экология және табиғи ресурстар және Төтенше жағдайлар министрлігі биылғы жазда орман өртінің алдын алу мәселесін талқылады.
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев табиғи өрттердің алдын алу және оларды жою жүйесін күшейту мақсатында Экология министрлігі мен Төтенше жағдайлар министрлігінің бірлескен бұйрығымен табиғи өрттерді жою саласындағы уәкілетті органдар мен ұйымдардың өзара іс-қимылының алгоритмі бекітілгенін айтты.
«Алгоритмде мемлекеттік орман күзеті де, Ауыл шаруашылығы министрлігі қызметкерлері де жағдайды бағалап, орман өрті болған жағдайда қосымша күштерді тарту туралы шешім қабылдайды. Сонымен қатар алгоритм авиация мен бөлімшелерді жұмылдыру мәселесін реттейді», деді Нысанбаев.
Министр орман өрттерін сөндіру бойынша білім мен тәжірибе деңгейін арттыру үшін мемлекеттік органдар Азаматтық қорғау академиясының базасында мемлекеттік орман күзеті мен орман шаруашылығы қызметкерлерін оқыту бағдарламасы бекітілгенін мәлімдеді.
Сондай-ақ ведомостволар алдағы жазда ауа температурасы өткен жылмен салыстырғанда жоғары болатынына назар аударды. «Қазгидромет» РМК-ның ақпаратын алға тартқан министрліктер Семейде жаз мезгілінде болатын ауа температурасына ерекше тоқталды.
«Былтыр жазда Семейде кей күндері ауа температурасы 40-44 градусқа жетті. Қазгидрометтің мәліметінше, биыл елімізде жазда орташа температура 19-23 градусты құрап, 40 градус және одан да жоғары болады деп болжанып отыр. Ыстық ауа райы орман өртінің болу ықтималдығын жоғарылатады», деді Төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов.