2023 жылы декреттік әлеуметтік көмек мөлшері өзгереді
Kyzylorda-news.kz. 2023 жылдан бастап бала күтіміне берілетін жәрдемақы бір жастан бір жарым жасқа дейін ұлғайтылады. 2022 жылы дүниеге келген балалардың жәрдемақысы автоматты түрде алты айға созылады. Stan.kz 2023 жылдан бастап декреттегі әйелдердің алатын жәрдемақы мөлшерін ұсынды.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2020 жылы елімізде 400 мыңнан аса бала дүниеге келген. 2021 жылы жаңа туған нәрестелер саны рекордты жаңартып, бірден 446,5 мың балаға жетті. Алайда 2022 жылдың қаңтар-тамыз айларында дүниеге келген бүлдіршіндер саны 260 мыңнан асты. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 11%-ға аз.
Декреттік демалыстағы әйелдерге қарастырылған жәрдемақылар
Аналарға негізінен екі түрлі жәрдемақы қарастырылған. Бірі – бала туғанда берілетін бір реттік жәрдемақы, ал екіншісі – бала бір жарым жасқа келгенше төленетін әлеуметтік төлем.
Ал егер әйел осы уақытқа дейін жұмыс істеген болса, біржолғы декреттік төлем алуға құқылы. Ол жүктілік пен бала босануына байланысты табысынан айырылғаны үшін беріледі.
Бала туғанда берілетін бір реттік жәрдемақы
Бірінші, екінші және үшінші балаға – 38 АЕК, яғни 131 100 теңге;
Төртінші және одан кейінгілерге – 63 АЕК немесе 217 350 теңге.
Егер дүниеге егіз немесе үшем келсе, жәрдемақы әр сәбиге бөлек төленеді.
Бала күтіміне берілетін жәрдемақылар
Мемлекет президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі Жолдауында декреттегі аналардың жәрдемақы алу мерзімін ұзартуды тапсырған еді. Соған сәйкес, бала күтіміне берілетін жәрдемақы бір жастан бір жарым жасқа дейін ұлғайтылды. 2022 жылы дүниеге келген балалардың жәрдемақысы автоматты түрде алты айға созылады.
Бала күтіміне берілетін жәрдемақы мөлшері:
бірінші бала үшін – 5,76 АЕК немесе 19 872 теңге;
екінші бала үшін – 6,81 АЕК, яғни 23 495 теңге;
үшінші балаға – 7,85 АЕК немесе 27 083 теңге;
төртінші және одан кейінгі балаларға – 8,9 АЕК немесе 30 705 теңге.
Бала босанғанға дейін жұмыс істеген әйелдердің алатын жәрдемақысы бөлек есептеледі. Ол соңғы екі жылдағы табысына байланысты болады. Оны білу үшін екі жылда жинаған жалпы табысын 24-ке бөліп, орташа жалақысын 0,4-ке көбейту керек. Шыққан мөлшерден 10% зейнетақы жарнасын алып тастаймыз.
(Екі жылда жинаған табыс/24) *0,4 – 10%
Егер әйел осыған дейін орташа есепппен 200 000 теңге жалақы алса, онда оны 0,4-ке көбейтеміз. 200 000*0,4= 80 000 теңге. Одан 10% зейнетақы жарнасы алынады, демек 8 000 теңге. Сонда екі жыл 200 000 теңге айлық тапқан әйел бала күтіміне 72 000 теңге алады.
Ал мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-анаға 56 794 теңге төленеді.
Декреттік төлем қалай есептеледі?
Декреттік төлемдердің мөлшерін egov.kz-тегі формула арқылы есептеуге болады. Ол үшін әйелдің орташа айлық табысы 7 ЕТЖМ-нен (ең төменгі жалақы мөлшері) асатын-аспайтынын анықтап алу керек. 2023 жылы ең төменгі жалақы мөлшері 70 000 теңгеге жетті. Демек оның жалақысы 490 мың теңгеге дейін болса, айлық табысын еңбекке жарамсыз болған күндерінің коэффициентіне көбейтіп, 10% зейнетақы аударымын шегеру қажет.
Еңбекке жарамсыздық коэффициентін анықтау үшін декреттік демалыс күндерін 30-ға бөледі. Егер әйел 126 күнге декреттік демалыс алса, онда коэффициент 4,2-ге тең. Мысалы, әйел айына 250 000 теңге жалақы алған.
250 000*4,2 = 1 050 000 теңге
Осы сомадан зейнетақы жарнасына 10%, яғни 105 000 теңге алынады. Сонда декреттегі әйелдің шотына 945 000 теңге түседі. Оның формуласы мынадай: Орташа айлық табыс*(декреттік демалыс күні/30) - 10%
Егер әйелдің орташа айлық табысы 490 мың теңгеден асса, онда тек жеті ең төменгі жалақы ғана есепке алынады.
2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап максималды декреттік төлем 1 852 200 теңге болады.
Декреттік демалысты тағайындау
Жүктілік және босану бойынша демалыс (декреттік демалыс) ҚР еңбек кодексіне сәйкес рәсімделеді. Жүктіліктің алғашқы апталарынан бастап болашақ аналар әйелдер консультациясында есепке алынады, онда оларды дәрігер бақылайды.
Декреттік демалыс пен әлеуметтік төлемдер алу үшін жүктілік және босану бойынша аурухана парағы болуы тиіс. Оны акушер-гинеколог немесе дәрігер мен бөлімше меңгерушісі береді. Содан кейін ол парақта жазылған мерзімді көрсетіп, жұмыста өтініш жазады. Өтініш пен аурухана парағының көшірмесі негізінде декреттік демалыс туралы бұйрық шығады.
Декреттік демалыс жүктіліктің 30 аптасынан бастап тағайындалады, тек ядролық сынақтарға ұшыраған аумақтардың тұрғындары үшін - 27 аптадан бастап.
Декреттік демалыс 126 күнге созылады: босанғанға дейін 70 күнтізбелік күн және босанғаннан кейін 56 күнтізбелік күн. Алайда босану барысында асқынулар байқалса, декреттік демалыс уақытын ұзартуға болады.
Әлеуметтік төлемдерді тағайындауға қажет құжаттар
Бала күтімі бойынша берілетін жәрдемақыны алу үшін туу туралы куәлікте көрсетілген туған күнінен 12 айдан кешіктірмей құжаттарды халыққа қызмет көрсету орталығына тапсыру керек.
Құжаттар тізімі:
• өтініш;
• жеке басын куәландыратын құжат;
• баланың туу туралы куәлігі не туу туралы актілік жазбадан үзінді;
• банк шотының нөмірі.
Оны онлайн режимінде egov.kz арқылы да беруге болады, ол үшін Басты – Азаматтарға – Отбасы – Қамқоршылық – Қолдау алгоритмін қолдану керек.
Егер баланы асырап алса, онда қосымша қорғаншылық немесе қамқоршылық органы берген сот шешімінен үзінді көшірме қажет. Баланы асырап алғанын растайтын құжат қажет. Егер құжаттарды үшінші тұлға тапсырса, нотариалды куәландырылған сенімхат талап етіледі.
Біржолғы декреттік төлемдерді алуға қажет құжаттар
• өтініш;
• жеке басын куәландыратын құжат;
• жүктілік және босану бойынша уақытша еңбекке жарамсыздық парағы;
• банк шотының нөмірі.
Жеке кәсіппен айналысатындар жеке кәсібінің мемлекеттік тіркеу туралы құжат пен салық төлеушінің дербес шотынан есеп айырысулардың жай-күйі туралы үзінді көшірме әкелуі тиіс.