Ел жаңалықтары
Қазақстан халқының саны – 20 млн 14 мың
2023 жылғы 1 желтоқсанда халық саны 20014575 адам болды. Оның ішінде қала тұрғындары – 1243 220 адам, ауыл тұрғындары – 7583355 адам.
2023 жылдың басынан бері халық саны 247768 адамға артты. Оның ішінде табиғи өсім есебінен 239 422 адамға, көші-қон есебінен – 8 346 адамға өсті.
Халық санының ең жоғары өсу қарқыны Астана мен Алматы қалаларында, тиісінше 5,11% бен 2,82%, сондай-ақ Маңғыстау облысында – 2,40%.
Арнаулы әлеуметтік төлем төленеді
Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істеп жүрген азаматтарға 55 жастан бастап арнаулы әлеуметтік төлем төленеді деп хабарлайды Kazinform.
Айта кетейік, өткен жылдың 21 желтоқсанында Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық бірлестіктер және еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін адамдарды әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Осы Заңға сәйкес, 2024 жылдың 1 қаңтарынан зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істеп жүрген азаматтарға 55 жастан бастап арнаулы әлеуметтік төлем енгізіліп отыр.
«Заңға көп өзгеріс енгізілді. Біріншіден, арнайы әлеуметтік төлем көп жыл бойы жұмыс істеген, 55 жасқа толған және 7 жыл бойы өздеріне жиынтық жарналар аударған азаматтарға төленеді. Арнайы әлеуметтік төлем төрт қаражат көзінен: республикалық бюджеттен 2 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде, өмірді сақтандыру жөніндегі компаниялардан, жұмыс берушілердің қаражатынан, БЖЗҚ-дан міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен төленеді» деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.
Кімдердің жалақысы өсті?
Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында жыл басынан елімізде ең төмен жалақы мөлшері 70 000 теңгеден 85 000 теңгеге дейін ұлғайды.
Еңбек кодексіне сәйкес жұмыс берушілер жұмыскерлерге еңбекақыны ең төмен жалақыдан төмен болмайтын деңгейде қамтамасыз етуге міндетті.
Осыған орай 85 мың теңгеге дейін жалақы алатын түрлі меншік нысанындағы кәсіпорындардың барлық саласында жұмыс істейтін 1,8 млн-ға жуық жалдамалы жұмыскердің, оның ішінде бюджет саласындағы 350 мың қызметкердің ақшалай кірісі өседі.
Бірінші кезекте ең төмен жалақыны арттыру «айлығы аз» қызметкерлерге қатысты болады.
Екіншіден, жалақы деңгейін белгілеу кезінде ең төмен жалақы көрсеткішін пайдаланатын жұмыс берушілер разрядаралық біліктілік жүйесін ескере отырып, қызметкерлердің басқа санаттарының жалақысын қайта қарайды.
Естеріңізге сала кетейік, ең төмен жалақы еңбек саласындағы ең төмен әлеуметтік стандарт саналады және жыл сайын тиісті қаржы жылына сәйкес Республикалық бюджет туралы заңмен белгіленеді.