Қармақшыда Наурыз мейрамы кең көлемде аталып өтілуде
qarmaqshy-tany.kz Бүгін аудан әкімі Жандос Еркінбек Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамын мерекелеу аясында өткізіліп жатқан іс-шараларға қатысты.
Аудан басшысы алдымен «Қармақшы ата» мешітінде өткен «Наурыз шапағаты» атты қайырымдылық акциясына қатысып, ауданда әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасыларды қолдау шаралары жүйелі түрде іске асырылатын жеткізді. Қайырымдылық акциясы аясында тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік себеттері арнайы автокөлікпен таратылды.
Одан соң, аудан басшысы Ерназар Сексенбаев көшесінің бойында ұйымдастырылған әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің жәрмеңкесіне барды. Молшылық мерекесінде азық-түлік өнімдері нарықтағы бағадан 10-15 пайызға арзан бағада сатылды.
Мерекелік іс-шаралардың легі әрі қарай Жосалы кенті кіреберісіндегі «Қобыз» монументінде «Ағаш отырғызу» акциясымен жалғасты.
Мерекелік іс-шараға аудан басшысы мен бірге ардагерлер, әжелер ансамблі, әйел-аналар кеңесі, үкіметтік емес ұйым өкілдері және қоғам белсенділері мен жастар қатысты.
Айтулы іс-шарада аудан әкімі жиналған жұртшылық Наурыз мейрамымен құттықтап, Наурыз келгенде бұлақтың көзін ашып, ағаш отырғызу ежелден келе жатқан ата-салтымыз және бүгінгі жастарға көрсетер үлгі-өнегеміз екендігін жеткізді. Сондай-ақ, барша тұрғындарды ауданның санитарлық-тазалығын жақсартуға үлес қосуға шақырды.
Сонымен қатар, мерекелік іс-шара барысында аудан өнерпаздары ән-жырдан шашу-шашып, жиналған жұртшылыққа мерекелік көңіл күй сыйласа, аудан ардагерлері батасын беріп, өз құттықтауларын жеткізді.