Сыр өңірінде 4 миллионнан астам кітап қоры бар
qarmaqshy-tany.kz Бүгінде өңірде 209 кітапхана бар болса, оның 165-і ауылдық елдімекендерде шоғырланған. Ал облыс бойынша барлығы 4 млн 522 мыңнан астам кітап қоры бар. 14 ақпан – Халықаралық кітап сыйлау күніне орай Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Ә.Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының директоры Нұрлыбек Мыңжас кітап қорын жасақтау бағытында атқарылған жұмыстарды баяндады.
- Кітап – алтын қазына, білім бұлағы, жан азығы. Бүгінгі кітап сыйлау мерекесі 2012 жылдан бері халықаралық дәрежеде тойланып келеді. Қаламыздағы Ә.Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап ғылыми кітапханамызда 42 мыңнан астам кітап қоры бар. Ондағы кітаптардың басым көпшілігі жаңартылған және электронды форматта оқуға ыңғайланып жасақталды. Қазіргі таңда халық арасында кітапқа деген көзқарас өзгеріп, ерекше кітапты оқуға құмартқан жастар артып келеді. Осыған орай, біз жастарды кітап оқуға тарту мақсатында орталық алаңда «Адалдық кітапханасын» ұйымдастырудамыз. Бұл игі шараның негізгі мақсаты – оқырмандарды бір-бірімен жолықтыру және өздерінің кітаптарымен өзара алмасу болып табылады. Бұл бағыттағы іс-шараларды әрі қарай жалғастыра береміз, - деді Нұрлыбек Кәрібозұлы.
Брифинг барысында «Кітап құрттары» клубының жетекшісі Талғат Меңдібаев аталмыш ұйымның 4 жыл ішіндегі ауқымды жұмыстарын баяндап өтті.
-Бүгінде «Кітап құрттары» атты клубымыз авторлық құқыққа ие болды. Бұл клуб мүшелерінің үздіксіз жұмысының арқасы деп білемін. Біздің клуб екі жыл бойы «Кітап сыйла» акциясын ұйымдастырып келеді. Осы уақыт ішінде оқырмандарға 3 мыңнан аса кітап сыйладық. Бұдан бөлек, интеллектуалды ойындарды қолға алып, мектеп оқушыларын кітап оқуға тарту мақсатында бағалы сыйлықтар беруді қарастырудамыз. Кітап оқысаң заманауи мықты тұлғасың. Бұл идеяны жастардың бойына сіңіргіміз келеді, - деді «Кітап құрттары» клубының жетекшісі Талғат Амангелдіұлы.
@Өңірлік коммуникациялар қызметі