» » Жақұт мекен Жосалыда туған қыз

Жақұт мекен Жосалыда туған қыз

qarmaqshy-tany.kz Ауданымызда қадір-қасиетімен, сыйластығымен Сыр бойы халқына танылған өнегелі отбасы жетерлік. Солардың бірі – ұлы отан соғысының ардагері, журналист Сапабек Махмутов пен ауданның құрметті азаматы, «Ғасыр кәсіпкері» Шынар Махмутованың жанұясы.
Халықаралық отбасы күніне байланысты «Аналар ізімен» жобасы аясында Төретам кенті клуб үйінің ұйымдастыруымен Махмутовтар әулетінің перзенті, еңбек ардагері, көпбалалы ана, іскер әйел – Шолпан Махмутованың өнегелі өмірін тұрғындарға кеңінен насихаттаған кеш өтті.

Ол – ауданымыздың алғашқы кәсіпкерлерінің бірі. Кәсіпті тоқсаныншы жылдардың басында сауда саласында бастап, 2005 жылы Төретам кентінде автостанса ашып, өңірде жолаушы тасымалы бойынша жұмыс істеп келеді. Кәсіпкер бүгінде өзінің тындырымды ісімен Төретам кентінен мына жағы Қазалы, Арал, мына жағы Жосалы кенті арқылы облыс орталығына үздіксіз жолаушылар тасымалын жолға қойған. Өткен жылы ол Жосалы кентінен «Шынар ана» автостансасын ел игілігіне пайдалануға беріп, ауданда жолаушылар тасымалының өркен алуына үлкен үлесін қосты.

Ал, осындай өнегелі де, іскер ананың жеке басына тоқталар болсақ, ол ауданда құрылыс саласы бойынша өзінің қолтаңбасын қалдырған, заман талабына сай көптеген құрылыстардың бой көтеруіне жұмыс істеген атпал азамат, өмірлік жары Құрамысбек ағамызбен бірге 7 ұлқыз тәрбиелеп өсірді. Балалары Марат, Қанат, Қайрат ана жолын жалғастырған кәсіпкер болса, Ләззаты Байқоңыр қаласында ресейлік мекеменің қызметкері, Жанары Қызылордада адвокат, кіші баласы Алмат Елордадағы ішкі істер органында қызмет етеді. Бүгінде шаттыққа толы шаңырақтың отанасы Шолпан Сапабекқызы отбасынан өрбіген ұл-қызынан 17 немере сүйіп отыр.

Апайымыз еліміздегі демографиялық ахуалды дамытуда «Алтын алқа» иегері атанса, сонымен қатар, елге еткен еңбегінің жемісі үшін «Еңбек ардагері», ҚР Коммуникациялар және даму министрлігінің «Құрметті автокөлікші» төсбелгілерімен, аудан, облыс әкімдерінің, министрліктің бірнеше рет Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен марапатталды.

Айтыскер ақын Сырым Әділбековтің аналарға арнауымен шымылдығы түрілген фестивальдің ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай қатысып, шараға қатысушыларды отбасы күні мерекесімен құттықтап, жүрекжарды жылы лебізін білдірді. Өңірдегі демографиялық ахуал бойынша атқарылған жұмыстарды саралап, тыныс-тіршілігін әңгімеледі. Сонымен бірге, кәсіпкер ананың өмір жолына тоқталып, қазақы салт-дәстүрмен сый-құрмет көрсетті.

Шара барысында аудандық мәслихат, ардагерлер, қоғамдық кеңес төрағалары Әділ Қошалақов, Асқар Мереков, Әбдірахман Құлдүйсенов, ана аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Гүлжауһар Раева, Төретам кенті ардагерлер кеңесінің мүшесі Әмидулла Нағмадинов, Байқоңыр қалалық аналар кеңесінің мүшесі Гүлсара Көшкінбаева, кәсіпкер Үрзада Бекмұрзаева және басқалар құттықтау сөз сөйлеп, ыстық ықыластарын білдірді.

Шарада құрметке бөленген Шолпан Сапабекқызы осындай тағылымды іс-шараны ұйымдастырушыларға, арнайылып келген қонақтарға ізгі тілектері үшін алғаусыз алғысын айтып, ризашылығын жеткізді.

Өнегелі отбасы – тәлім-тәрбиесі қалыптасқан, береке-бірлігімен, қадір-қасиетімен өзгеге үлгі болар шағын мемлекет. Отан – отбасынан басталатынын ескерсек, алдымен Отанды құрайтын отбасы мықты болуы тиіс. Ол үшін отбасылық құндылықты мемлекеттік деңгейде жандандыру, насихаттау керек. Талғам мен талантты бір арнаға тоғыстырған өнегелі отбасы қоғам үшін қашанда үлгі.

Мерекелік шара одан әрі «Отбасы – ұлт тірегі» тақырыбында ұйымдастырылған фестивальге ұласты.
Онда шалқар шабытпен еңбек етіп, ел құрметіне бөленген Төлебаев, Есмамбетов, Тоқбергенов, Құлмұратовтар отбасы сахна төрінде өнер көрсетіп, көрермендер қошеметіне бөленді.

Бірі – ән салып, би билеп, енді бірі – ұлттық салт-дәстүрді дәріптеп, жиналған қауымға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Тәрбиелік мәні зор болып өткен іс-шараны кент өнерпаздары концерттік бағдарламамен айшықтады.
Әрбір нәзік жанның басты мақсаты – ол ана бақытын иелену. «Тектіден текті туады...», – демекші, Шолпан Сапабекқызы үкілеп өсірген ұрпағының бақытына, туған халқының құрмет шуағына шомылған ардақты жан. Өмір құрсақтың әлди үнін әуелеткен, жер бетіндегі тіршіліктің өзегін келешекке жалғаған, өсер ұрпағына құндақтағы шағынан ізгіліктің дәнін еккен – Ана адамзат баласы үшін қадірлі де құрметті десек, артық айтқандық емес.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ
20 мамыр 2023 ж. 221 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№30 (10295)

16 сәуір 2024 ж.

№29 (10294)

13 сәуір 2024 ж.

№28 (10293)

09 сәуір 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930