Көлік салығы бойынша қарызы бар азаматтарға ел аумағынан шығуға тыйым салынуы мүмкін
Фото
12 маусымдағы мәліметке сәйкес қазақстандықтардың көлік салығы бойынша қарызы 22 млрд теңгеден асты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жалпы, республика бойынша 496,7 мың жеке тұлғаның көлік құралдары салығы бойынша берешегі – 22,4 млрд теңге, оның ішінде негізгі қарыз – 17,5 млрд теңге, өсімпұл – 4,9 млрд теңге.
Өңірлер бойынша алып қарағанда қарызы ең көп салық төлеушілер:
Алматы облысында 57,7 мың адам – 3,0 млрд теңге
Алматы қаласында 53,6 мың адам – 4,9 млрд теңге
Түркістан облысында 53,6 мың адам – 1,2 млрд теңге
Шымкент қаласында 39,9 мың адам – 1,5 млрд теңге
Астана қаласында 37,0 мың адам – 2,5 млрд. теңге.
2022 жылға жеке тұлғалардың көлік құралдарына салық төлеу мерзімі 2023 жылғы 1 сәуірде аяқталған болатын.
2023 жылғы 19 мамырдан бастап салық сомасын уақтылы төлемеген тұлғаларға 1 АЕК-тен жоғары берешек сомалары бойынша жеке тұлғаның берешегін өндіріп алу туралы салық бұйрықтарын жолдау басталды.
Берешек төленбеген жағдайда салық бұйрығы табыс етілген күннен кейін 5 жұмыс күні өткен соң, жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына мәжбүрлеп орындатуға жіберіледі. Жеке сот орындаушылары «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес банк шоттары мен мүлкіне тыйым салу түрінде мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолдануға құқығы бар. Оның ішінде 40 АЕК-тен асатын қарыз болса, азаматқа ел аумағынан шығуға тыйым салынуы мүмкін.
Бұдан басқа, мемлекеттік кірістер органдары уәкілетті органдармен бірлесіп (Полиция департаменті мен Жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасы) жыл басынан бастап көлік құралдары салығы бойынша берешегі бар жеке тұлғаларға қатысты күн сайын рейдтік іс-шаралар өткізуде. 5 айда 10 152 рейд жүргізіліп, 413 автокөлік құралы айыппұл тұрағына қойылды. Нәтижесінде 963,7 млн теңге мемлекеттік бюджетке түсті.
Ал, ел аумағынан шығуға тыйым салу туралы ақпаратты осы сілтеме арқылы білуге болады.
Салық бойынша берешектің бары немесе жоқ екендігі туралы мәліметтерді e-Salyq Azamat мобильді қосымшасынан білуге болады. Электронды сервистер→Салық және әлеуметтік төлемдер бойынша берешек туралы қызметі→ЖСН-ды енгізу.