Сырда білім ғимараттары саны артты
Сыр аймағының білім саласында соны серпіліс байқалады. Балғындардың сапалы білім алып, саналы азамат болып қалыптасуына негіз қалайтын мұндай игі істердің әрбірі өміршеңдігімен қуантады.
Биылғы оқу жылына қызылордалықтар толағай табыспен жетіп отыр. Әсіресе, өңірде оқушылардың сапалы білім алуына жол ашатын заманауи мектеп ғимараттарының құрылысына айрықша басымдық берілді.
Нәтижесінде, жаңа оқу жылы қарсаңында Қызылорда қаласындағы екі іргелі мектептің жанынан қосымша ғимараттар салынып, ел игілігіне берілуі жергілікті жұртшылықты зор қуанышқа бөледі. Соның ішіндеҚызылорда қаласындағы С.Толыбеков атындағы №3 ІТ-мектеп-лицейінің және Т.Есетов атындағы №264 мектеп-лицейдің жанынан салынған қосымша ғимараттың пайдалануға берілуі көпшілікті қуанышқа бөледі.
Негізінен, Сыр өңірінде кейінгі жылдары бірнеше білім ошағына бала санының артуына байланысты қосымша құрылыс нысанын салу қажеттілігі туындап тұрған болатын. Соған орай С. Толыбеков атындағы №3 ІТ-мектеп-лицейінің ауласынан бой түзеген 375 орындық ғимаратта бүгінде бастауыш сыныптар оқиды. Ал Т.Есетов атындағы №264 мектеп-лицейдің қосымша ғимараты 550 орынға негізделген.
Жаңа ғимараттарда оқу кабинеттері, шығармашылық бөлмелер талапқа сай жабдықталған. Оқушыларға ыңғайлы болу үшін оқу құралдарын сақтауға, шығармашылық дамуы мен демалуына барлық жағдай қарастырылған. Бейнебақылау, дыбыстық хабарлау және басқа да қауіпсіздік жабдықтары орнатылған.
Бұған қоса, биыл Қызылорда қалалық №101 мектеп-лицей және Абай атындағы үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған сыныптары бар мектептің жанынан да дәл осындай оқу ғимараттары пайдалануға берілді. Осылайша, облыс орталығындағы 4 мектептің 1 850 балаға арналған қосымша ғимараттары жаңа оқу жылында оқушыларға есігін айқара ашты.
«Жалпы, Сыр өңірінде жас ұрпақтың сапалы білім, саналы тәрбие алуына негіз қалайтын іргелі бастамалар жүзеге асырылуда. Соның ішінде заманауи жаңа білім ошақтары бой көтеріп, зейінді бүлдіршіндерімізге барынша жағдай жасалуда. Нәтижесінде, аймақта 3-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту үлесі 100 пайызға жетсе, 2-6 жастағылардың қамтылуы 88,9 пайызға артты. Сонымен қатар облыстағы 613 балабақшаның 453-і немесе 73 пайызы жеке сектордың үлесіне тиесілі», – деп мәлімдеді бұл жайында Қызылорда облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бағдат Бердәулетов.
Жалпы, соңғы кездері өңірдің білім саласында атқарылған жұмыстар ауқымдылығымен қуантады. Алдағы уақытта да оқу ғимараттарының санын арттыру көзделіп отыр.
Бұл тұрғыда Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде 100 млрд теңгеге жуық қаражатқа 21 заманауи мектеп салынбақ. Биыл сондай 10 мектептің іргетасы қаланады деп күтілуде. Сонымен қатар қаланың сол жағалауында «ҚазГерМұнай» компаниясының қаржылай қолдауымен 350 орындық заманауи оқушылар сарайы бой түзейтін болады. Бұл қосымша білім беру ордасында өнерге құштар, спортқа бейім дарынды балалар тәрбиеленеді.
Осы орайда биыл шілде айында Қызылорда қаласында дарынды балаларға арналған 300 орындық жатақханасы бар, 400 орындық физика-математика мектеп-интернатының іргетасы қаланғанын айта кеткен абзал. Сол жағалауға қоныс тепкен жаңа ғимарат жобасының құны 7 млрд 900 млн теңгені құрайды. Жаңа мектеп оқушыларға сапалы білім беруге мүмкіндік жасайтын заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталмақшы. Ғимарат құрылысы 2024 жылы аяқталып, оқушылар мен ұстаздар игілігіне беріледі деп жоспарланып отыр.
Биылғы оқу жылына қызылордалықтар толағай табыспен жетіп отыр. Әсіресе, өңірде оқушылардың сапалы білім алуына жол ашатын заманауи мектеп ғимараттарының құрылысына айрықша басымдық берілді.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы
aikyn.kz
Қызылорда облысы