Табиғат — ортақ үй
qarmaqshy-tany.kz КСРО Батыры Тәйімбет Көмекбаев атындағы №250 мектеплицейінде «Жасыл мектеп» жобасының экобілім беруді және табиғатқа жанашырлық танытуды дамытуға арналған «Өскелең ұрпақты өнер мен ғылымға баулу арқылы жеке тұлға қалыптастыру» тақырыбында аудандық семинар өтті.
Мектеп шәкірттерін қоршаған ортаны қорғау, салауатты өмір салтын қалыптастыру, экологиялық еңбекке үйрету және оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытуды жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылған іс-шарада мектеп-лицей директоры Гүлжаһан Мұнарбаева қонақтарды мектеп оқушыларының күтіп, баптап отырған жылыжайымен, гидропоника әдісімен топырақсыз өскен өсімдіктерді, эстетикалық және экологиялық таза мектеп ортасын құруда жасаған зерттеу жұмыстарымен таныстырды.
Сонымен қатар, семинарға қатысушылар оқушылардың жылыжай өнімінен ірімшік, қош иісті сабындар, қалдық заттарды қайта өндеген қолөнер жұмыстарына назар аударды. Жоба жұмысын жүргізуші оқушылар мен жетекшілер шараға қатысушыларға мектеп жылыжайын одан әрі дамытып, оның өнімдерін кеңейту туралы жоспарларымен бөлісті.
Семинарда қонақтарға арнап оқушылардың рухани өрісін сыртқы табиғаттың таңғажайып құбылысымен байланыстыратын театрландырылған қойылым көрсетілді. Атап айтқанда, оқушылар «Жыл басына таласқан хайуанаттар» атты ертегі мен «Табиғатты аялау – адамзаттың борышы» атты сахналық қойылымда ерекше ролдерді сомдап, семинарға қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Семинарда аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков, еңбек ардагері Қаршыға Есдәулетов, «Аңсаған» мүмкіндігі шектеулі балалар қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бақыткүл Райымбаева, аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Ғарышбек Нысанбаев, «Халық» банкінің аудандық бөлімшесінің басшысы Нұрбол Үсенов, аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Шырын Наукебаевалар сөз сөйлеп, жылы лебіздерін білдірді. Оқушылардың жемісті еңбектеріне сәттілік тілеп, баталарын берді.
Нұрбай ӘБІЛАХАТҰЛЫ