» » Өмірі – өнеге, ісі – үлгі

Өмірі – өнеге, ісі – үлгі

qarmaqshy-tany.kz Журналистік жолда талай жанмен жолығасың, кейбірі тіпті есіңде қалмайды. Бірақ соның ішінде қаншама уақыт өтсе де ұмытылмайтын, қайта құрметің арта түсетін кейіпкерлер болады. Сондай жанның бірін кент орталығындағы Т.Көмекбаев атындағы №250 мектеп-лицейінен кездестірдік. Ол осы мектептің көркем еңбек және сызу пәндерінің мұғалімі – Болатбек Өксікбаев.
Мектептің әрбір дәлізі – қайталанбас өнер туындылары. Тіпті қолөнер музейінде жүргендей әсер қалдырады. Әрбірінің өзіндік берер ойы, айтары бар. Жаңа заманға бейімделген көрнекіліктер де жетерлік. Арнайы кодты сканерлесеңіз, сол тұлға немесе сол нәрсе туралы ақпарат алдыңыздан шығады. Бұл оқушының ізденімпаздыққа қызығушылығын арттыратын дүние ғой. Ал осындай ерекше безендірілген дәліздердің бастамашысы мектеп директоры болса, сол туындылардың авторы – Болатбек ағай. Бір жарым жылдан соң, ағайдың кісілік келбетімен таныспаққа, ұмытылмас кейіпкерімізге арнайы бардық.
Ол осы ауданның тумасы. Бала күнінде көрші ағайдың сандық жасап жатқанына қызыға қарайтын бүлдіршін бүгінде өзі өнерлі ұстаз, тәжірибелі маман, сүйікті ата атанған. Мектепті бітірген соң Жосалы механикалық зауытында суретшібезендіруші болып жұмыс істеген. Ал Отан алдындағы борышын өтеу кезінде қолы өнерлі сарбаз көптің ықыласына бөленген. «Жалпы қайда жүрсем де осы қолөнерге қызығушылығымның көмегі көп тиеді» дейді кейіпкеріміздің өзі.
– Әскерден оралған соң еңбек жолымды 1987 жылы №250 мектепте үйірме сағаттарын жүргізіп бастадым. Қаладағы Н.Гоголь атындағы педагогикалық институтта жоғары білім алып, кейіннен №30 мектепте қызмет еттім. 2009 жылы кентімізде дарынды балаларға арналған мектеп ашылды. Аудандық білім бөлімінің ұсынысымен осында ауыстым. Одан бері де аттай 14 жыл өте шығыпты. Қолөнер нағашы атамнан дарыған. Мектепте келгендегі себебім – өз білгенімді оқушыларға үйрету, – дейді білікті ұстаз.

35 жылдық еңбек өтілі бар мұғалімнің осы жылдар ішінде бағындырған белесі көп-ақ. Алайда, ағамыз «мен оларды жария етіп мақтанғанды ұнатпаймын» деп қысқа қайырды. Еңбекқор ағайдың қолынан шыққан туындыларды мектептің қабырғаларынан-ақ аңғаруға болады. «Ерінбей еңбек еткеннің, жеңіске жетпегенін көрмедім» деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, Болатбек Жарылқасынұлы алдына мақсат қоя білетін, сол мақсатына жету жолында талмай еңбектеніп, қажырлы еңбегімен биіктерден көріне білетін, шәкірттеріне өмірі – өнеге, ісі – үлгі бола білген ұстаз.
Ағайдың ұстаздық қырынан бөлек, қарапайым болмысының өзі тұнып тұрған тәрбие. Олай деуімізге мына сөздері себеп болды.
– Осы жүргенде «Мен не істеп жүрмін?» деген сұрақ мазалайды. Сондайда «Бұл ағайдың істеген жұмыстары ғой» деп айтатындай артыма із қалдырып жүргенімді ойласам, көңілім тыныштала қалады. Ай сайынғы айлығыңды адалынан, таза еңбек, маңдай термен алған дұрыс. Әйтпесе күнделікті келіп-кетіп, сабағыңды ғана беріп, айды да, жылды да өткізуге болады. Сонымен қатар, бұрынғы әріптесті де ұмытуға болмайды. Зейнетке шыққан әріптестеріме осы кезде жасаған жұмыстарымды жіберіп тұрамын. Сонда олар «Қартайған сайын шабытың ашылып жүр-ау, керемет!» деп қолпаштап қояды. Оларға өз жұмыстарымды жіберудегі мақсатым – мақтану емес, мектептегі жаңалықтарды білсін, солар арқылы арамыз нығайсын деген себеп. Мектептегі оқушылардың да жасына қарамаймын. Үлкеннің де, кішінің де тілін табуға тырысамын. Мәселе оған жағымпаздануда емес, мәселе қарым-қатынас орната білуде. Біздің қоғамға бүгінде жетіспейтін нәрсе осы мәміле. Сонымен қатар жастардан үйренуден қашпаймын. Қазір технология дамыған. Менің бір апта жасайтын дүниемді санаулы минуттарда жасап шығаратындай мүмкіндік бар. Кейде олардан ақыл-кеңес сұрасам «Ағай өзіңіз де білесіз ғой» деп жатады. Алайда «мен білем» деп кеуде кермеген жөн. Қай жерде, қандай қызметте жүрсең де қарапайымдылықтан танбау қажет. Істәжірибе алмасу, жаңаны игеру – өмір бойы өзіңмен серік болу тиіс, – дейді ол.

