Жұмыс ауқымды, жоспар нақты
Аудан әкімі Жандос Еркінбектің 2023 жылдың ІІ жарты жылдығында атқарылған жұмыстарының есебі және алдағы міндеттері
Аудан халқының әл-ауқатын арттыру мен аудан эконономикасын нығайту бағытында біршама жұмыстар атқарылып, нәтижесінде ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайы жыл сайын өркендеп, өсіп келеді.
Бюджет
Биыл аудан бюджеті 13 млрд 925 млн теңге болып бекітілді, өткен жылмен салыстырғанда 22,5 пайызға немесе 2 млрд 556 млн теңгеге ұлғайтылды. Оның ішінде, ауданның өз кірістеріміз осы жылға 2 млрд 111 млн теңге болса, былтырғы жылдың бекітілген кірістер жоспарымен салыстырғанда 191 млн теңгеге немесе 10 пайызға артты.
Былтырғы жылмен салыстырғанда Республикалық және облыстық бюджеттен келген трансферттер көлемі 1 млрд 550 млн теңгеге артты. Жалпы биылғы жылы трансферттер көлемі 5 млрд 615 млн теңгені құрады.
Өткен жылы аудандық бюджеттен қажеттілігіне қарай елді мекендерді көркейту мен абаттандыру мақсатында 437 млн теңге қосымша бағытталған болса, биылғы жылы бұл көрсеткіш 2 есеге артық жоспарланып, 919 млн теңге бағытталды.
Аудан бойынша осы жылдың 1 қаңтарына түсімдер болжамы 12 млрд 373 млн теңгенің орнына 12 млрд 496 млн теңгеге атқарылып, 101 пайызды құрады.
Есепті кезеңде аудан бюджетінің өз кірістерінің жоспары 2 млрд 55 млн теңге болса, нақты атқарылуы 2 млрд 178 млн теңгені, яғни 106 пайызды құрады, 123 млн теңге жергілікті бюджетке жоспардан артық түсті.
Макроэкономикалық көрсеткіштер
Аудан бойынша 2023 жылы макроэкономикалық көрсеткіштерде 2022 жылмен салыстырғанда өсім қалыптасып, жыл қорытындысымен аудандар арасында жоғарғы позицияда орналастық.
Атап айтқанда, 2023 жылы ауданға 15 млрд 247 млн теңге инвестиция тартылып, 2022 жылмен салыстырғанда 13,8 пайызға артты. Өнеркәсіп саласының кәсіпорындарымен 4 млрд 787 млн теңгенің өнімі өндіріліп, 2022 жылмен салыстырғанда 4,9 есе өсті. Ал осы өнеркәсіп саласының 77 пайызын құрайтын өңдеу өнеркәсібінде 3 млрд 682 млн теңгенің өнімі өндіріліп, 2022 жылмен салыстырғанда 5,8 есеге өсті. Бөлшек сауда көлемі 10 млрд 93 млн теңгені құрап, 2022 жылмен салыстырғанда 10,8 пайызға артты.
Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 23 млрд 274 млн теңгені құрады. Сонымен қатар 7 млрд 134 млн теңгенің құрылыс жұмыстары жүргізіліп, 2022 жылмен салыстырғанда 116,5 пайызды құрады.
Есепті кезеңде 33 мың шаршы метр тұрғын үй іске қосылып, 2022 жылмен салыстырғанда 6,5 пайызға артты.
Кәсіпкерлік саласы
Ауданның экономикалық даму көрсеткіштеріне тікелей әсер ететін шағын және орта кәсіпкерлік саласы да басты назарда. Аудан бойынша тіркелген шағын және орта кәсіпкерілік субъектілер саны биылғы жылдың 1 қаңтарында 4 081 бірлік болса, оның ішінде жұмыс жасап тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілер санының үлесі 92,4 пайыз немесе 3 771 бірлікті құрады.
Өткен жылы мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар шеңберінде жалпы құны 2 млрд 479 млн теңге болатын 214 жоба несиелендірілді. Оның ішінде, «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде 297 млн теңге болатын 45 жоба қаржыландырылды.
Бұдан бөлек, әлеуметтік осал топ өкілдеріне «Кәсіпкерлікті дамыту» жөніндегі Ұлттық жоба аясында кәсібін бастаймын деген 194 азамат 1 млн 380 мың теңге көлемінде грант жеңіп алды.
Индустрияландыру бағдарламасының аясында жүзеге асырылып жатқан ірі жобаның бірі – Ақтөбе ауылындағы «Қармақшы құс» құс фабрикасы іске қосылып, 2023 жылдың қараша айында алғашқы өнімі шығарылды. Кәсіпорында 100 жаңа жұмыс орны ашылып, орта есеппен тәулігіне 8-10 тонна өнім өндірілуде.
Сонымен қатар өндіріс және өңдеу өнеркәсібін дамыту мақсатында Жосалы кентіндегі «АНК-Дәулет» серіктестігі газоблоктар өндіретін шағын зауыттың құрылысын бастады. Жобаның жалпы құны – 200 млн теңге. Жобаны жүзеге асыру мақсатында Өңірлік Инвестициялық орталығы арқылы 60 млн теңгеге несиелендірілді.
ІІІ Интернационал ауылдық округінен жеке кәсіпкер Г.Рагибованың мал бордақылау алаңы және сою цехының құрылысын салу жоспарлануда. Мал бордақылау алаңында бір мезетте 400-дей бас мал бордақылайтын болады.
Сонымен қатар жоба іске асырылғаннан кейін ет өңдеу цехын ашу да көзделуде. Бұдан бөлек, аудандағы сауда саласын одан әрі дамыту және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында жалпы құны 182,5 млн теңге 3 жоба іске асырылуда.
2 жоба бойынша құрылыс жұмыстары аяқталып, Жосалы кентінде «Зұлхарнай» және Төретам кентінде «Анель» сауда үйлері пайдалануға берілді.
Аудан орталығындағы ескі сауда базарының орнына жеке кәсіпкер Нағима Тоқсанбаеваның бастамасымен заманауи үлгідегі сауда орталығының құрылысы өткен жылы басталды. Жоба құны – 150 млн теңге. Қазіргі таңда, нысанның құрылысы жүргізілуде, биыл ел игілігіне беру жоспарлануда.
Қызмет көрсету саласын дамыту мақсатында біршама жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, құны 97,5 млн теңгені құрайтын 6 жоба іске асырылуда, оның 4 жобасы 2023 жылы іске қосылып, халыққа қызмет көрсетуде, 2 жоба бойынша нысандардың құрылыс жұмыстары жүргізілуде, ағымдағы жылы пайдалануға беріледі.
Ауыл шаруашылығы саласы
Өздеріңізге белгілі, Қармақшы ауданы ауыл шаруашылығына негізделген аймақ.
2023 жылы жалпы көлемі 26 288 гектар алаңға егіс орналастырылса, оның ішінде күріш көлемі – 13 770 гектар. Күріштің әр гектарынан орта есеппен 60 центнерден өнім жиналды.
Облыс әкімінің «Тұрғындардың өзін-өзі әлеуметтік маңызы бар картоп, көкөніс және бақша өнімдерімен қамтамасыз етуін қалыптастыру» туралы тапсырмасы негізінде 392 гектар бақшалық жерлер дайындалып, 881 отбасыға бөлініп берілді.
Егіске су жеткізу жұмыстары бойынша 520 млн м3 су алынды.
Ал су бөлу нүктесінен қашық орналасқан егістіктерге су жеткізу үшін ауданға қарасты ауыл шаруашылығы құрылымдарымен 24 дана насос қондырғыларын пайдаланды.
Сонымен қатар былтырғы жылы Жаңажол ауылдық округінде «Жаңажол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 5 гектар жерге тамшылатып суару әдісімен алма бағын егіп, шығымы 85 пайызды құрады.
2023 жылы мал шаруашылығында да өсім байқалды.
Атап айтқанда, төрт түлік бойынша орташа өсім 5,9 пайызды құрады.
Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласындағы жақсы жаңалықтардың бірі өткен жылы «Жаңажол» серіктестігі облыстағы үздік шаруашылық атанса, ауыл-аймақты көркейту-көгалдандыруға белсенді қатысатын елді мекендерді ынталандыру мақсатында ұйымдастырылатын «Үлгілі елді мекен» облыстық конкурсында Дүр Оңғар ауылы ІІ орынды иеленіп, жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Құрылыс жұмыстары
Құрылыс саласына келетін болсақ, соңғы жылдары Қармақшы ауданында құрылыс жұмыстары да қарқынды жүруде.
Жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесінде ауданымызда халықтың өмір сүру сапасын арттыруды қамтамасыз ету, әлеуметтік нысандарды салу, ауыз су және газбен қамтамасыз ету, электр энергиясын беру, желілерді қайта жаңғырту мәселелерін шешу жоспарлануда.
Атап айтқанда, құны 3,7 млрд теңге болатын Байқоңыр қаласындағы көпқабатты 50 пәтерлі 5 тұрғын үй құрылысы және аумағын абаттандыру, инженерлік жүйелер құрылысы жүргізілуде.
Өткен жылы халықтың әлеуметтік осал топтарына тұрғын үй қорынан үй сатып алуға Ұлттық қордан бөлінген 538,5 млн теңге қаржыға 51 тұрғын үй сатып алынып, өздеріңіз білетіндей аймақ басшысының қатысуымен пайдалануға берілді.
Ауданымыздың елді мекен тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында Көмекбаев, Қармақшы, Алдашбай ахун ауылдарында құны 697 млн теңге болатын су қабылдайтын құрылғыны қайта құру жобалары іске асырылды.
Төретам және Ақай елді мекенін газдандыру мақсатында құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп, бүгінде Ақай ауылы табиғи газға толығымен қосылды.
Ал Төретам кенті бойынша құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын.
2024 жылы Жосалы кентінде жаңадан ашылған «Тәуелсіздік» ықшам ауданының үйлеріне газ желілерін жеткізу құрылысы жүргізіледі.
Аудан бойынша тұрғындарды газбен қамту көрсеткішін арттыру мақсатында жалпы құны 7 млрд 172 млн теңгені құрайтын Дүр Оңғар ауылына газ желісі құрылысы ағымдағы жылы басталады.
Электр желілерді қайта жаңғырту бүгінгі күні өзекті мәселелердің бірі, себебі аудан бойынша электр желілерінің 80 пайызының тозығы жеткен. Осы мәселені кезең кезеңімен шешу мақсатында 2020 жылы Жосалы, Төретам кенттері мен Ақай елді мекеніндегі электр станциялары қайта жаңғыртудан өткізілді.
Электр желілерін жаңғырту үшін демеушілер есебінен жоба-сметалық құжаттары әзірленген болатын. Ағымдағы жылы Көмекбаев, Ақтөбе, Иркөл елді мекендеріне республикалық бюджеттен 631 млн теңге қаржы бөлінді. Құрылыс жұмыстары жақын арада басталатын болады.
Сонымен қатар, қазіргі таңда 6 елді мекеннің электр желілерін қайта жаңғырту бойынша жоба сметалық құжаттар әзірленуде, оның ішінде аудандық бюджет есебінен 4 және демеушілік қаражат есебінен 2 жоба әзірленді.
Ауданда халықтың спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету көрсеткішін арттыру мақсатында «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында салынған Жосалы кентіндегі дене шынықтыру кешені пайдалануға берілсе, Ақай, Дүр Оңғар және ІІІ Интернационал ауылдарында дене шынықтыру кешендерінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Аудандық бюджет қаражаты есебінен 2023 жылы Иіркөл, Жосалы, Ақай, Ақжар ауылдық округтерінде балалар және спорттық ойын алаңдары орнатылып, Тұрмағамбет, Алдашбай ахун ауылындағы спорт алаңдарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді және Ақтөбе ауылында балалар ойын алаңы толығымен абаттандырылды.
Жосалы кентіндегі дене шынықтыру кешенінің бу қазандығы табиғи газге ауыстырылды.
Биылғы жылы аймақ басшысының бастамасымен музей, кітапхана, мұрағат, неке қию залы, ардагерлер үйі мен жастар орталығы, азаматтық қоғам өкілдері мен тарихи, мәдени, рухани ұйымдарды біріктіретін типтік үлгідегі жалпы құны 1 млрд 635 млн теңгені құрайтын «Руханият орталығының» құрылысы жүргізіледі.
Инфрақұрылымды дамытуға, жол жөндеу, көше жарығы, аяқ сумен қамту бойынша да қарқынды жұмыстар атқарылды.
