«SMART CITY KYZYLORDA HACKATHON» байқауы басталды
Аймақта IT жобаларға қолдау өте көп. Мәселен, жыл сайын «SMART CITY KYZYLORDA HACKATHON» облыстық IT жобалар хакатоны өткізіліп келеді. Биыл да бұл байқау 3 бағытта өткізіледі. Байқаудың жай-жапсарын Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында Қызылорда облысы әкімі аппаратының Цифрлық технологиялар бөлімінің басшысы Сабит Ибадулла айтты.
- Облыс көлемінде ұйымдастырылып жатқан аталмыш байқау 3 бағыт бойынша өтеді. Сайт, мобильді қосымша, бот және ойындар әзірлеу бойынша жобалар «Әзірлеу» бағытына қатысады. «Әзірлеу» бағытында «SMART CITY» концепциясы аясында тұрғындардың ақылды қалада тұруын оңтайландыратын жобалар бағаланады. Келесі бағыт – «Модельдеу» бағыты. Бұл бағытта 3D модельдеу, робототехника, жасанды интеллект, ақылды заттар және BIM технологиялар аясындағы жобалар қабылданады. Адамдардың өмір сүру дағдысын оңтайландыру мен жаңашыл заттар, қызметтерді қолданысқа енгізуді мақсат ететін «Модельдеу» бағытында жобалар өнімнің қолайлығы, прототипі, қаржылық тиімділігі мен өнімнің эргономикаға сай жасалуы бағаланады. Келесі бағыт шығармашылыққа бағытталған, қатысушыларға жаңа леп беретін «Медиа және Білім» бағыты. Мұнда LMS, онлайн оқыту, анимация тақырыбындағы жобалар қабылданады, - деді Сабит Ибадуллаұлы.
Осы жылы хакатон байқауында жүлде қоры бірнеше есе өсті. Үздік атанған жобаларға қаржылай 900 мың теңге бөлінді. Сондай-ақ 3 білім гранты табысталады. Бұл жөнінде Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті кәсіпкерлік орталығының басшысы Жанарыс Түбекбаев.
- «SMART CITY KYZYLORDA HACKATHON 2023» байқауына қатысып, 1 орын алғандарға 150 000 теңге, 2 орынға 100 000 теңге және 3 орын иегерлеріне – 50 000 теңге табысталады. Ал, жас қатысушыларға, яғни мектеп оқушыларына Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің атынан 3 білім гранты бөлінуде, - деді Жанарыс Алтынбекұлы.