Ислам дінінде ағза мүшелерін ауыстыруға рұқсат беріле ме?
«Қазақстан халқына» қоры қайырымдылық бағдарламалары мен жобаларын іске асыру туралы» дөңгелек үстел барысында қор төрағасы Болат Жәмішев «Елімізде мәйіт донорлығы қайта жұмыс істейтіндей етіп заңды өзгерту керек. Онда ағза мүшелерін алмастыру үшін марқұмның туыстарынан рұқсат алу міндетті тармаққа енбеуі тиіс» деген ұсыныс айтқан еді, деп жазады Egemen.kz.
Фото: 716.kz
Қазақ халқы марқұмға ақ жауып, барлық жөн-жоралғылар бойынша жер қойнына тапсыруға аса мән берген. Сондықтан да мәйіттің соңғы халіне сай оның ағзаларының түгел болуына ден қоятын таным бар.
Десе де, біз Болат Жәмішевтің ұсынысына асыл дініміз Исламда қандай қарар барын білмекке Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы Діни оңалту бөлімінің меңгерушісі Хасан Аманқұлға жүгіндік.
Маманның «Ислам дінінде ағзаны ауыстыруға рұқсат беріле ме, «Қазақстан халқына» қоры басшысының ұсынысы қаншалықты орынды» деген сауалымызға қайтарған жауабын қаз-қалпында беруге бел будық.
«Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Алланың құлдары, ауырғанда емделіңдер! Себебі, Алла Тағала әрбір дертті шипасымен қоса жаратты. Шипасы жоқ дерт – өлім мен кәрілік», деген (Ахмад риуаяты).
Осыған орай мұсылман ғалымдары адамның өмірін сақтау немесе ұзарту мақсатында бүйрек, бауыр, жүрек, өкпе, ұйқы безі секілді ағза мүшелерін (ағзаның бөлігін), тіндерді (тіннің бөлігін) организмнің басқа жеріне немесе басқа организмге ауыстырып салуға (транспланттауға) рұқсат береді. Мысыр пәтуа орталығы, Ислам конференциясы ұйымы жанындағы Фиқһ академиясы және Кувейттің Дін істері министрлігі осы мәселеге қатысты пәтуа шығарған, онда: «Ағза мүшелерін ауыстыруға тірі адамнан да, өлген адамнан да рұқсат етіледі.
Қайтыс болған адамның ағзасын транспланттауға рұқсат беру үшін келесі шарттар орындалуы қажет:
- Ағза мүшелерін ауыстыру - науқасты емдеудің жалғыз ғана жолы туралы білікті маманның шешімі болуы;
- Транспланттау әдісі науқастың сауығуына кепіл беретіні туралы дәрігерлердің сенім білдіруі;
- Донор болатын адамның қайтыс болғанға дейін рұқсат беруі;
- Органдарын транспланттауға рұқсат берген донордың медициналық әрі діни тұрғыдан да қайтыс болды деп жариялануы;
- Донорлық органдардың тауар секілді сатылуына тыйым салынуы;
- Науқас адамның өз органын ауыстыруға келісім беруі.
Ал тірі адамның ағза мүшелерін транспланттау үшін қосымша келесі шарттар орындалуы керек:
- Донордың органдарын алғанда оның денсаулығына зиян келмейтіні туралы білікті дәрігерлер шешім шығару қажет.
- Донор болған адамның қандай да бір органын алу оның өміріне ешқандай қауіп төндірмеуі тиіс.
- Адамның ағзасын сауда тауарына айналдырмау, одан бірер пайдакүнемдікті көздемеу шарт», делінген.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ғұламалар кеңесі де 2015 жылы бұл мәселе туралы осындай пәтуа қабылдаған», деп жауап берді Хасан Аманқұл.