» » Балықты кәсіп еткен бригада

Балықты кәсіп еткен бригада

Орталықтан шалғай жатқан Т.Көмекбаев ауылы мал шаруашылығы, жүк тасымалы, такси қызметімен айналысады. Сонымен қатар, балық өндіруді де кәсіп етеді. Ауылдағы екі бірдей балық бригадасы жұмыс істеп, тұрғындарды адам денсаулығына пайдалы балық өнімімен қамтып отыр.

Осы бригадалардың бірінің бригадирі – Түрікпенбай Исаев. Ол 2009 жылы Т.Көмекбаев ауылына Қарақалпақстанның Төрткүл ауданынан отбасымен қоныс аударған. Бұған дейін мал шаруашылығы, оның ішінде жылқы малын өсірумен айналысқан шаруа Қазақстанға келгеннен кейін де еңбекқорлығына салып, балық аулап отбасына нәпақа табуды қолға алады. Туған топыраққа оралған қандасымыз үшін бұл кәсіп оған жастайынан таныс-ты. Шекараның арғы бетінде жүргенде де талай мәрте су жағалап, ау құрған болатын. Былай айтқанда, балықшылық бүгін істеп тұрған тірлігі емес. Бәлки содан болар, "Өзен жағалағанның өзегі талмайды" дегендей, көп ойланбай жарамды  жігіттерді жанына жинап, балық бригадасына топтасты.

– Қасымда Қанжар, Рүстем, Азамат есімді азаматтар бар. Бәрі балық аулаудың шебері. Кәсібімізге пайдаланатын 2 резеңке қайық, 20-дай көлге тастайтын ау бар. Әр кәсіптің өз сыры мен қыры болатыны сияқты, балық аулау да өзінше бір әлем. Ебін тауып, ретін келтірмесеңіз, олжасыз қалуыңыз да ғажап емес. Табиғаттың тосын мінездері болады. Онымен де санасуға тура келеді.

Ауды бірер күн ілгері бір жерге тастасақ, келесіде басқа жерге құрамыз. Әрбір тастағанда орнын ауыстырып, көшіріп отырамыз. Бұл – балықтың мол қабуына сеп. Желді, дауылды күндері көлге шықпауға тырысамыз. Себебі өмір қауіпсіздігі бірінші орында. Шүкір дейік, осыған дейін қолайсыз жағдай орын алып көрген емес. Тыйым салынғандықтан балық уылдырық шашатын мезгіл – сәуір-маусым айларында мүлде ауламаймыз. Алдымен көлдің иесінен рұқсат қағазын алып барып жұмысқа кірісеміз, – дейді кәсіп иесі.
Қытайдың жілкі аулары дүкенде толып тұрғанымен, одан табиғатқа келетін зияндылық шаш-етектен. Су түбіне түскен мұндай аулардың жүз жылға дейін сол күйінше сақталатынын ескерсек, жәндіктерге де келтірер зардабы аз емес. Осы жағын ескерген жергілікті балықшылар өздері ауды қолдан тоқып, оған жіп пайдаланады.

– Бізде ауды Азамат тоқиды. Қытайдың ауын қолданбаймыз. Қайықтарымыз бен ауларды екі жыл сайын ауыстырып, жаңалаймыз. Балықтың бағасы көлеміне қарай қойылады. Неғұрлым үлкен болса, соғұрлым бағасы өседі. Негізгі тұтынушымыз ауыл тұрғындары. Көтерме саудамен де, жекелей де жұмыс істей береміз. Балықтың өнімі несібемізге қарай әркезде әртүрлі. Бірде мол олжаға кенелсек, кейде бос қайтатын уақыттар болады. Бірақ қалай десек те, осы кәсіппен жанұямызды асырап қоймай, елді мекен халқын да дәруменге бай, денсаулыққа шипалы өнім түрімен қамтамасыз етіп келеміз. Ауға көбінесе сазан, амур, карас ілігеді. Тәжірибемізде 80 келі салмақ тартатын кісі бойындай жайын алған кездеріміз де болды. Келешекте өзіміз балық өсіріп көрсек пе деген ойымыз бар. Сол үшін бір жігітімізді арнайы оқуға жібердік, – дейді бригадир балықшылық кәсіпті кеңейтудегі жоспарымен бөлісіп.
                                                                                        Сәрсенкүл АҚКІСІ
   
16 желтоқсан 2023 ж. 812 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 411

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 488

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930