Тәжірибелі ұстаз отбасында аяулы жар, ардақты әке, сүйікті ата. 6 перзент өсіріп, олардан 20 немере сүйіп отырған үлкен әулет иесі. Ұлын – ұяға, қызын – қияға қондырып, олардың қызыға кенеліп, аталық ақылымен, кісілік келбетімен үлгі әулеттің үлкені. Ұлдары әке жолымен қолөнерлікті таңдап, кәсіптерін дөңгелетуде. Қыздары да кәсіптен құр алақан емес.
– Ұлдарыма бала кездерінен балға ұстатып, шеге қаққызып үйреттім. Жалпы баланы кішкене күнінен беліне күш түспейтін жұмыстан басқасының бәріне жұмсап үйреткен жөн. Баладағы кез келген іске деген қызығушылықты әке оятуы тиіс. Отбасында әке мен ана баланың бағыт берер бағдаршамы. Қазір екі үлкен ұлым ағаштан түрлі дүние жасаса, кішкентайы мерекелік шараларды безендірумен халыққа қызмет көрсетуде. Үлкен қызым да кәсіппен айналысады. Екінші қызым мектепте ұстаз, қосымша кәсібі бар. Ал кенжеміз мектепте лаборант болып қызмет етеді. Оларға ешкімді алдамай, үйге әкелетін табыстарың адалынан болсын деп, айтып отырамын. Қай жерде жұмыс істесең де, сол ұжымға, сол салаға жанашырлық болуы тиіс. Жалпы әдемілікті жаным сүйеді. Қисайған затты түзетіп кету, жерде жатқан дүниені көтере салу қиын емес қой. Сол секілді дәлізде бұзықтық жасап жүрген баланы тезге салу, сабақ үстінде көңілсіз отырған баланың көңілін аулау – қосымша ақы сұрайтындай қызмет емес. Жалпы жас ұстаздарға айтарым, баланы киіміне, ата-анасына, әлеуметтік жағдайына қарап бағалау, алалау дұрыс емес. Себебі мұғалім баланы бөлектеген соң, оқушылар да ол баланы шеттете бастайды. Осыдан оқушылар арасындағы шиеленіс пайда болады. Қарап отырсақ, қарапайым-ақ дүние. Бірақ титтей қателік кетсе, арты үлкен дауға тірелетіндей мәселе, – дейді Болатбек Жарылқасынұлы.
Тұлғалық келбетінде біліктілік, берген тәрбиесінде ұлағат пен өнегелілік сайрап тұрған ағайдың ұрпақтары бүгінде әкелерін, аталарын мақтан етеді. Елім деп соққан жүрегінің қалауын орындаған, адал тірлігінің арқасында артына өзінің өшпес ізін қалдырған, елінің құрметіне бөленген қоғамдық өмірдегі толымды тұлғалық бейнесін қалыптастырған Болатбек Өксікбаевтың өмір жолы тек артында қалған ұрпағына ғана емес, кейінгі жастарға үлгі-өнеге. «Жақсымен өткізген жарты сағат, жаманның өтіп кеткен ғұмырындай» демекші, ұстазбен жарты сағат сұқбат құрсақ та өмірімізге мол азық алдық. Алдыңғы буын осындай ағалардың болғанына қуандық. «Не істесең де, жақсы көріп істе» дегенді санамызға сіңіртті. Бір түйгеніміз, баланы жақсы көретін, дос болатын, осылар маған қарап бой түзейді дейтін Болатбек ағайдай мұғалім әр мектепке керек.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
10 қазан 2023 ж. 484 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 041

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031