Ортақ мәселелер шешімін таба бермек
Байқоңырда тұратын қазақстандықтардың ортақ мәселелері кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Жақында аймақ тұрғындарымен өткен халықпен кездесулерде де өзекті мәселелер қамтылды.
Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Байқоңырдағы азаматтарды алаңдатқан мәселелерді орнықты түрде шешу үшін орынбасарлары мен сала басшыларына кездесу өткізуді тапсырған болатын. Соған сай облыс әкімінің орынбасары – Қазақстан Республикасы Президентінің Байқоңыр кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай Байқоңыр қаласы, Төретам кенті және Ақай ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті.
Ерекшелігі сол жиын бұрынғыдай емес, толықтай қазақ тілінде өтті. Ал ресейлік тарапқа ілеспе аударма қызметі ұсынылды.
Кездесуге Байқоңыр қалалық әкімшілігінің Басшысы Константин Бусыгин және қала әкімшілігінің лауазымды тұлғалары, екі тараптан құқық қорғау органдарының басшылары, облыстық басқарма мен жергілікті мекеме басшылары қатысты.
Қайрат Ырзақұлұлы баяндамасында бүгінгі күнге дейін қазақстандық тараппен атқарылған жұмыстар мен алда жүзеге асырылатын жоспарларға, «Байқоңыр» кешені жөніндегі Қазақстан – Ресей үкіметаралық комиссиясының тапсырмаларының орындалуына тоқталды.
Жиында Ресей Федерациясына қарасты мекемелерде жұмыс істейтін тұрғындарға баспана беру мәселесі, азық-түлік бағасы, инфрақұрылым, Байқоңыр қалалық ауруханасының аумағына аялдама қою мәселесіне қатысты тұрғындар сауалына нақты жауап берілді.
Айрықша айту қажет, бүгінде Төретам және Ақай елді мекендерін газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Сондай-ақ коммуналдық қызмет тарифтері мәселесінің де оңтайлы шешімі бар. Ал Қазақстан тарапы құрылысын жүргізіп жатқан 50 пәтерлі 5 тұрғын үй байқоңырлықтарға табысталатын болады.
«Қт» ақпарат