Аймақ басшысы аудан тұрғындарын қабылдады
qarmaqshy-tany.kz Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығы аясында бейсенбіде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев құқық қорғау органдарының бірінші басшыларымен бірге аудан тұрғындарына жеке қабылдау өткізді. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатына сай өткен әрбір жеке қабылдауға аудан орталығынан бөлек, ауыл-ауылдан келіп, тұрғындар өз мәселесін жеткізді.
Аудандық мәдениет үйінде өткен жеке қабылдауға облыстық сот төрағасы Әділхады Шығамбаев, облыс прокуроры Нұрлан Бижанов, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша департаментінің бастығы Болат Қалмырзаев, облыстық полиция департаментінің бастығы Мұхтар Қожабаев, облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Бақыт Қайшыбеков келді. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті басшысының міндетін атқарушы Серікжан Мырзалы және мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ғани Аманов қатысты.
Қабылдауға барлығы 77 азамат өз мәселесін жеткізуге келді. Оның ішінде облыс әкіміне 26 тұрғын сауалын жолдап, өтінішін білдірді. Жеке қабылдауға келген азаматтар әлеуметтік көмек көрсететін ғимараттарға жөндеу жұмыстарын жүргізу, жайылымдық алқапты суару, тұрғын үй алу, денсаулық жағдайына байланысты медициналық көмек алу мәселелерін сұрады.
Мысалы, зейнет жасындағы азамат, Жосалы кентінің тұрғыны облыс орталығына қатынайтын қоғамдық көлік мәселесін көтерсе, тағы бір азаматша ІІ топ мүгедектігі бар студент баласына тұрғын үй берілуін сұрайды.
– Хабарландыруды естіп, аймақ басшысына өз мәселемді жеткізейін деп келдім. Ауданнан Қызылорда қаласына қатынайтын такси қызметіне жеткілікті деңгейде көңіл бөлінсе деген ұсынысымды айттым. Облыс әкімі тыңдап, мәселемнің шешімі бар екенін жеткізді, – деді тұрғын Қуанышбек Төреев.
– Облыс әкімінің біздің ауданда қабылдау өткізетінін алдын ала білген соң, ІІ топ мүгедектігі бар студент балама баспана сұрай келдім. Әрине, бір сәтте шешімін таппаса да, мәселемді мұқият тыңдап, шешілу жағын қарастыруды тапсырғаны үшін аналық алғысымды білдіремін, – деді Бақыт Төребаева.
Аймақ басшысы әрбір мәселені сала мамандарымен бірге мұқият зерделеп, заңдылығына қарай шешім қабылданатынын жеткізді және жауапты басқарма басшыларына нақты тапсырма берді. Құқық қорғау органдарының басшыларына 51 азамат өз мәселесін жеткізіп, заң аясында тиісті түсіндірме алды.
– Бұрын мәселемізді айту үшін аудан орталығына, облысқа баруға тура келетін. Басшылардың өздері бізге келіп, мәселемізді тыңдауы қуантты. Департамент басшысы Бақыт Қайшыбековке бірқатар сұрақтарым бар еді. Шынын айтқанда, сауалыма сол сәтте нақты жауап алғаныма қуанамын, – деді Жұпаргүл Бердібаева.
Сондай-ақ, сапар барысында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Президент Жарлығы аясында тұрғындармен кездесіп, сұрақтарына жауап берді.
– Мемлекет басшысының Жарлығына сай өздеріңізбен тағы да ашық жүздесіп отырмыз. Жеке қабылдауда аудан тұрғындары құқық қорғау органдарының басшыларымен кездесіп, көкейдегі сауалдарына біраз шешім тапты деп ойлаймын. Алда әлі тағы кездесетін боламыз. Жалпы елде жағдай жаман емес. Өңірде алға ілгерілеушілік бар. Келесі жылы да біраз жаңа жобалар жүзеге аспақ. Соған сай бюджетімізді жақсы бекітіп жатырмыз. Халықтың ойында жүрген көп мәселе кезеңімен шешімін табатын болады. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өңірімізге үлкен қолдау жасап жатыр. Мәселен, жылдың басында су тапшы болады деген күдік болған еді. Оны да Мемлекет басшысының және үкіметтің қолдауымен жеңдік. Биыл Сыр елі белгіленген күріштің гектарынан межеден асырып өнім алды. Ала жаздайғы елдің еңбегі қайтып, осы аудандағы шаруашылықтардың бірі үздік атанды, – деді аймақ басшысы.
Еске салу керек, Нұрлыбек Нәлібаев аймаққа басшы болып келген сәттен бері 24 рет қабылдау өткізіп, 400-ге жуық азаматтың мәселесін саралады.
Ерсін СӘДУҰЛЫ