Теміржол билеті неге тапшы?
qarmaqshy-tany.kz Ақеркенің жақын арада Алматыға барып ота жасатуы керек еді. Онлайн түрде билет алайын десе орын жоқ. Ал теміржол вокзалына келгенімен, мұнда да еститін жауабы «билет болмай тұр». Бұл тек Ақеркенің ғана басындағы жағдай емес. Қазір тамыз айы. Мектеп бітірушілер де ЖОО-на түсіп мәре-сәре болып жатыр. Алайда қалаға баруға пойызға билет таппай әлек.
Иә, бүгінде билет тапшылығы өзекті мәселеге айналып отыр. Жаз демалыс маусымы болғандықтан мұндайда бірі – саяхаттағысы келеді, бірі – емделуге, оқуға тапсыруға, келесі бірі – ағайын-туысқа сәлем бере барады. Осындайда пойызға билет таппай тентіреп кетеді кей жұрт. Ұшаққа мінуге қалта көтермейді, ал теміржолдың жай-күйі белгілі, күн ыстықта тас жолмен жүру де қолайсыз.
ЖЕТЕЙІН ДЕСЕМ, ЖЕТЕ АЛМАЙ...
Жыл сайын жаз бастала сала жұрт қала арасында жүруге билет таппай сабылатыны рас. Бұл жағдай биыл да қайталанып отыр. Тіпті жылда қайталанатын «дәстүрге» айналды десек болғандай. Тұрғындар билет тапшылығынан барар жеріне дер кезінде жете алмай, шаруасын уақтылы бітіре алмай сергелдеңге түсіп жатады. Қазір қай теміржол вокзалына барсаңыз да, билет таппай сандалған жұртты көресіз. Бір қызығы, билет алғандарға қарағанда, ала алмай жүргендердің саны әлдеқайда көп. Сонда әрі-бері ағылған пойыздардың билеті қайда кетіп жатыр деген сұрақ мазалайды.
Осыдан бір ай уақыт бұрын үйдегілерге алыс жолға билет алмақ болдық. Жол жүруге әлі 44 күн бар. Десе де билеттер жоқтың қасы. Купенің «бір түйір» астыңғы орнын әзер таптық. Билет 45 күн бұрын сатылымға шықса да келесі күні таусылып қалатынын көзбен көрдік. Себебі билет сатылымға шыққан бойда алыпсатарлардың қолына кетеді.
АЛЫПСАТАРЛЫҚ АСҚЫНЫП ТҰР
Онлайн билет сату заманның озық тәсілі десек те, кейде халықты тығырыққа тіреп қоятын сәттері болады. Автоматты жүйе болғандықтан, билет бағасы тұрақсыз, кейде тым қымбаттап кетеді.
База жалпыға ортақ, сондықтан оған жеке тұлғалар да, компаниялар да кіріп сатып алуына мүмкіндігі бар. Сол себепті бұл жерде делдалдардың асығы алшысынан түсіп тұр. Бірақ билеттің бәрін бір жекеменшік компания жаппай сатып алуы мүмкін емес, өйткені әр билет әр адамның атына рәсімделуі тиіс.
Билет саудасын заңсыз кәсіп еткен пысықайлар заңды түрде күні бұрын арзан бағаға бүкіл туысқан, тамыр-танысының атына 20-30 билет рәсімдеп алады. Мұндайлар аз емес. Ондай пысықтар өте көп, әсіресе жаз маусымында жауыннан соңғы саңырауқұлақтай қаптап кетеді.
Неғұрлым уақыт жақындаған сайын билеттің бағасы да шарықтай бермек. Түрлі жағдай болады, біреу аяқасты тойға жиналады немесе қазаға бару керек, билет жоқ, не істеу керек? Жеке кассаларды маңайлап билет іздей бастайды. Билет кассирі оның «меншігіндегі» баяғы 2030 билеттің біріне «кері қайтару» жасап, сол сәтте оны қайта «ұстап алып», сізге рәсімдеп береді. Мұқтаж болғандықтан бағаның қалтаны қағатынына да қарап бас ауыртпайды. Сұрағанын беріп, жолға шығады.
ТАПШЫЛЫҚҚА ТОСҚАУЫЛ БАР МА?
Билет тапшылығын жою мақсатында 2019 жылдың шілде айынан бастап ҚТЖ-да «Күту парағы» қызметі енгізілді. Жолаушы билетті сатып алар кезде бос орындар болмаған жағдайда пойыз жөнелтілгенге дейін 7 күн бұрын «Күту парағына» кезекке тұра алады. Бос орындар пайда болған кезде жолаушы өзінің жеке кабинетінде, сондай-ақ орындарды сатып алу қажеттілігі туралы смс хабарламаны алады.
Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында 69 мың жолаушы bilet.railways.kz сайтындағы «Күту парағы» сервисі арқасында теміржол билеттерін сатып алған екен. Бұл қызмет жолаушыға еркін сатылымда билет болмаған кезде пойыз жөнелтілгенге дейін 7 күннен ерте емес және 2 сағаттан кешіктірмей кезекке тұруға мүмкіндік береді. Қызмет bilet. railways.kz сайтында жұмыс істейді, сондай-ақ оны тегін негізде билет кассасында пайдалануға болады.
Бүгінде электронды билетке сұраныс жоғары болған соң, вокзалдағы кассалар да біршама қысқарған. Халықтың 60-70 пайызы электронды билет алуды жөн көреді. Түсінуімізше, билет сатылатын база жалпыға ортақ болған соң, бар билетті ешкім жасыра алмайды. Бұл оң өзгерістер жолаушылар тасымалындағы келеңсіздіктерді реттеуге айтарлықтай әсер еткені айтпаса да түсінікті. Алайда «қалауын тапқандар» жоқ жерден пайда көруге тырысып бағады.
Түйін Жаз аяқталып қалды. Демалушылар үйлеріне қайту үшін, ал студенттер оқуларын жалғастыру үшін пойызға отырады. Отарбаның жұртқа қолайлы көлік екенін ескерсек, бұл мәселенің оңтайлы шешімін табу керек-ақ. Қолдан жасаған билет тапшылығы қара жол үстіндегі апаттың да артуына септігін тигізетінін де ескерейік. Себебі билет таппаған жұрт шұрық-тесік жол болса да автобуспен, не таксимен қатынап жан бағады.
Ақнұр САҒЫНТАЙ