Ауыл шаруашылығы саласында жаңалық көп
Қармақшы ауданы – ауыл шаруашылығы саласына бейімделген аймақтардың бірі. Ауданда өткен жылы 26 288 гектар жерге егін егілсе, негізгі дақыл күріштің көлемі - 13 770 гектарды құрады. Нәтижесінде, күріштің әр гектарынан орта есеппен 60 центнер өнім жиналған. Биыл да ауданның ауыл шаруашылығын дамыту бағытында ауқымды жоспарлар жүзеге асырылмақ. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қармақшы ауданының әкімі Жандос Еркінбек мәлімдеді.
-Өздеріңіз білетіндей, ауданымыздың ауыл шаруашылығы саласы серпінді дамып келеді. Мәселен, былтыр Жаңажол ауылдық округінде “Жаңажол” ЖШС 5 гектар жерге тамшылатып суару әдісімен алма бағын отырғызды. Сондай-ақ, облыс әкімінің «Тұрғындардың өзін-өзі әлеуметтік маңызы бар картоп, көкөніс және бақша өнімдерімен қамтамасыз етуін қалыптастыру» туралы тапсырмасы негізінде 392 гектар бақшалық жер дайындалып, 881 отбасыға бөліп бердік. Егіске су жеткізу жұмыстары бойынша 520 млн м3 су алынды. Ал, су бөлу нүктесінен қашық орналасқан егістіктерге су жеткізу үшін ауданға қарасты ауыл шаруашылығы құрылымдарымен 24 дана насос қондырғылары пайдаланылды. Мал шаруашылығында да айтарлықтай өсім байқалды. Атап айтқанда, төрт түлік бойынша өсім орташа есеппен 5,9 пайызды құрады. Ауыл шаруашылығы саласындағы жақсы жаңалықтардың бірі - өткен жылы “Жаңажол” ЖШС облыстағы үздік шаруашылық атанды. Ал ауыл-аймақты көркейту-көгалдандыруға белсенді қатысатын елді мекендерді ынталандыру мақсатында ұйымдастырылатын “Үлгілі елді мекен” облыстық конкурсында Дүр Оңғар ауылы ІІ орынға ие болды, - деді Жандос Еркінбекұлы.
@Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі