Білім шыңы – ОЛИМПИАДА
qarmaqshy-tany.kz Пән олимпиадасы – ғылымның алғашқы басқышы, бала санасына ғылымның алғашқы ізденістерін қалыптастырып, болашақ ғалымдарды баулитын, ғылымға еркін бойлайтын жастар легін қалыптастыратын ең үлкен бәсеке. Білім бәсекесіне түскен әрбір білім алушы ғылым мен техниканың көз ілеспей дамыған мына заманында ғылымның терең сырына бала жастан бейімделетіні хақ.
Пәндік олимпиаданың шыңын бағындыруға қажетті ең негізгі критерий – жүйелі дайындық және тынымсыз еңбек. Бұл әрекет оқушылардың логикалық ойлау формасын дамытып қана қоймай, ғылымға деген көзқарасын қалыптастырып, болашақ бағдарын айқындауға бағыттайтын ғылыми ізденіс.
Бүгінде елімізде ғылым негіздерін құрайтын барлық пәндер бойынша мектепішілік, аудандық, облыстық және республикалық олимпиадалар өткізіліп келеді. Ондағы мақсат – елдегі дарынды балаларды анықтау, оларды ғылым жолына бағыттау, елдің болашақ ғылыми базасын қалыптастыру, логикасы дамыған, ғылыми көзқарасы сауатты жастардың ғылыми жаңалықтар ашуына мүмкіндік беру, мектептердегі білім сапасының артуына жағдай жасау және ұстаздар қосынын сапалы ету. Осындай білім бәсекесінің бірі – жалпы білім беретін пәндер бойынша ауыл мектептерінің балаларына арналған республикалық пәндік олимпиада. Аталған олимпиаданың облыстық, аудандық, кезеңдерінен топ жарып, Төретам кентіндегі Жанқожа батыр атындағы №269 орта мектептің 11 сынып оқушысы Балнұр Әбжанова физика пәні бойынша олимпиаданың республикалық кезеңінде өз білімі мен ізденімпаздығының нәтижесінде жүлделі III орынды иеленді.
Балнұр – жаңалыққа жаны құмар, ізденіс пен қажырлы еңбекті ұнататын алғыр оқушы. Білімнің алғашқы баспалдағы саналатын бастауыш сыныпта білікті де тәжірибелі ұстаз Бағима Қоспановадан білім алды. Бір қауым елдің сөзін айтар ақылшы ұстаздың терең білімімен сусындаған Балнұр болашағынан көп үміт күттіретін. Әрі математика пәніне бейім болды. Мектеп өміріне етене араласып, түрлі жарыстардың жеңімпазы да атанды. Бүгінде «Алтын белгіге» үміткер, үздік оқушы.
Әлемнің екінші ұстазы әл-Фараби «Адаммен жұмыс істеу – ең үлкен өнер» дейді. Сол өнердің кілтін ұстаған мұғалімдер үшін әр баланың тағдыры үлкен жауапкершілік. Оны сезіну – әр мұғалімге міндет. Сол себепті биік жетістікке жетер оқушыны танып, бағалап, баулу ұстаздықтың ең биік мәртебесі болып саналса керек. Балнұрдың физика пәніне деген ерекше ұмтылысын, қызығушылығын байқап, оқушы логикасын түсіне білген, білім бәсекесіне табандылықпен дайындаған ұстазы – физика пәнінің мұғалімі Айдана Елубаева. «Еңбек – бәрін жеңбек» демекші, оқушыны үздіксіз білімге баулыған, әрбір минуттың құндылығын ұғындырып, ең қиын пәннің күрмеуін шеше алар түрлі формулаларын бала санасына сыйғызып, жеңіс тұғырынан көрінуіне зор үлесін қосқан ұстаз еңбегін атап өтпесе болмас. Білім олимпиадасының биік тұғыры – екінің бірінің шамасы жетіп бағындыра бермейтін, кез келгеннің қанжығасына байланбайтын салмағы ауыр олжа, ұзақ ізденіс пен ұқыпты еңбектің жемісі.
Мектеп қоржынына ең құнды жеңісті әкелген оқушымыз Балнұрды мектеп директоры Ә.Кәжденбекқызы, мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Ж.Жұматайұлы және мектептегі барша ұстаздар қауымы мен оқушылар үлкен қуанышпен, мақтанышпен күтіп алды. Балнұрдай ақылды шәкірттің әрбір жетістігіне қолдау білдірген ата-анасы, әжесі мектеп директорының алғыс хатымен марапатталды. Әбу-Насыр әл-Фараби «Ұлы мақсат қоя алмаған адамның ұлы адамға айналуы мүмкін емес» деген екен. Мақсаттың биік болуы, нық сенімнің орнауы – ертеңгі жетістіктің басты шарттарының бірі. Әрбір оқушының ішкі мақсатын қозғап өткен бұл жеңіс білім алушылардан үлкен серпілісті байқатқандай.
Облыс мерейін үстем етіп, республика көлемінде алғаш рет өткізіліп отырған ауыл мектептерінің балаларына арналған республикалық олимпиадада мектебімізге, ұстаздар қауымының жүрегіне ерекше мақтаныш сезімін ұялата білген Балнұрдай саналы, білімді, ізденімпаз әрі еңбекқор оқушымызбен мақтанамыз. Болашағың жарқын әрі нұрлы болсын. Жетер жетістігің, бағындырар биігің аласармасын!
Ж.ӘДІЛОВА,
Жанқожа батыр атындағы №269 орта мектептің мұғалімі