Асқақтай бер, Астана
Өткен аптаның бейсенбі күні барша қазақ жұрты Астана күнiн тойлады. Елорда Сарыарқаның төсiне қоныстанып, Астана атанғанына да жиырма бес жыл болыпты. Күнi кеше ғана Алматыдан Ақмолаға жапырыла көшкен жұрт ендi зәулiм сарайлары бар, өзгеше сипаттағы жаңа Астананың келбетiне тамсана қарайды. Алғашқы кездегi жапырайған үйлер, мидай жазық дала бүгiнде адам танымастай өзгерген.
Жыл сайын, тіпті ай сайын Астана түрленіп келеді десек те артық емес. Оған уақыт өткен сайын қала көшіне ілескен жаңа ғимараттар мен сауда орталықтарын, жаңа магистральдарды айтсақ та болады. Астананың тұп-тура жанына отырғызылған қалың орман да желмен жарыса жайқалып, көгеріп, көктеп келеді. Күні өтпей-ақ, қалың ну орманға айналатынын білдіргендей тал шыбықтар да желмен бірге ән сала тербетіледі.
Астана! Бұл әлемдегі теңдессіз астаналардың қатарындағы ерекше қалаға айналмақ. Айналдырған жиырма бес жылдың ішінде түркі әлемінің астанасына айналған Астана қаласының күні ертең-ақ түркі дүниесінің рухани орталығына шындап айналары сөзсіз. Бойына жақсылық нұрын шашқан Астана әлі де көркейе береді. Алаш баласының армандаған азаттық идеясы Астана арқылы көрініс тауып, әлемге өзін танытып жатқаны да барша қазақстандықтардың мерейін асыруда.
Еліміздің бас қаласы Астана күніне орай Жосалы кентіндегі орталық алаңда «Жайнай бер, Астана!» атты мерекелік концерт өтті. Айтулы іс-шараға аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Жұлдызхан Байназарұлы қатысып, жиналған жұртшылықты Астана қаласының 25 жылдық мерейтойымен құттықтап, тұрғындарға ізгі лебізін білдірді.
– Елорданың 25 жылдық мерейтойы қарсаңында, Республикамыздың бас қаласы өзінің аса жоғары мәртебесіне сай нағыз астана болып қалыптасып, мемлекетіміздің шынайы мақтанышына айналды. Астана шаһары талай жанның арманына қанат бітіріп, өмірден өз орнын табуына да даңғыл жол ашып берді. Астана – келешегі жарқын, болашағы айқын қала. Ерке Есілдің жағасынан керегесін кең жайған Астананың ғұмыры ұзақ, шоқтығы биік болсын! Баршаңызды бүгінгі мерекемен құттықтай отырып, әр шаңыраққа шаттық пен бақ-береке тілеймін, – деді Ж.Ерқосаев.
Одан соң, аудандық мәслихат төрағасы Әділ Үсенұлы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Ермағанбетұлы жиналған жұртшылықты бас қаланың мерейтойымен құттықтап, елімізге амандық, береке-бірлік тілейтінін жеткізді.
«Айқаракөз» би тобының ұлттық биімен басталған Елорда күніне арналған думанды іс-шара аудан өнерпаздарының ән-жырымен жалғасты. Сондай-ақ, іс-шараға келген тұрғындар арасында викториналық ойындар ойнатылып, түрлі спорттық сайыстар ұйымдастырылды.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА