2023 жылғы грант нәтижесі жарияланды
2023 жылғы білім беру гранттарының нәтижесі жарияланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Биыл грантқа түскендер тізімін мына жерден көре аласыздар. Грант иегерлерінің тізімі 2023 — копия.pdf
Гранттарды тағайындау конкурсына қатысу үшін 94 мың талапкер құжат тапсырды. Бұл былтырмен салыстырғанда 14 мыңға артық.
Мемлекеттік гранттар республикалық комиссия отырысының қорытындысы бойынша тағайындалды. Комиссия құрамында ҚР Парламентінің депутаттары, мүдделі мемлекеттік органдардың, бiлiм саласы кәсiподақтарының, ҚР Ұлттық кәсiпкерлер палатасының, ҚР Жоғары оқу орындарының ассоциациясының және қоғамдық ұйымдардың өкілдері болды.
Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес халық тығыз қоныстанған батыс және жаңадан құрылған өңірлердің жастары үшін гранттар бөлінді. Педагогикалық, инженерлік, IT мамандықтарға және жаратылыстану ғылымдары бойынша Атырау облысына 1500, Маңғыстау облысына 1500, Ұлытау облысына 300, Жетісу облысына 300, Абай облысына 500, Шымкент қаласына 400, Түркістан облысына 500 грант берілді.
Бір гранттық орынға ең үлкен конкурс "Стоматология" БББТ бойынша болды. Бұл мамандық бойынша 22 талапкер бір орынға таласты. Одан кейін "Халықаралық қатынастар және дипломатия" (14 адам), "Құқық" (11 адам), "Музыка мұғалімдерін даярлау", "Денешынықтыру мұғалімдерін даярлау" және "Психология" (10 адамнан) болды.
Грантқа үміткерлер арасында балдар теңдігі жағдайында басым құқыққа ие болатын 20 мыңға жуық талапкер, олардың ішінде "Алтын белгі" иегерлері, халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары, оқу үздіктері бар. Сондай-ақ, гранттарды үйлестіру барысында әлеуметтік осал санаттағы балалардың квоталары ескерілді.
Жоғары оқу орындарына құжаттарды тапсыру 25 тамызға дейін жүзеге асырылады.
Айта кетейік, ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев ҰБТ қорытындысы туралы айтқан еді. Оның сөзінше, 18 мамыр мен 5 шілде аралығында барлығы 304 мың түлек тестілеуге өтініш білдірді. Солардың 76 пайызы қазақша тест тапсырды. 79 пайыз шекті балл алды. Былтырғы жылмен салыстырғанда шамамен 10 пайызға өсті. Сонымен қатар, биыл ҰБТ орташа балы - 70, бұл былтырғы көрсеткіштен 3 балл жоғары.
Құжатты қайда тапсыру керек? Биыл ең көп грант бөлінген мамандықтар айтылды
Еске салайық, бұған дейін биылғы білім гранттарының нәтижесі қашан жарияланатыны белгілі болғаны хабарланған еді.
massaget.kz