Аналарға жаңа мәртебе беріледі
qarmaqshy-tany.kz Ананың мойнына жүктелген ауыр жүк – ана болу, ал көп баланың анасы болу нағыз ерлікпен пара-пар. Көпбалалы ана болу оңай емес. Себебі қазіргі уақытта шиеттей бала-шағаны асырап, бағу үлкен жұмыс. Әрине, қазақ «бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» дегенді санаға сіңіріп өскен халық қой. Әйтсе де оларды қатарынан кем қылмай өсіріп, сапалы білім беріп, аяқтан тік тұрып кетуіне жағдай жасау да ата-анаға жүктеледі.
Елімізде 2023 жылдан бастап көпбалалы аналарға қатысты жаңа мәртебе енгізіледі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегі бойынша алты не одан да көп бала дүниеге әкелген әйелдерге «Марапатталған аналар» мәртебесі берілмек. Мұндай мәртебесі бар аналардың мемлекеттік жәрдемақы алуына мүмкіндік болады.
Қазір алты бала босанып, тәрбиелеген аналар «Күміс алқа», ал жеті бала дүниеге әкелген аналар «Алтын алқа» иеленеді. Бірақ берілетін жәрдемақы көлемінде айырмашылық жоқ, яғни бәріне бірдей үлестіріледі. Енді бұл тәртіп өзгертілетін болады. Жауапты ведомство әділеттілік орнату үшін мемлекеттік жәрдемақы мөлшерін саралауды қолға алды. Сонымен «Алтын алқа» не «Батыр ана» атағын алған келіншектердің жәрдемақысы бір айлық есептік көрсеткішке көтерілген. Осылайша «Алтын алқа» алқасымен марапатталғандарға немесе бұрын «Батыр ана» атағын алғандарға, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендері тапсырылғандарға берілетін жәрдемақы мөлшері 6,4 АЕК-тен 7,4 АЕК мөлшеріне дейін өседі. Демек, төлем 19 603 теңгеден 22 666 теңгеге өсті. Сондай-ақ «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларының иелеріне «Марапатталған аналар» жаңа мәртебесі беріледі.
Еске сала кетсек, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында, елімізде балалы отбасыларды әлеуметтік қолдауды күшейту тұрғысында кешенді шаралар әзірленді. Мәселен, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап, бала күтімі бойынша төлем мерзімі бір жылдан бір жарым жылға дейін ұзартылды. Оның үстіне бұл шара жұмыс істейтін анаға да, жұмыс істемейтіндерге де әсер етеді. Бұдан бөлек келесі жылдан бастап, елімізде бір жастан алты жасқа дейінгі балаларға арналған кепілдік берілген әлеуметтік пакетті монетизациялау енгізіледі. Бұл шара атаулы әлеуметтік көмек алатын 190 мыңдай балаға қатысты болмақ. Монетизация ата-аналарға баланың жеке қажеттіліктерін ескере отырып, өнімдерді өз бетінше сатып алуға мүмкіндік береді. Балалы отбасыларды мемлекеттік қолдаудың бұл түрлері Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінің жобасына қазірдің өзінде енгізілген. Бұл құжат мемлекеттік әлеуметтік саясаттың ортақ іргелі қағидаттары мен бағыттарын айқындайтын болады. Кодекс азаматтардың өмір бойы оларға кепілдік берілген әлеуметтік құқықтары туралы ақпараттың бірыңғай көзіне айналады. 2022 жылдың басынан бері орта есеппен 496,9 мың отбасы жалпы сомасы 283,7 млрд теңгеге көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақымен қамтылды. Бірге тұратын төрт және одан да көп кәмелетке толмаған немесе күндізгі бөлімде оқитын 23 жасқа толмаған студент балалары бар отбасылар, табы- сына қарамастан, көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақыға иек арта алады. Төлемдердің мөлшері балалардың санына байланысты сараланады. Биыл бұл көрсеткіш 50 975 теңгеден бастап (4 бала), 63 727 теңгеден бастап (5 бала), 76 479 теңгеден бастап (6 бала), 89 231 теңгеден бастап (7 бала), 8 баламен және одан көп – 4 айлық есептік көрсеткіш немесе әр балаға 12 720 теңгені құрады.
Түйін Көпбалалы отбасы – береке мен бірліктің үйлескен жері. Тарихта есімі елге танылған тұлғалардың көбі көпбалалы отбасында дүниеге келген. Ал қазір көпбалалы отбасын көрсек, таңдай қағып, таңқалып жатамыз. Көпшіліктің көкейінде оның бәрін қалай асырайды деген сауал туындайды. Артынша «Әр баланың өз несібесі бар» деп жатамыз. Енді көпбалалы аналардың да мәртебесі өсіп, көңілі бірленетін болды.
Ақнұр САҒЫНТАЙ