Тағайындалды
Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте Қызылорда облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының жаңа басшысы таныстырылды.
Облыстық бірыңғай конкурстық комиссиясының шешімі және облыс әкімінің өкімімен Қызылорда облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы лауазымына Әбсаттаров Дінмұхамед Болатұлы тағайындалды.
«Дінмұхамед Болатұлы – аймақтың кәсіпкерлік саласымен етене таныс, квазимемлекеттік сектормен қатар мемлекеттік қызметтің барлық сатысынан өткен, мол тәжірибе жинаған әлеуеті жоғары кадр. Өңір экономикасын өркендетуде, негізгі көрсеткіштерге қол жеткізуде кәсіпкерлік және өнеркәсіп саласы аса маңызды рөл атқарады. Мемлекет басшысы жүктеген және Үкімет бекіткен көрсеткіштерге қол жеткізу жолында ауқымды міндеттер бар. Таяуда өңірімізге жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы отандық өнім өндірушілерді қолдау арқылы өңірдің экспорттық әлеуетін одан әрі жетілдіру қажеттігін атап өткен болатын. Бұл ретте экономиканы әртараптандыру арқылы кәсіпкерлік субьектілерінің экономикадағы үлесін арттыру, халықты жұмыспен қамту мақсатында мемлекеттік қолдау шараларын тиімді пайдалану – басты міндетіміз», – деді аймақ басшысы.
Дінмұхамед Болатұлы 1978 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясын «Теміржол көлігіндегі экономика және менеджмент», Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін «Мұнайшы-инженер» мамандықтары бойынша бітірген.
Еңбек жолын 2000 жылы «Ақтөбе хром қосындылары зауыты» акционерлік қоғамының экономисі ретінде бастаған. 2002-2006 жылдары Жалағаш, Қызылорда облысы әкімі аппараттарында түрлі деңгейдегі лауазымдарда қызмет атқарған. 2006-2010 жылдары Қызылорда облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары, басқарма басшысы, 2010-2012 жылдары ҚР Көлік және коммуникация министрлігі Көлік жолдары комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті директорының орынбасары, Оңтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы болған.
2012-2020 жылдары «Атамекен Одағы» Ұлттық экономикалық палатасының басқарушы директоры, Алматы қаласы мен Қызылорда, Түркістан облыстарының кәсіпкерлер палатасын басқарған. 2020-2021 жылдары «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы арнайы экономикалық аймағының басқарушы компаниясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы болған. 2021-2023 жылдары «QazExpoCongress» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының орынбасары қызметін абыроймен атқарған. 2023 жылдың наурыз айынан бастап «Yevniy Consulting Group» компаниясының басқарушы серіктесі қызметін атқарып келді.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі