Нақтылық алға апарады
«AMANAT» партиясы аудандық филиалына қарасты «Қараөзек» бастауыш партия ұйымында Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа жолдаған Жолдауын талқылау мақсатында кездесу ұйымдастырылды. Оны «Қараөзек» бастауыш партия ұйымының төрағасы Болат Жұмабаев жүргізді.
Басқосуда алғашқы болып сөз алған «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Әділ Қошалақов президент жолдауында атап айтылғандай, 2020 жылдан бері педагогтердің айлығының екі есеге өскенін, дәрігерлердің де айлығының біршама көтерілгенін тілге тиек ете келе, «Жайлы мектеп», «Ұлттық қор – балаларға», басқа да жобалар бойынша атқарылатын істерге толыққанды тоқталып өтті. Сонымен қатар, әлемдегі геосаяси ахуалдың шиеленісуіне қарамастан елімізде экономикалық өсімнің орын алып отырғанын жеткізді.
– Жолдауда Мемлекет басшысы: «... Бытыр Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 104 триллион теңге болды. Елімізге 28 миллиард доллар тікелей шетел инвестициясы тартылды. Бұл – рекордтық көрсеткіш...» деп атап көрсетті. Сонымен қоса, сыртқы сауда-саттықтың бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілгенін де назарға салды. Салада дамудың жаңаша экономикалық үлгісіне көшуіміз заман талабы екенін де тыс қалдырмады, – деді ол өз сөзінде.
Кездесуде партия ардагерлері, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Гүлжауһар Төлегенқызы, аудандық партия филиалының Саяси кеңес мүшесі Сәрсенкүл Райымбаева халықтың тұрмыс сапасы, баға тұрақтылығы, басқа да құжатта көрсетілген мәселелер бойынша ойларымен бөлісті. Сондай-ақ Ә.Егізбаев атындағы №121 мектеп ұжымы қызметкерлерін Мемлекет басшысының Жолдауын бірауыздан қолдауға шақырды.
С.АҚКІСІ