» » 2,5 пайыздық несие кімге бұйырады?

2,5 пайыздық несие кімге бұйырады?

Несін жасырамыз, елімізде жастар арасында жұмыссыздық өткір мәселеге айналды. Экономикалық дағдарыс кезінде олар халықтың осал тобына қосылады, яғни, ең бірінші жастарға әсер етеді. Сондықтан қоғамның қозғаушы күшін бірінші кезекте жұмыспен қамту мәселесі Президенттің де назарында. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі Қоғам» атты Жолдауында жастарды қолдаудың нақты шараларын көрсетіп, тиісті министрліктерге тапсырма берген болатын.
Биылдан бастап 100 мың жасқа  жұмыс тауып, оларды еңбекке араластыру шаралары жүзеге асырылу керек. Кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсетіліп, жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие берілмек. Ережеге сәйкес, бағдарламаға 21-35 жас аралығындағы жастар қатыса алады.  Президент пәрмен берген бұл іс өңірлерде қалай жүзеге асуда? Биыл қанша жас кәсіпкер атанып, шаруасын дөңгелетер екен?
Бұл бойынша өңірде жасалып жатқан істер жайлы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Жанар Дәулетбаевадан білген едік.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі биылдан бастап «Кәсіпкерлік бастамашылыққа жәрдемдесу жөніндегі шараларды ұйымдастыру және қаржыландыру» қағидасын бекітті. Оның негізгі талабы бойынша 21-35 жас аралығындағылар қатыса алады. Жеке кәсіпкердің  кәсіпкерлігінің тіркелген уақыты 5 жылға дейін болуы тиіс. Облысымыздың жас тұрғындары несие алу үшін тиісті құжаттарын несиелендірудің сенімді өкілі ретінде танылған «Аграрлық несие корпорациясына» тапсырады. Ал негізгі шарттарына тоқталар болсақ, микрокредит мерзімі 5, мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін 7 жылға дейін беріледі. Оның ең жоғары сомасы 5 миллион теңгеге дейін бекітілген. Номиналды сыйақы мөлшерлемесі жылдық 2,5 пайыздан аспайды. Бірақ кепілмен қамтамасыз етілу керек. Негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдік кезеңі микрокредит беру мерзімі ұзақтығының үштен бірінен аспайды. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес сенім білдірілген өкілге (агентке) микрокредит алу үшін жүгінген сәтте дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркелу мерзімі бес жылдан аз кәсіпкерлер болу керек, – деді ол.
Құжаттарды тексеру уақыты өтінім түскен күннен бастап 3 жұмыс күнін құрайды. Қажетті қағаздары сәйкес келмеген жағдайда себептері көрсетіліп, кері қайтарылады. Ал барлық құжат ережеге сәйкес болса, 15 күн ішінде бағалау жүргізіліп, тиісті жұмыстар біткеннен кейін 3 жұмыс күні ішінде бизнес жобаларды іріктеу жөніндегі комиссияның қарауына жолдайды.
Әдетте, қандай да бір несие алу үшін ең бірінші қажетті құжат жинай бастайсың.  Ол үшін де уақыт керек. Ал бұл жоба бойынша қажетті құжаттар саны едәуір азайтылыпты. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ облыс бойынша филиалының директоры Маханбет Тұрмаханов құжат жинау барысы жайлы айтқан еді.
–       Құжаттар тізімі жеңілдетілген, небәрі 12. Оның көбісі кәсіпкерлердің қолында  бар, кәсібін бастағаны жөніндегі талон. Біздің сайтқа кірсе, толтыратын құжаттардың үлгілері көрсетілген,– деді.
Мамандардың айтуынша құжат жинау барысында жастар қиындықтарға кезігуі мүмкін. Процедура 1,5 айға дейін созылатынын да еске салады. Сондықтан жастар шыдамдылық, мақсатына жету жолында қажыр танытқаны жөн. Айта кетейік, биылға 257  жасқа 1285 млн теңге қаралуда. Демек, осынша жас жұмыспен қамтылып, өңірдің кәсіпкерлік саласын жандандыруға үлес қосады деген сөз.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»
14 наурыз 2023 ж. 455 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

№89 (10354)

09 қараша 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 159

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930