Жобада жеңімпаз атанды
Білім әрбір елдің мерейін үстем ететін, жастардың дарынын биікте шыңдайтын бірден-бір құндылық. Білім бар жерде табыс пен жетістік бар. Алға қарай даму мен ілгерілеу бар.
Жақында ауданымыздың білім саласында айтарлықтай жақсы жаңалық орын алды. Жосалы кентіндегі білім мен тәрбие ошағының бірі саналатын А.Жанпейісов атындағы No105 мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Айбол Алтаев Қызылордада өткен «Ұлы өнертапқыштыққа алғашқы қадам» тақырыбындағы инновациялық идеялар байқауына қатысып, жүлделі І орынды жеңіп әкелді. Байқаудың республикалық кезеңіне жолдама алған Айболдың жетекшісі информатика пәнінің мұғалімі Нұржан Төлеков шәкіртінің жетістігін сөзбен айтып жеткізе алар емес.
– Отбасында тәрбиеленіп отырған 2 баланың кішісі Айбол сыныптастарының арасында, мектептен тыс жерде де елгезек, жаңалыққа жаны құмар, адамгершілігі мол, ешқашан шаршауды білмейтін жасөспірім. Өзіне берілген тапсырманы тыңғылықты орындайды, – дейді ол қуанышын жасырмай.
«2017 жылы No105 мектеп-лицейін бітірген Айболдың ағасы Азамат та білімі мен өзінің талпынысының арқасында Ресей Федерациясының Санкт-Петербург қаласындағы Өндірістік технология және дизайн мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, қазіргі таңда магистратурада білімін жетілдіріп жүр» дейді сөзін жалғай келе.
Шығармашылық ізденісте тек қана жеңіске жетуді көздейтін мектеп оқушысының басқа да жетістіктері жетерлік-ақ. Атап айтсақ, «Менің кіші Отанымның болашағы» тақырыбында облыстық олимпиадада ІІ орын алса, «Innofest Qyzylorda» облыстық инновациялық жобалар фестиваліне қатысып, белсенділік танытқан.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Балалар жылы» деп жариялағаны баршаға белгілі. Соған сай елімізде талай жас талабын ұштайтын инновациялық сайыстар, білім бәйгелері ұйымдастырылуда. Осындай өнер бәйгесінің бірінде басты орын алып, шеберлігін шыңдай түскен Айбол Алтаевтай жас өрендеріміздің арқасында ғылымның биік шыңына шығарымыз анық.
С.РАЙЫМБАЕВА