Көлік жылдамдығы жоғары болған сайын, айыппұл сомасы да артады
Көлік жылдамдығын белгіленген межеден бірнеше есе арттырғандарға салынатын айыппұл сомасы өседі. Бұл туралы Әділет министрлігі ашық талқыға шығарған «ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында жазылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Көлік құралы қозғалысының белгіленген жылдамдығын (60 км/сағ) қосымша 40-80 километрге арттыру 20 айлық есептік көрсеткіш (69 000 теңге) мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Ал белгіленген жылдамдықтан 80 және одан астам шамаға арттыру 40 АЕК (138 000 теңге) мөлшерінде айыппұлмен жазаланады. Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін 1 жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекеттер үшін 60 АЕК (207 000 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады», - деп көрсетілген жаңа редакцияда.
Әділет минстрлігі жариялаған түсіндірме құжатта соңғыекі айда елордада жоғары жылдамдықпен жүйіткіген көліктердің жиілегені жазылған.
«Жылдамдықты арттыру – жол-көлік оқиғаларының негізгі себебі. Сонымен қатар рұқсат етілген жылдамдық бірнеше есе асатын фактілер жиі кездеседі. Мысалы, тек соңғы екі айда Астана қаласында камералар 160 км/сағ жылдамдықпен жүрген – 14, 180 км/сағ жылдамдықпен жүрген 4 фактіні тіркеді. Осыған байланысты рұқсат етілген жылдамдықты едәуір асырған тұлғаларға жауапкершілікті қарастыру ұсынылады. Сондай-ақ мұндай әрекеттер қасақана жасалатынын қоса кету керек», - деп түсіндірме берілген құжатқа.
Айта кетейік, қолданыстағы заңға сай, сағатына 100 км және одан жоғары жылдамдықпен тіркелген көлік жүргізушілерінің барлығына 20 АЕК (69 000 теңге) айыппұл салынады. Ал ұсынылып отырған редакцияда жылдамдық жоғары болған сайын, салынатын айппұл сомасы да өсетіні көрсетілген.
Құжат 13 наурызға дейін көпшілік талқылауда болады.