Жалпы құны 1 млрд 445 млн теңге «Самара-Шымкент-Ақжар-Көмекбаев» аудандық маңыздағы автомобиль жолдарының облыстық бюджет қаражаты есебінен 27 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары басталып, 2023 жылға жоспарлаған 11 шақырымының жөндеу жұмыстары аяқталды. Биыл қалған 16 шақырымға жөндеу жұмыстары жалғасын табатын болады.
Сонымен қатар өткен жылы республикалық және облыстық бюджет есебінен аудандық маңызы бар «Қызылтам елді мекеніне кіре беріс» автомобиль жолын реконструкциялау жұмыстары басталып, 4,6 шақырым автомобиль жолына асфальт төселді.
Сондай-ақ осы жылы ұзындығы 6,5 шақырым болатын құны 448 млн теңгеге аудандық маңыздағы «Марал ишан кесенесіне кіре беріс» автомобиль жолы салынатын болады.
2023 жылы облыстық бюджет қаражаты есебінен Қуаңдария ауылында 2 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.
«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 5 елді мекеннің 21 көшесі орташа жөндеуден өтті. Атап айтқанда, Жосалы кентінде 15 көше, Ақай ауылында 3 көше, Ақтөбе, Ақжар және ІІІ Интернационал ауылдарында 1 көшеден жөнделді.
Ал 2024 жылы осы бағдарлама аясында аудан бойынша жалпы 9 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады, оның ішінде Ақжар ауылында бір көшенің құрылысы жүргізілсе, Тұрмағамбет ауылының бір көшесіне күрделі жөндеу, Жосалы кентінің бір көшесіне, Төретам кентінің екі көшесіне, Тұрмағамбет ауылының 4 көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Ауданның көшелерін жарықтандыру мақсатында 2023 жылы «Ауыл — Ел бесігі» бағдарламасы аясында Жосалы кентінің 19 көшесін және Дүр Оңғар ауылының 5 көшесін жарықтандыру жұмыстары аяқталды.
Сонымен қатар, аудандық бюджет қаражаты есебіне Жосалы кентінің 3 көшесіне жарықтандыру жұмыстары жүргізілді.
Елді мекендерді аяқ сумен қамтамасыз ету мақсатында облыстық бюджет есебінен (202 млн теңге) 11 су ұңғымасы орнатылып, жұмыстары толық аяқталды.
Атап айтқанда, Жосалы кентінде 4, Төретам кентінде 2, Ақтөбе, Ақай, Қармақшы, Иіркөл, Жосалы ауылдарында бір-бірден. Сонымен қатар өткен жылы аудан бюджеті есебінен аудан орталығы Жосалы кентінде бірқатар абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
Атап айтқанда, Амангелді, Тәуекелов көшелері, «Шығыс» каналының жағасы, жағажай абаттандырылды, Көшербаев көшесіне жаяу жүргіншілер жолы орналастырылып, орталық алаңға металл аркалар орналастыру жұмыстары жасалды.
Бұл жұмыстар 2024 жылы да жалғасын тауып, Жосалы кентінде 2 балалар ойын және футбол алаңдары орналастырылады, ауданның 5 елді мекенінің төлқұжаттары жаңартылады.
Тағы бір Жосалы кентінің тұрғындары үшін өзекті мәселе, темір жол өткелі құрылысының жоба-сметалық құжаттамасын әзірлеу бойынша тиісті жұмыстар басталып кетті. Жоба құны айқындалған уақытта республикалық бюджеттен құрылыс жұмыстарына қаржы қарастыру мақсатында бюджеттік бағдарлама әкімшілеріне өтінімдер жолданатын болады.
Денсаулық сақтау саласында 2023 жыл жақсы жаңалықпен басталды.
Атап айтқанда, тұрғындарды қолжетімді медициналық көмекпен қамтамасыз ету мақсатында аудандық орталық ауруханада компьютерлік томография кабинеті ашылды.
Осы уақытқа дейін аудан тұрғындары томография қызметін алу үшін облыс орталығына баратын болса, бүгінде аудандық ауруханада қызмет көрсетілуде.
Тұрмағамбет, Ақжар, Дүр Оңғар ауылдарында дәрігерлік амбулаториялар жаңадан салынып, аймақ басшысының қатысуымен пайдалануға берілді.
«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында орталық аурухана ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілді.
Қармақшы аудандық ауруханасының «Шипагер» емханасы үшін блоктық модульдік қазандық салынды.
Қазіргі таңда, Қуаңдария және Қармақшы ауылдарында фельдшерлік-акушерлік бекеттерінің құрылысына министрліктермен бірлесіп, республикалық бюджеттен қаржы қарастыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Білім саласы
Еліміздің әл-ауқатын дамыту мен экономикасын жетілдіру жолындағы ұстанған басты басымдықтарының бірі білім беру саласы екені белгілі.
Жалпы аудан бойынша 44 мектепке дейінгі білім беру ұйымы жұмыс жасайды, оларда 3 604 бала тәрбиеленуде. Оның 25-і мемлекеттік, 18-і жеке меншік, 1-еуі шағын орталық.
Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарымен 2-6 жас аралығындағы балалардың 85 пайызы, 3-6 жас аралығындағы балалардың 100 пайызы қамтылған.
Қармақшы ауданында жалпы білім беретін 30 мектеп, 2 мектептен тыс мекеме, 1 кешкі мектеп жұмыс жасайды.
Аталған мектептерде 2023-2024 оқу жылында 15 218 оқушы білім алуда.
2023 жылы No284 мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты ашылып, 7-8 сынып оқушылары қабылданды, қазір толыққанды жұмыс жасауда.
2022-2023 оқу жылында 655 мектеп бітірушінің 581-і, яғни 89 пайызы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, орташа балдық көрсеткіші 84,7 пайызды құрады. Оның ішінде 40 түлек «Алтын белгі» және 68 түлек «Үздік аттестат» иеленді.
Сонымен бірге 4 жаңа 40 орындық автобус мектептерге табысталды.
Аудандағы білім нысандарындағы бу қазандықтарын қалыпқа келтіруге 2023 жылы 1 балабақшаның бу қазандығының ғимаратына жөндеу жұмыстары аяқталып, 3 балабақшаның жөндеу жұмыстары жақын арада аяқталатын болады.
Заманауи мектепте білім алуына жағдай жасау мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 2024-2025 жылдар аралығында Жосалы кенті мен ІІІ Интернационал ауылында жаңа мектеп ғимаратының құрылысы басталады.
Әлеуметтік салаға келсек халықты жұмыспен қамту, жаңа жұмыс орындары ашу біздің басты міндетіміз.
Жұмыс іздеуші ретінде Мансап орталығына хабарласқан 6 455 адамның 1646-сы тұрақты және уақытша жұмысқа орналасты.
2023 жылы аудан бойынша 2 856 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланса, 2 896 жаңа жұмыс орны ашылды.
Еңбекпен қамтудың белсенді іс-шараларымен 1 481 адам қамтылып, 832 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды.
Аудан бойынша 518 отбасына 202 млн теңге атаулы әлеуметтік көмек, 1797 отбасына 213 млн теңге тұрғын үй көмегі төленді.
Мәдениет және спорт саласы бойынша
Өздеріңіз білетіндей, 2023 жылы Қармақшы ауданының негізі қаланғанына 95 жылдығы атап өтілді. Ауданда жыл көлемінде «95 жылға – 95 шара» атауымен ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылды.
Сонымен қатар ауданның 95 жылдық тарихын дәріптеу мақсатында «Құт қонған қасиетті Қармақшым» атты республикалық ақындар айтысы және «Қасиетті мекен – Қармақшым» атты аймақтық жыршы-жыраулар фестивалі жоғары деңгейде өткізілді.
Ауданда дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар саны – 20 495 адам, аудан халқының 39,3 пайызын құрады.
2023 жылы аудан спортшылары спорт түрлерінен жасөспірімдер, жастар және ересектер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаттары мен кубоктарында 18 алтын, 15 күміс, 18 қола медальды жеңсе, Әлем біріншіліктерінде 4 алтын, 4 қола, Европа Кубогында 1 күміс медальді жеңіп алса, Азия чемпионатында 1 алтын, 1 күміс, 3 қола медальді жеңіп алды.
Алдағы кезеңдерде Президент Жолдауын, мемлекеттік бағдарламалар мен Ұлттық жобалар және облыс әкімінің іс-қимыл жоспарын назарға ала отырып, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуын одан әрі жүйелі түрде жүргізетін боламыз.