Діни ахуал - басты назарда
Бүгінде облыста діни ахуал тұрақты. Осы бағытта өңірде ғылыми сарапшылық кеңес пен діни бірлестіктердің арнайы клубы құрылған. Өткен жылы аталмыш ұйымдардың бастамасымен 9 шара өтіп, конфессия өкілдерімен түрлі жиын ұйымдастырылды. Қазіргі таңда облыста 7 конфессия өкілдері өз қызметін атқаруда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық дін істері басқармасының басшысы Дінмұхамед Ермеков хабарлады.
-Біздің басқарма маңызды деп танылған 3 бағыт бойынша жұмыс істейді. Атап айтқанда, жалпы профилактика, оңалту жұмыстары, интернеттегі қарсы насихаттық шаралар. Жалпы профилактика саласы бойынша өңірлік ақпараттық-түсіндіру тобы әр түрлі санаттағы 25 мыңнан астам азаматпен түрлі форматта екі мыңға жуық кездесу өткізді. Сондай-ақ, әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг нәтижесінде дінтану сараптамасына жолданған күмәнді сілтеменің 40 пайызына теріс қорытынды берілді. Ал «Киберқадағалау» ақпараттық жүйесіне енгізілген сілтемелердің 17 пайызы бұғатталды. Жалпы, дін саласында қызмет ететін жандардың білімді болуы аса маңызды. Осы бағытта 2020 жылдан бері облыс әкімінің грантымен қызылордалық 12 студент «Нұр-Мүбарак» Египет Ислам мәдениеті университетінде білім алуда. Биыл өңірдегі діни ахуалды тұрақтандыру мақсатында бірнеше міндеттер орындалады. Соның бірі - ақпараттық түсіндіру тобының құрамы жаңартылды. Одан бөлек, кездесулердің сапасын арттыру мақсатында қатысушылар арасында QR-код арқылы анонимді сауалнама алуды бастаймыз. Бұл өз кезегінде тақырыптық бағыттар, спикерлерді дұрыс таңдауға әрі жиынның қатысушыларға өтімді болуына әсер етеді. Бұдан бөлек, басқармаға қарасты орталық жанынан облыс әкімінің арнайы қолдауымен студия ашылды. Студия іске қосылған уақыттан бастап ұлттық дәстүрлерді дәріптеп, қоғамда көтерілген өзекті мәселелер мен түрлі тақырыптар аясында подкасттар, бейнероликтер, сұқбаттар, сондай-ақ, жаңа тренд форматтағы түсірілімдер жасау көзделуде, - деді басқарма басшысы.
@Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі