Кенеден келер кесір көп
Бүгінде облыста Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына қолайсыз деп танылған 106 елді мекен анықталды. Осыған орай, өңірде кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары үздіксіз жүргізілуде. Жауапты сала мамандары тұрғындарды барынша сақ болуға және үй аумақтарын жиі тазалап тұруға шақырды.
– Жыл сайын облыстық бюджет есебінен тиісті қаражат бөлініп келеді. Биыл да кенеге қарсы күрес шаралары жоспарға сәйкес орындалуда. Қазіргі таңда қолайсыз елді мекендердегі тұрғын үй аумақтары мен мал қораларына кенеге қарсы «Креолин Х» ерітіндісі қолданылуда. Облыс бойынша көктемгі залалсыздандыру жұмыстарының орташа тиімділік көрсеткіші 97,2 пайызды құрады, - деді Қызылорда облысы әкімі аппаратының «Жұмылдыру және шұғыл жұмыстар орталығы» КММ директорының міндетін атқарушы Бауыржан Садықов.
– Жалпы біздің өңір Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошағында орналасқан. Сол себепті қала және барлық ауданда кенеге қарсы көктемгі жұмыстар 2 кезеңмен жүргізілуде. Өздеріңіз білетіндей, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы өте қауіпті аурулардың біріне жатады. Аталмыш аурудың ең алғашқы белгілері: адамның басы айналады, жүрегі айниды, дене температурасы көтеріледі, әлсіздік пайда болады, іші ауырады. Егер адам өзінен осындай белгілерді байқаса міндетті түрде медициналық көмекке жүгінуі керек. Сондай-ақ, жаз мезгілінде табиғат аясына шыққанда және далалық жерлерде кенеден сақтанып, үй аумағында тазалық жұмыстарын жиі жүргізіп тұрған абзал, – деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова.
– Биыл залалсыздандыру жұмыстарына жұмсалатын препараттар көлемін жоспарға сәйкес алдыртып, кезең-кезеңімен аудандарға жөнелтіп жатырмыз. Жалпы қолайсыз елді мекендерде 556 мың мал басы бар. Оның 117 мың мал басына арнайы препараттар егіліп, қауіпті ауруға қарсы залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Бүгінде ауру ошақтары анықталған елді мекендер қатаң бақылануда, – деді облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Әнуарбек Дәрмағамбетов.
– Бүгінде облыста Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына күдікті 29 науқас тіркелді. Оның ішінде 10 жағдай нақтыланып, өкінішке орай 3 адам қаза тапты. Қазіргі сәтте қолайсыз деп танылған елді мекендерден бөлек, басқа аумақтарда да қауіпті аурудың алдын алу шаралары тұрақты түрде жүргізілуде. Адамның ауруды жұқтыруы кене шаққан жағдайларда және қанында вирусы бар жануарларды сою кезінде, сондай-ақ науқас адамға күтім жасау кезінде немесе мәйіттің қанымен, ластанған медициналық құралдар арқылы да жұғуы мүмкін. Сондықтан облыс тұрғындарын барынша сақтануға шақырамыз, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жангелді Шаймбетов.
Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасы